03 Шілде, 2014

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы №657

740 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
2013 жылғы 14 қараша, Астана қаласы Қазақстан Республикасының халқына паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру стандартын бекiту туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Кодексiнiң 7-бабының 1-тармағының 6-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы №1117 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәселелерi туралы ережесiнiң 16–тармағының 16) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса берiлiп отырған «Қазақстан Республикасының халқына паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру» стандарты бекiтiлсiн. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Медициналық көмектi ұйымдастыру департаментi (А.Ғ.Төлеғалиева): 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз етсiн; 2) осы бұйрықты мемлекеттiк тiркегеннен кейiн оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсiн. 3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Заң қызметi департаментi (Д.Е. Асайынова) осы бұйрықты мемлекеттiк тiркегеннен кейiн оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсiн. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрi Е.Ә. Байжүнiсовке жүктелсiн. 5. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi. Министр С. ҚАЙЫРБЕКОВА. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 14 қарашадағы №657 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқына паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру стандарты 1. Жалпы ережелер 1. Қазақстан Республикасының халқына паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру стандарты (бұдан әрi - Стандарт) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Кодексiнiң 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы №1117 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәселелерi туралы ережесiнiң 16-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзiрлендi. 2. Паллиативтiк көмектi жүзеге асыратын ұйым жазылмайтын, ауыр, өршiген аурулармен зардап шегетiн пациенттердiң өмiр сүру сапасын және жалпы жай-күйiн жақсартуға бағытталған iс-шараларды уақтылы жүргiзу мақсатында құрылады. 3. Осы Стандарт амбулаториялық-емханалық және стационарлық деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарында науқастарға паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгiлейдi. 4. Паллиативтiк көмек және мейiргерлiк күтiмге жататын халық санатының тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 26 қарашадағы №1938 қаулысымен бекiтiлген. 5. Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен халық санаты үшiн паллиативтiк көмек тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiне (бұдан әрi – ТМКК) кiредi, бюджет қаражаты есебiнен ұсынылады және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысымен бекiтiлген ТМККК тiзбесiне сәйкес барынша көп дәлелденген тиiмдiлiгi бар профилактикалық, диагностикалық және емдiк медициналық қызметтердi қамтиды. 6. Паллиативтiк көмектi ұсынуға мемлекеттiк және жеке меншiк нысандарының денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ тиiстi лицензиясы бар үкiметтiк емес ұйымдар қатысады. 7. Осы Стандартта пайдаланылатын терминдер мен түсiнiктер: 1) бiлiктi медициналық көмек – мамандандырылған диагностика, емдеу және медициналық оңалтуды талап етпейтiн аурулар кезiнде жоғары медициналық бiлiмi бар медицина қызметкерлерi көрсететiн медициналық көмек; 2) дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек – ауруларды профилактикалау мақсатында, сондай-ақ дәрiгердiң қатысуымен диагностиканы, емдеудi және медициналық оңалтуды пайдалануды талап етпейтiн аурулар кезiнде орта медициналық бiлiмi бар медицина қызметкерi көрсететiн медициналық көмек; 3) жақынан айырылу кезiнде қолдау көрсету (пациенттiң қайтыс болуы) – пациент қайтыс болғаннан кейiн ауыр қазасын бастан өткеру сәтiнде отбасына қолдау көрсету; 4) көп бейiндi мамандар тобы (бұдан әрi - КБМТ) – өзiнiң құрамында медицина және әлеуметтiк қызметкерлердi, ал қажет болған жағдайда паллиативтiк көмек көрсету бойынша арнайы даярлығы бар басқа мамандарды қамтитын паллиативтiк көмек көрсету жөнiндегi топ; 5) паллиативтiк көмек – медициналық және әлеуметтiк