Қоғам • 06 Сәуір, 2023

Сұйық отын сатуға шектеу енгізген стансаларға шара қолданылады

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жанар-жағармай бағасын өсіруге түрткі болған бірқатар себепті атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сұйық отын сатуға шектеу енгізген стансаларға шара қолданылады

Кәсіпкерлер жанармай болған кезде оны белгіленген баға бойынша уақытылы өткізуге міндетті. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары алдында жаңа заң жобасын таныстырған Энергетика министрі айтты. Бұл ретте Алмасадам Сәтқалиев жанар-жағармай бағасын өсіруге түрткі болған себептерге тоқтала кетті.

«Қазақстан қазірдің өзінде қоры таусылуға шақ қалған кен орындарынан мұнай алып жатыр. Тапшылықтың себебі де осы», деді министр.

Ол өз сөзінде қосымша ұңғымаларды бұрғылау үшін эксплуатациялық және базалық шығындар көп болатынын жеткізді.

«Мұнай бар, бірақ оны өңдеу кезінде пайда болған шығындарды сатылым бағасы жабуы тиіс. Біздегі ірі кен орындарына келетін болсақ, экспорт көлемін реттейтін халықаралық және өнім бөлінісі туралы келісімдер бар. Оларға қомақты қаржы, инвестиция құйылды. Енді оның нәтижесін күтіп отырмыз. Тарифтер мен басқа шығындарды қосқанда, өзіндік құн қалыптасатыны белгілі. Қазір сату құны өзіндік құннан төмен болғандықтан біз шығынға батып отырмыз», деді министр.