қызметтiң бағыты, оның мақсаты денсаулық сақтау ұйымы берген медициналық қорытындымен расталған терминалдық сатыдағы (соңғы) жазылмайтын аурумен ауыратын пациенттердiң өмiр сүру сапасын және жалпы жай-күйiн жасқарту болып табылады; 6) паллиативтiк көмек бөлiмшесi (палатасы) – аурудың терминалдық сатысындағы жазылмайтын науқасқа бiлiктi медициналық және психологиялық көмек көрсететiн көп бейiндi немесе мамандандырылған ауруханалардың құрамындағы бөлiмше; 7) пациенттiң биологиялық өлiмi (пациенттiң өлiмi) ол организмнiң өмiр сүру әрекетi тоқтады дегендi бiлдiредi, бұл жағдайда өмiр сүруге қажеттi барлық маңызды функциялар қайтырылмастай өшкен; 8) стационарды алмастыратын көмек – күнi бойы төрт сағаттан бастап сегiз сағатқа дейiн медициналық бақылау ұзақтығымен дәрiгерге дейiн және бiлiктi, мамандандырылған медициналық көмек беру нысаны; 9) стационарлық көмек – тәулiк бойы медициналық бақылаумен бiлiктi, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек беру нысаны; 10) ұтқыр бригадалар (бұдан әрi – ҰБ) – үйде паллиативтiк көмек және мейiргерлiк күтiм көрсету жөнiндегi бригада; 11) хоспис – жазылмайтын науқас пациенттерге және олардың туыстарына стационар деңгейiнде паллиативтiк көмек (медициналық, психологиялық әлеуметтiк және рухани) көрсететiн медициналық (медициналық-әлеуметтiк) ұйым. 12) фтизиатриядағы паллиативтiк көмек – бұл туберкулезбен ауыратын науқастардағы дене, психикалық, тәни және әлеуметтiк салдарын жеңiлдету мақсатында туберкулездiң жазылмайтын түрiмен және ТБ/АИТВ/ЖИТС ауыратын науқастарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне қатысты қабылданатын шаралардың кешенi. 2. Қызметтiң негiзгi бағыттары және паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру құрылымы 8. Паллиативтiк көмек көрсететiн ұйымдардың негiзгi мiндеттерi: 1) жазылмайтын, ауыр өршiген аурулармен зардап шегетiн науқастардың өмiр сүру сапасын жақсарту; 2) пациенттерге паллиативтiк көмектi ұсыну; 3) туыстарын үй жағдайында жазылмайтын науқастарды медицналық күту негiздерiне оқыту. 9. Паллиативтiк көмек мемлекеттiк және жеке меншiк нысанындағы көп бейiндi медициналық ұйымдар құрамындағы мамандандырылған медициналық ұйымдарда не мамандандырылған бөлiмшелерде көрсетiледi. 10. Паллиативтiк көмектi көрсететiн ұйымдарға: хоспистер; көп бейiндi немесе мамандандырылған ауруханалар (ересектер, балалар) құрамындағы паллиативтiк көмек бөлiмшелерi (палаталар); үйдегi стационарлар жатады. 11. Паллиативтiк көмек ұйымдары аудандық және облыстық орталықтарда, республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылады. 12. Паллиативтiк көмек декомпенсация сатысындағы созылмалы өршiген аурулармен ауыратын жазылмайтын науқастарға, онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға, аурудың терминалдық (соңғы) сатысындағы Жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромымен (бұдан әрi – ЖИТС) және туберкулезбен ауыратан науқастарға дәрiгердiң басшылығымен медициналық ұйымдардың мамандандырылған құрылымдық бөлiмшелерiнде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистерде) немесе үйдегi стационар нысанда көрсетiледi. 13. Жоғарыда көрсетiлген науқастар санатына паллиативтiк көмек өзiне: 1) дәрiгерге дейiнгi көмектi; 2) бiлiктi медициналық көмектi қамтиды. 14. Паллиативтiк көмек көрсетуге арналған төсектермен қамтамасыз ету 400 000 адамға шаққанда 30 төсек есебiнен көзделедi. 15. Паллиативтiк көмек көрсететiн ұйымның штаты «Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгiлiк штаттары мен штаттық нормативтерiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2010 жылғы 7 сәуiрдегi №238 бұйрығымен бекiтiлген денсаулық сақтау ұйымдарының үлгiлiк штаттары мен штаттық нормативтерге сәйкес белгiленедi (Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде № 6173 болып тiркелдi). 16. ТМККК шеңберiнде медициналық ұйымдарда паллиативтiк көмек көрсету денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен клиникалық хаттамаларға сәйкес жүзеге асырылады. 17. Бiлiктi медициналық көмек түрiндегi паллиативтiк көмектi мамандандырылған немесе көп бейiндi аурухалар жанындағы хосписте немесе паллиативтiк көмек бөлiмшесiнде (палатада) медициналық көмек көрсету процесiн үйлестiруге жауапты дәрiгер ұсынады. 18. Паллиативтiк көмек көрсетуге мұқтаж науқастарды емдеуге жатқызу үшiн айғақтар «Паллиативтiк көмек және мейiрбике күтiмiн көрсету қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 15 қарашадағы № 1343 қаулысының тармақтарына сәйкес айқындалады. 19. Паллиативтiк көмек көрсету үшiн науқастарды стационарға емдеуге жатқызу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2010 жылғы 3 шiлдедегi № 492 бұйрығымен бекiтiлген (Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6380 болып тiркелген) ТМККК шеңберiнде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жүзеге асырылады. 20. Дәрiгердiң мiндетiне: қабылдау, тексерiп-қарау, емдеу жоспарын құру, динамикадағы пациенттi емдеу және бақылау, шығару, пациентпен одан әрi байланысты үзбеу, пациенттi және (немесе) күтудi жүзеге асыратын заңды өкiлдi/адамды оқыту, «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрi мiндетiн атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы №907 бұйрығымен бекiтiлген (Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде №6697 болып тiркелдi) (бұдан әрi – денсаулық сақтау министрiнiң №907 бұйрығы) бастапқы медициналық құжаттаманы жүргiзу кiредi. 21. Дәрiгерге дейiнгi көмек түрiндегi паллиативтiк көмек мамандандырылған немесе көп бейiндi ауруханалар жанындағы хосписте немесе паллиативтiк көмек бөлiмшесiнде (палатада) мейiргерлер ұсынады. 22. Мейiргердiң мiндетiне: пациенттiң жай-күйiн бағалау, емдеу жоспарын орындау, емдеу жоспарын тұрақты бағалау және бейiндеу, пациентпен және (немесе) заңды өкiлiмен/адаммен қарым қатынас, кiшi медицина персоналын/ерiктiлердi бақылау, пациенттi/күтудi жүзеге асыратын отбасын/адамды оқыту, пациентке және отбасына (қайтыс болғанға дейiн және одан кейiн) көмек көрсету, Денсаулық сақтау министрiнiң №907 бұйрығымен бекiтiлген бастапқы медициналық құжаттаманы жүргiзу кiредi. 23. Паллиативтiк көмекке мұқтаж пациенттер «Қазақстан Республикасында бақылауға жасалуға тиiс есiрткiнi, психотроптық заттар мен прекурсорларды медициналық мақсаттарда пайдалану қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 30 наурыздағы № 396 қаулысына сәйкес (бұдан әрi – Үкiметтiң 2012 жылғы 30 наурыздағы № 396 қаулысы) ауырсынуды және зардап шегудi басатын дәрiлiк заттармен қамтамасыз етiледi. 24. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 30 наурыздағы №396 қаулысына сәйкес ауырсынуды басатын есiрткi дәрiлiк заттарын қамтамасыз етудi, сақтауды және тағайындауды медициналық бiлiмi бар және рұқсаты бар адамдар жүргiзедi. 25. Медициналық айғақтар болған жағдайда пациенттердi дұрыс емдеу үшiн ауырсынуды және басқа патологиялық симптомдарды тоқтатудың дәрi-дәрмектiк сонымен қатар дәрi-дәрмектiк әдiстерi пайдаланылады. 26. Медицина қызметкерлерi пациенттi/оның заңды өкiлдерiн дәрi-дәрмектiң атауын, тағайындау үшiн айғақтарды, дозасын, сақтау жағдайын, жанама әсерлер анықталған жағдайдағы әрекеттi, оларға шешiм қабылдау процесiнде қатысуға мүмкiндiк бере отырып осы препаратпен емдеудi жалғастыру шарттарын қоса алғанда жүргiзiлiп жатқан ем туралы хабардар етедi. 27. Паллиативтiк көмек көрсететiн медициналық ұйымдардың қызметкерлерi препараттарды қабылдау тәртiбi мен режимiн сақтау бойынша пациенттерге және (немесе) заңды өкiлдерiне консультация бередi. 28. Биологиялық өлiмдi, сондай-ақ пациенттердiң өмiрiне қолдау көрсету жөнiндегi жасанды шараларды тоқтату жағдайын анықтау «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасы Кодексiнiң 140-бабына сәйкес жүзеге асырылады. 29. Медицина қызметкерлерi пациенттiң биологиялық өлiм жағдайына ауысуын уақтылы тiркейдi және құжаттамалайды. 30. Пациенттерге паллиативтiк көмектi көрсету бойынша ҰБ және КБМТ жұмысын ұйымдастыру осы Стандартқа 1-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады. 31. Декомпенсация сатысындағы созылмалы өршiген аурулармен (бұдан әрi - СӨА) ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету осы Стандартқа 2-қосымшаға сәйкес ұйымдастырылады. 32. Балаларға паллиативтiк көмектi көрсету осы Стандартқа 3-қосымшаға сәйкес ұйымдастырылады. 33. Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету осы Стандартқа 4-қосымшаға сәйкес ұйымдастырылады. 34. Туберкулез ауруымен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету осы Стандартқа 5-қосымшаға сәйкес ұйымдастырылады. 35. ЖИТС-пен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету осы Стандартқа 6-қосымшаға сәйкес ұйымдастырылады. 3. Хосписте паллиативтiк көмек көрсетудi ұйымдастыру 36. Хоспис жеке теңгерiмi және қаржылық-шаруашылық қызмет көрсету қызметi бар дербес медициналық-әлеуметтiк ұйым болып табылады. 37. Құрылымы мен штаттық кестесiн денсаулық сақтаудың мемлекеттiк басқару жергiлiктi органдарының келiсiмi бойынша басшы бекiтедi. 38. Хоспистiң құрылымы: 1) стационарлық бөлiмше; 2) үйде паллиативтiк көмек көрсету жөнiндегi ұтқыр бригадалардан тұратын көшпелi бөлiмшелер; 3) күндiзгi стационар. 39. Хоспистiң мiндеттерi мен функциялары: 1) жазылмайтын науқастарды мемлекеттiк сонымен қатар жекеше немесе қайырымдылық негiзде медициналық-әлеуметтiк қамтамасыз етудiң жаңа түрлерiн iске асыру; 2) терминадық сатыдағы жазылмайтын науқастарға стационарлық медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгiн арттыру және үйдегi медициналық көмектi жақсарту; 3) науқастарға және оның туыстарына әлеуметтiк-психологиялық көмек көрсету, ауыр науқастарды күту дағдыларына туыстарын оқыту; 4) дұрыс ауырсынуды басатын терапияны таңдау және оны жүргiзудi қамтамасыз ету; 5) стационар дәрiгерлерiнiң ұсынымдары бойынша қажеттi консультациялық көмектi ұйымдастыру; 6) мамандандырылған ұйымдармен өзара iс-қимыл; 7) үй жағдайында және стационарда науқастарды тегiн күтудi қамтамасыз ететiн ерiктiлердi оқыту қызметiн құру; 8) Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген барлық дiни ұстанымдардың дiни ұйымдарымен өзара iс–қимылы; 9) үкiметтiк емес және қайырымдылық ұйымдармен және халықты әлеуметтiк қорғау ұйымдарымен жұмыс. 39. Хоспис: 1) симптоматикалық терапияны; 2) қажеттi ауырсынуды басатын терапияны таңдауды және жүргiзудi; 3) науқастарға медициналық-әлеуметтiк көмектi; 4) науқастарға және оның туыстарына психотерапиялық көмектi; 5) науқасты тасымалдауды; 6) пациенттердiң санитариялық-гигиеналық бiлiмiн; 7) заңдық консультация берудi және пациенттер мүддесiнiң құқығын қорғауды; 8) науқастарды паллиативтiк емдеудiң жаңа әдiстерiн практикаға енгiзудi және оны меңгертудi; 9) дiнге сенетiн науқастарды хосписте болу кезiнде дiни орындарға осы дiни бiрлестiк Қазақстан Республикасының аумағында ресми тiркелген жағдайда жiберу мүмкiндiгiн ұсынуды; 10) хоспис қызметiнiң тиiмдiлiгiне талдау жүргiзудi қамтамасыз етедi. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2013 жылғы 14 қарашадағы № 657 бұйрығымен бекiтiлген Стандартқа 1-қосымша Паллиативтiк көмектi көрсету бойынша ұтқыр бригадалар және көп бейiндi мамандар тобы жұмысын ұйымдастыру 1. Ұтқыр бригадалар (бұдан әрi – ҰБ) үйде (үйдегi хоспис): 1) дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек; 2) бiлiктi медициналық көмек; 3) медициналық-әлеуметтiк көмек түрiнде паллиативтiк көмек көрсетуге арналған. 2. ҰБ хоспис, көп бейiндi немесе мамандандырылған ауруханалардың паллиативтiк көмек бөлiмшелер базасында не амбулаториялық – емханалық ұйымдар базасында құрылады. 3. ҰБ құрамына дәрiгер, мейiргер, әлеуметтiк қызметкер және психолог кiредi. 4. Көп бейiндi мамандар тобы үйде паллиативтiк көмектi көрсетуге арналған, топ аумақтық емхана базасында құрылады. 5. Көп бейiндi мамандар тобы (бұдан әрi - КБМТ) тобына: дәрiгер, мейiргер, әлеуметтiк қызметкер, психолог сондай-ақ қажет болған жағдайда - ерiктiлер, шiркеу қызметкерi кiредi. КБМТ құрамына қосымша психологиялық қолдау көрсету үшiн психотерапевт және бейiнi бойынша басқа мамандардың (онколог, фтизиатр, инфекционист, педиатр және басқа) лауазымы енгiзiледi. Осылайша пациенттiң және оның отбасы мүшелерiнiң психологиялық, әлеуметтiк, дiни немесе рухани қажеттiлiгiн қанағаттандыру үшiн психологиялық әлеуметтiк қолдау көрсетумен қамтамасыз етiледi. 6. Қызметкерлердiң эмоциялық жай-күйiнiң тұрақтылығын сақтау мақсатында мынадай жүктеме нормативтерi сақталады: 10 пациентке 1 дәрiгер, 10 пациентке 1 мейiргер, 25-30 пациентке 1 әлеуметтiк қызметкер, 50 пациентке 1 шiркеу қызметкерi. Команда мүшелерiнiң паллиативтiк көмек көрсету мәселелерi бойынша дайындығы болуы тиiс. 7. Дәрiгер паллиативтiк көмек көрсету мәселелерi бойынша бiлiктiлiктi арттыру курстарын өтедi. 8. Паллиативтiк көмек көрсететiн мейiргерлер бiр ай бойы жұмыс орнында паллиативтiк көмектi көрсету дағдыларына тағылымдамадан өтедi, бұдан әрi үш ай бойы хоспистiң бас мейiргерiнiң немесе дәрiгердiң бақылауымен жұмыс iстейдi. 9. Паллиативтiк көмектi көрсету үшiн ресми дiни бiлiмi бар дiни қызметкер тартылады. 10. Паллиативтiк көмек көрсету кезiнде мынадай тақырыптардан тұратын: хоспис философиясы, коммуникациялық дағдылар, КБМТ-да жұмыс, өлiп бара жатқан науқастың мұқтажы, ерiктiлердiң ролi паллиативтiк көмек негiздерiне оқытудан өтумен iрiктеуден өткен ерiктiлердiң (волонтерлердiң) қызметi пайдаланылады. 11. Ерiктiлер үйлестiрушi дәрiгердiң бақылауымен жұмыс iстейдi. 12. Ерiктiлердiң iрiктеу критерийлерi: 1) командада жұмыс iстей бiлу қабiлетi; 2) тыңдай бiлу және қарым-қатынасты қолдай бiлу; 3) науқастарға және ауыр қайғыны бастан өткергендерге аяушылық және рақымшылық бiлдiру; 4) жеке тұлғаға деген құрметтi сақтай бiлу; 5) дәрiгерлiк құпияны сақтай бiлу қабiлетi; 6) пациенттердi дәледегiсi келiп отырған әңгiмесiне деген сыйластық қарым-қатынас; 7) моральдық тұтастық 8) бұрын қылмыстық iстiң болмауы. 13. Жақын адамының қаза болуына байланысты жарақатты бастан өткерген ерiктiлерге 1 - 2 жыл бойы пациенттермен және пациенттердiң отбасымен тiкелей жұмыс iстеуге рұқсат етiлмейдi. 14. Еркiтiлердiң (волонтерлердiң) қызметi жұмыс кестесi және ұсынылатын қызметтердiң түрлерi айтылатын жазбаша шартпен реттеледi. Ерiктiлердiң (волонтерлердiң) жұмысы пациенттермен және олардың отбасына көрсетiлетiн тiкелей жұмысты, әкiмшiлiк жұмысты қамтиды. 15. Паллиативтiк көмектi көрсету процесiне тартылған медциналық емес бiлiмi бар қызметтердi берушiлердiң паллиативтiк көмектi көрсету кейiннен жұмыс орнында және оқыту семинарларында (курста) бiлiктiлiгiн арттыру шеңберiнде паллиативтiк көмектi көрсету бойынша үздiксiз бiлiмiмен бейiндi бiлiмi және дағдысы бар. 16. Емдеу және күтудiң жеке жоспарын әзiрлеу және жүзеге асыру кезiнде диагнозы және паллиативтiк терапияны көрсету барысы туралы дәйектi ақпарат алған пациентпен және оның отбасымен бiрлесiп КБМТ (ҰБ) мүшелерi қатысады. 17. КБМТ/ҰБ кемiнде аптасына бiр рет жұмыс кездесуiн жүргiзедi. 18. Пациенттiң және оның отбасының қажеттiлiгi КБМТ/ҰБ мүшелерiмен емдеу және күту жоспарын жүзеге асыру барысында тұрақты түрде бағаланады, ол пациенттiң жай-күйiнiң өзгеруiне қарай өзгередi және жаңартылады. 19. Үйде пациентке паллиативтiк көмектi көрсету кезiнде КБМТ/ҰБ дәрiгерi пациенттi тексерiп-қарауды және емдеуге түзетудi жүзеге асырады. 20. КБМТ/ҰБ мейiргерi дәрiгерлiк тағайындауды орындайды. 21. Үйдегi науқастың жағдайы нашарлаған,тәулiктiк бақылау талап етiлген жағдайда ол хосписке немесе көп бейiндi немесе мамандандырылған аурухалардың паллиативтiк көмек бөлiмшесiне емдеуге жатқызылады. 22. КБМТ/ҰБ мүшелерiнiң жұмыс кестесiн әзiрлеу кезiнде аурудың ауырлық деңгейi және персоналға жүктемесi ескерiледi (ұсынылатын қызметтердiң түрiне және науқсатың орналасу жерiне байланысты). 23. Паллиативтiк көмек көрсетудiң психологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып (эмоциялық күю синдромы) персоналға психологиялық эмоциялық жүктемеге қосымша төлемақы коэффициентi белгiленедi. 24. Паллиативтiк көмектi көрсетуге қатысатын персоналға қолдау көрсетудi ұйымдастыру шеңберiнде мынадай iс-шаралар жүзеге асырылады: 1) КБМТ/ҰБ мүшелерi паллиативтiк көмек көрсету мәселелерi бойынша бастапқы дайындықты алады және үздiксiз бiлiктiлiгiн арттырады; 2) КБМТ/ҰБ мүшелерi ұжымның аға мүшелерiмен стреске тұрақтылығы тұрақты түрде бағаланады; 3) персоналға, соның iшiнде жақын адамынан айырылып қиын жағдайды бастан өткеруге қолдау көрсету топтары ұйымдастырылады. 25. Пациенттердiң емдеудiң альтернативтi әдiстерiн қоса алғанда ақпараты бар терапияны, емдiк iс-шараларды тоқтатуға немесе кез-келген терапиядан бас таруды жүзеге асырады. 26. Пациенттiң және оның отбасының құқықтары оларға ана тiлiнде және оларға түсiнiктi түрде хабараланады. Қаупiн және сұрақтарын айтуға қиналатын пациенттердiң тiл және мәдени кедергiлерi болған жағдайда құпияны сақтай бiлетiн аудармашылардың қызметтерi қамтамасыз етiледi. 27. Отбасы егер пациент шешiм қабылдауға (мысалы ақыл есi жоқ адамдар) жағдайы болмаған кезде емдеу және күтуге қатысты шешiм қабылдауға құқығы бар. 28. Пациентке (оның тiлегi бойынша) ауру қандай сатыда, болжамы қандай, емдеудiң қолжетiмдi әдiстерi, олардың жанама әсерiмен салыстырғанда оның тиiмдiлiгiне қатысты нақты ақпарат ұсынылады. 29. Паллиативтiк көмектi көрсететiн адамдар тиiстi курстарда қосымша дайындықтан өтедi. Бастапқы даярлық паллиативтiк көмек көрсету мәселелерi бойынша олардың бiлiмi мен дағдысын арттыруға арналған нақты тақырыптарды қамтиды. 30. Паллиативтiк көмектi жүзеге асыратын медициналық-әлеуметтiк көмек көрсететiн ұйымның басшысы қызметтiң әрекетiне жауапты басқару органын құрады. 31. Басқару органы ұйым шегiнде (ұйымның пайымдауы мен миссиясын қоса алғанда) паллиативтiк көмектiң барлық мәселелерi бойынша шешiм қабылдау және оны енгiзу процесiн қолдайды. 32. Басқару органына әртүрлi бағыттағы мамандар, сондай-ақ осы ұйыммен өзара әрекет ететiн қоғамдастық өкiлдерi кiредi. Басқару органы отырыс хаттамасын құрып және оған қол қойып тұрақты негiзде отырыс өткiзедi. 33. Паллиативтiк көмектi көрсететiн медициналық-әлеуметтiк ұйымның басшысы: кадр саясатын қамтамасыз етедi, сондай-ақ персоналдың эмоциялық күйреуiнiң алдын алу жұмыстарын жүргiзедi; персоналды және ерiктiлердi қауiпсiз жұмыс орнымен қамтамасыз етуге кепiлдiк бередi; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2013 жылғы 14 қарашадағы №657 бұйрығымен бекiтiлген Стандартқа 2-қосымша Декомпенсация сатысындағы созылмалы өршiген аурулармен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету 1. Терминалдық сатыдағы созылмалы өршiген аурулармен (СӨА) ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi (жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек жетiспеушiлiгiнiң декомпенсация сатысындағы, ми қанайналымы бұзылуының салдарлары), медицина және әлеуметтiк қызметкерлер, психологтар, ерiктiлер құрамындағы көп бейiндi мамандар тобы (ұтқыр бригадалар) көрсетедi. 2. Көмек бiрлiгi декомпенсация сатысындағы СӨА ауыратын науқас және оның отбасы болып табылады. 3. Паллиативтiк көмек мынадай декомпенсация сатысындағы СӨА кезiнде көрсетiледi: 1) оларды түбегейлi емдеу мүмкiн емес аурулар; 2) өршiген аурулар, осы аурулар кезiнде басынан бастап паллиативтiк көмек көрсету қажет; 3) науқастарды мүгедектiкке әкелетiн асқынудың дамуын туындататын аурулар. 4. Паллиативтiк көмекке мұқтаж декомпенсация сатысындағы СӨА ауыратын науқастар толықққанды фармакологиялық, психологиялық және денеге ауырсынуды және басқа симптомдарды басуға қол жетiмдiлiгi бар. 5. Декомпенсация сатысындағы СӨА ауыратын науқастарға паллиативтiк көмек пациенттiң этикалық және заңды құқықтарын сақтау қағидаты бойынша ұсынылады. 6. Емдеудiң сапасын және үздiксiз болуын қамтамасыз ету үшiн КБМТ/ҰБ мүшелерiнiң тұрақты өзара iс-қимылы сақталады. 7. Персонал (ерiктiлердi қоса алғанда) декомпенсация сатысындағы СӨА ауыратын науқастарға күтiм мәселесi бойынша тиiстi оқытудан өтедi. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2013 жылғы 14 қарашадағы № 657 бұйрығымен бекiтiлген Стандартқа 3-қосымша Балаларға паллиативтiк көмектi көрсетудi ұйымдастыру 1. Балаларға паллиативтiк көмек КБМТ/ҰБ-мен көрсетiледi. 2. Көмек бiрлiгi бала және оның отбасы болып табылады. 3. Балаларға паллиативтiк көмек көрсетiлетiн аурулар: 1) осы аурулар жағдайында түбегейлi емдеу мүмкiн, бiрақ тиiмсiз болуы мүмкiн; 2) өмiр сүру мерзiмiн шектейтiн аурулар, осы жағдайда қарқынды ем өмiр сапасын жақсартуы мүмкiн; 3) өршiген аурулар, бұл жағдайда паллиативтiк көмектi көрсету басынан бастап қажет; 4) неврологиялық бұзылуларды сүйемелдейтiн асқынуды дамытуды туындататын аурулар. 4. Паллиативтiк көмекке мұқтаж әрбiр баланың толыққанды фармакологиялық, психологиялық және денеге ауырсынуды және басқа симптомдарды басумен қамтамасыз етiледi. 5. Әрбiр баланың мәдени ерекшелiкке негiзделген және оның жас шамасына сәйкес келетiн психологиялық әлеуметтiк көмекпен қамтамсыз етiледi. 6. Отбасының, ағалар мен апаларының псхологиялық қолдау көрсетуi ұзаққа созылған аурулар кезiнде жүзеге асырылады. 7. Өлiм үстiндегi баланың және оның туыстарының қажеттiлiгi баланы жайлылығы мен абыройын сақтауды есепке ала отырып сақталады: 1) өлiм үстiндегi балаға және оның отбасына базалық қолдау көрсету, қажет болған жағдайда олардың үй жағдайында қамтамасыз етiледi; 2) балаға және оның отбасына негiзгi рухани және әлеуметтiк қолдау көрсетiледi; 8. Балаларға паллиативтiк көмек баланың этикалық және заңды құқықтарын сақтау қағидаты бойынша ұсынылады: 1) паллиативтiк көмектi көрсететiн ұйымның барлық қызметкерлерi баланың және оның отбасының құқықтарын бiледi және сақтайды; 2) баланың және оның отбасының құқығы олардың ана тiлiнде және оларға қолжетiмдi түрде жеткiзiледi; 3) қорғаншылар баланың құқығын қорғау процесiне қосылады. 9. Емдеудiң сапасын және үздiксiз болуын қамтамасыз ету үшiн КБМТ/ҰБ қатысушыларының тұрақты өзара iс-қимылы сақталады. 10. Персонал ерiктiлердi қоса алғанда, педиатрияда паллиативтiк көмек көрсету тиiстi оқытудан өтедi. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2013 жылғы 14 қарашадағы № 657 бұйрығымен бекiтiлген Стандартқа 4-қосымша Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету 1. Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмек бекiтiлген клиникалық хаттамаларға сәйкес ТМККК шеңберiнде көрсетiледi. 2. Паллиативтiк көмек арнайы емдеу жүргiзуге мүмкiндiк бермейтiн ауыр қосарласқан патологиясы бар IV клиникалық топтағы онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға көрсетiледi. 3. Паллиативтiк көмекке мұқтаж IV клинакалық топтың пациенттерi олардың тiркелген жерi бойынша КБМТ/ҰБ мамандары бақылайды. 4. Ауырсынуды басатын терапияны тағайындау қажеттiлiгi болған жағдайда онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар онкологиялық диспансердiң ауырсынуды басатын терапия кабинетiнiң дәрiгерiнен консультация алады. 5. Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға есiрткi құралдары бар препараттарды тағайындау, жазып беру, босату, сақтау, бөлiп беру, пайдалану, есепке алу, есептен шығару, жою «Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiс есiрткiнi, псиотроптық заттармен прекурсорларды медициналық мақсаттарда пайдалану қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 30 наурыздағы № 396 қаулысымен регламенттеледi. Есiрткiлiк аурысынуды басатын препараттарды тағайындау қажеттiлiгi туралы шешiмдi комиссия амбулаториялық-емханалық деңгейде бередi және тиiстi хаттамалармен ресiмделедi. Қорытынды тұрғылықты жерi бойынша пациенттiң амбулаториялық картасына жапсырылады және учаскелiк дәрiгер үшiн ерекше үлгiдегi («қызғылт бланкiлер») рецептiлердi жазуға негiз болып табылады. 6. Есiрткi препараттарын алатын онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар жүйелi 10 күнде 1 реттен кем емес КБМТ/ҰБ мамандарының бақылауына жатады. Онкологиялық ауруламен ауыратын науқастар 3 айдан аса есiрткi препараттарын алған жағдайда онкологиялық диспансер комиссиясының ауырсынуды басуға қарсы терапияны жүргiзудiң орындылығы мен дұрыстығы жөнiнде қорытынды алуы қажет. 7. Учаскелiк дәрiгердiң жолдамасы бойынша инкурабелдi онкологиялық ауруламен ауыратын науқастар хоспис жағдайында, сондай-ақ онкологиялық диспансерде немесе көп бейiндi ауруханадағы паллиативтiк көмек бөлiмшесiнде ауырсынуды басатын терапия кабинетi дәрiгерiнiң жолдамасы бойынша паллиативтiк көмектi алады. 8. Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтiк КБМТ/ҰБ құрамында медициналық психологтар немесе дәрiгер-психотерапевтер және дәрiгерлер мен әлеуметтiк қызметкерлер көрсетедi. 9. Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға және олардың отбасына медициналық-әлеуметтiк көмектi көрсету әлеуметтiк – медициналық және әлеуметтiк-психологиялық көмек түрiнде жүзеге асырылады. 10. Әлеуметтiк-медициналық қызметтерге пациенттердiң жағдайын есепке ала отырып, қиын өмiрлiк жағдайдағы адамдарға күтiм жасауды қамтамасыз етуде, соның iшiнде туыстарын санитариялық–гигиеналық дағдыларға оқытуға жәрдемдесу жатады (денесiн сүрту, жуындыру, гигиеналық ванналар, тырнағын алу, шашын тарау). Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2013 жылғы 14 қарашадағы № 657 бұйрығымен бекiтiлген Стандартқа 5-қосымша Туберкулез ауруымен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмектi көрсету 1. Туберкулезбен ауыратын науқастарға түрi мен дәрежесiне қарамастан паллиативтiк көмек мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымдарда көрсетiледi. 2. Туберкулез кезiнде паллиативтiк көмектiң мақсаты науқастың қажеттiлiгiне, сондай-ақ науқастың отбасы мүшелерiнiң, персоналдың жұқтыру қаупiн төмендету және туберкулездiң жазылмайтын түрлерiн нозокомиалдық таратуға бағдарланған қызметтердi ұсыну болып табылады. 3. Паллиативтiк көмектi көрсетуге: 1) көптеген немесе ауқымды дәрiге төзiмдiлiгiнiң нәтижесiнде екiншi және/немесе үшiншi дәрежелi туберкулезге қарсы препараттармен (ТҚП) емдеу кезiнде «сәтсiз емдеумен» аяқталған туберкулездiң жазылмайтын түрi бар науқастар немесе қолда бар туберкулезге қарсы препараттарға толықтай төзiмсiз науқастар; 2) көптеген дәрiге төзiмдi туберкулез ауруымен ауыратын науқастар, (бұдан әрi – КДТ ТБ) немесе кең дәрiлiк тұрақтығы бар туберкулез ауруымен ауыратын науқастар, (бұдан әрi - КДТ ТБ), бактерия бөлген полирезистенттi науқастар, мұндай жағдайда арнайы емдi тағайындау оның тиiмсiздiгi немесе науқастардың ТҚП көтере алмау себептерi бойынша мүмкiндiк болмай отыр. 4. Туберкулез кезiнде паллиативтiк көмек мiндеттерi: 1) тыныс алуының жетiспеушлiгi симптомдарының төмендеуi; 2) ауырсынуды дұрыс басу; 3) науқасты психологиялық қолдау; 4) өлiмге деген қарым-қатынасын адамның өмiрiнiң өту кезеңдерiнiң заңдылығы ретiнде қарап, дайындау; 5) науқастың және оның жақындарының рухани қажеттiлiгiн қанағаттандыру; 6) адамның қиын ауруына және өлiмнiң жақындауына байланысты туындайтын әлеуметтiк және заңды, этикалық мәселелердi шешу; 7) науқастың отбасы мүшелерiнiң, персоналдың жұқтыру қаупiн төмендету және туберкулездiң жазылмайтын түрлерiн нозокомиалдық тарату қаупiн төмендету. 5. Паллиативтiк көмектi көрсетуге арналған таңдау критерийлерi: 1) екiншi және/немесе үшiншi қатардағы туберкулезге қарсы препараттармен емдеудiң 12 - 15 айдан кейiн бактерия бөлiнуiнiң болуы және одан кейiнгi арнайы және хирургиялық емдеудiң орындылығы; 2) отбасы мүшелерiнен, атап айтқанда балалар мен жасөспiрiмдерден, жүктi әйелдерден және олардың босанғаннан кейiнгi кезеңiнде жеке тұру мүмкiндiгiнiң болмауы. 6. Паллиативтiк көмек бөлiмшесi облыстық және аудандық туберкулезге қарсы диспансерлер құрамында жұмыс iстейдi. 7. Төсектер саны оларға паллиативтiк көмек көрсетiлген, бiрақ 40 төсектен аспайтын науқастардың санына сәйкес жұмыс iстеп тұрған төсек қуаттылығын қайта бейiндеу арқылы ашылады. 8. Туберкулез ауруымен ауыратын науқастарға арналған паллиативтiк көмек бөлiмшелерiнде инфекциялық бақылауға қойылатын талаптарға сәйкес қажеттi санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы iс-шаралар орындалады. 9. Жазылмайтын туберкулез түрiмен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмек көрсетуге арналған бөлiмшенiң құрылымын уәкiлеттi орган бекiтедi. Қызметтiң негiзiне туберкулез ауруымен ауыратын науқастарға қызмет көрсетудiң аумақтық қағидаты жатады. 10. Жазылмайтын туберкулез түрi бар науқастарға туберкулезге қарсы ем жүргiзiлмейдi. 11. Жазылмайтын туберкулез түрi бар науқастарға паллиативтiк ем бiлiктi медицина қызметкерiнiң тiкелей бақылауымен жүзеге асырылады. 12. Осы санаттағы науқастарға паллиативтiк көмек: 1) симптоматикалық терапияны; 2) науқасты және оның отбасы мүшелерiне рухани және психологиялық қолдау көрсетудi; 3) науқастарды әлеуметтiк қолдауды; 4) күтiмдi жүзеге асыратын отбасына және адамдарға инфекцияның алдын алу жөнiндегi шараларды қамтиды. 13. Жалпы клиникалық, бактериоскопиялық және бактериологиялық, рентгенологиялық және басқа зерттеудiң аспаптық әдiстерi айғақтар бойынша жүргiзiледi. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң 2013 жылғы 14 қарашадағы №657 бұйрығымен бекiтiлген Стандартқа 6-қосымша ЖИТС-пен ауыратын науқастарға паллиативтiк көмек 1. Аурудың терминалдық сатысындағы ЖИТС-пен ауыратын науқастар Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 26 қарашадағы №1938 қаулысымен бекiтiлген паллиативтiк көмек және мейiргерлiк күтiмге жататын халық санатының тiзбесiне енгiзiлген. 2. ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық көмек Кодекстiң 98-бабының талаптарын және құпия қағидаттарын сақтай отырып ұсынылады. 3. Ауруларды немесе оның жай-күйiн емдеу, атап айтқанда антиретровирустық терапия жүргiзу, туберкулездi емдеу, инъекциялық есiрткiнi тұтынушылардағы алмастыру терапиясын жүргiзу ЖИТС-пен ауыратын науқастардың ауруларының дәрежесiн немесе оның жай-күйiмен байланысты емес. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылғы 12 желтоқсандағы Нормативтік құқықтық келісімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №8956 болып енгізілді.