Екі облыстың арасындағы шекараны Қиғаш өзені бөліп тұр. Шекара сызығындағы өзеннің қос жағалауындағы өңірлер шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, құрылыс индустриясында орныққан тиімді келіссөздерді жандандыра беруді көздеп отыр. Осыған орай Астрахань облысының іскерлік тобы Атырау облысына келді. Қос өңірдің басшылары Серік Шәпкенов пен Игорь Бабушкин арнайы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Онда 2023-2026 жылдарға сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары қамтылған.
– Қазақстан мен Ресей – көпғасырлық тарихы байланыстыратын достығы жарасқан елдер. Бұл байланыс Еуразиялық экономикалық Одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында жаңа мазмұнға ие болып отыр. Осының бәрінде де екі ел жетекші рөл атқарады. Ал Атырау мен Астрахань облыстары арасында көп жылдан бері сауда-экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, табиғатты қорғау салаларында және өзге де бағыттар бойынша табысты ынтымақтастық жолға қойылды. Көршілес облыстардың бір-бірімен экономикалық байланысын экспорттың 12,5 пайызға, ал импорт көлемінің 8 пайызға өсуінен байқауға болады. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жемісі. Біз екі облысқа ортақ мәселелерді бірлесіп шешу үшін өңіраралық қатынасты одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз, дейді Серік Шәпкенов.
Облыс әкімінің айтуынша, көрші өңірлер арасында экономикалық, іскерлік байланыстың тамыры тереңдеп, әріптестік әлеуеті арта түскен. Шекаралас аймақтардың бір-бірімен тауар айналымы ұлғайып келеді. Мұнайлы өңірдің Ресей Федерациясымен арасындағы сыртқы сауда айналымы 29,7 млн АҚШ долларына жеткен. Экспорт – 6,2 млн, импорт көлемі 23,5 млн АҚШ долларын құрайды. Қазір Атырау облысында 500-ден астам ресейлік компания жұмыс істейді. Оның ішінде мұнай-газ өнеркәсібіне, құрылыс индустриясына, құрал-жабдықтар мен түрлі жабдықтар тасымалдауға, ақпараттық технологияны дамытуға маманданған кәсіпорындар бар.
Атыраулықтар Астрахань облысынан азық-түліктің басым бөлігі, оның ішінде балық, картоп, көкөністер, қарбыз, композиттік материалдар, сорбенттер, түйіршікті полимерлі заттар, пластмасса мен теміржол вагондарына арналған жиынтықтаушы тамақ пленкасын сатып алады. Тіпті, арнайы киімдер мен резеңке аяқкиімдері жеткізіледі. Ал Астрахань облысының тұтынушылары Қазақстаннан механикалық құрылғылар, қара металдардан жасалған бұйымдар мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алады.
Астрахань жоғары оқу орындарында 1 000-ға жуық қазақстандық студент оқиды. Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың базасында қазақстандық ұжымдардың қатысуымен тұрақты іс-шаралар өткізіледі, ал астраханьдық әртістер Атырауда өтетін байқаулар мен фестивальдерге қатысады.
Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің пікіріне сүйенсек, көршілес өңірлер экономикасының барлық саласында ұқсастық бар. Мәселен, екі өңірдің ауыл шаруашылығында, оның ішінде балық өндірісінде бір-бірінен үйренуге болатын, тәжірибе алмасатын үрдіс қалыптасып отыр. Көршілес өңірлердің мектеп бітірген жастары жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Мәселен, 1 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды.
– Екі күн бойы Астрахань облысының делегациясы атыраулық әріптестерімен бірге арадағы ынтымақтастықты жаңа бағытпен дамыту мүмкіндігін талқылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен алмасуды ойластырып отырмыз. Сол себептен, атыраулық фермерлерді Астрахань облысындағы жәрмеңкеге қатысуға шақырамыз. Біздің іскерлік-гуманитарлық келісім-шарттарымызды нығайту мақсатында Астрахань мен Атырау арасында тікелей әуе қатынасы қайта жанданғанын қалаймыз, – деп мәлім етті Игорь Бабушкин.
Мұнайлы өңірге көрші облыстан келген делегация мүшелері арасында қызығушылық танытқандар бар. Соның бірі – Астрахань облысының ауыл шаруашылығы және балық өнеркәсібі министрі Руслан Пашаев. Оның дерегіне сүйенсек, Атыраудың ауыл шаруашылығы саласымен байланыс орнатудың тиімді жолдары қарастырылады.
– Біз Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестерімізбен байланыс орнатқымыз келеді. Өйткені мұнда мал және өсімдік шаруашылығында, балық өнімдерін өңдеуде, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде үлгі алатындай тәжірибе қалыптасыпты. Астраханьда да бекіре тұқымдас балықтар түрі өсіріледі. Бекіренің шабағы теңізге жіберіледі. Қара уылдырық дайындайды. Атырауда да дәл осындай іс қарқын алыпты. Бағалы бекіре балықтарын өсіру – көршілес қос өңірдің визиттік картасы. Балықшыларымыз аулайтын балықтар бірдей – қарагөз, алабұға, сазан. Айырмашылық тек кефальда ғана болып отыр. Бұл балық Атырауда бар, бірақ Астраханьда жоқ, деген пікірімен бөлісті Руслан Пашаев.
Ал Астрахань сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Станислав Синченконың мәліметінше, екі облыстың кәсіпкерлерін қолдау мақсатында жәрмеңкелер өткізу, ортақ кәсіп ашу жоспарда бар. Ол Астрахань облысында қазақстандық кәсіпкерлерді ақпараттандыруға, ал Атырау облысында «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы арқылы ресейлік кәсіпкерлерге арналған сенім телефонын іске қосу туралы ұсынысын білдірді.
Тегінде Астрахань облысын қазақтың да ежелгі атақонысы деуге болады. Бұл – сол өңірде тұратын қандастардың пікірі. Мәселен, Володар ауданының Алтынжар ауылында қазақ күй өнерінің атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесі орналасқан. Бұл ауылда 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы бой көтерген. Қазір аталған орталық алыс-жақын шетелдердің қонақтары көп келетін мәдениет ошағына айналып отыр. Ұлы күйшінің шығармашылығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттар қойылған орталықта музей мен туристер үшін қонақүй ашылған. Орталықта 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Дені – қандастарымыз, арасында 25 домбырашы бар. Сондай-ақ олардың қатарында «Белый город» орыс музыкалық ансамблі мен «Самал» қазақ музыкалық ансамблінің әншілері жұмыс істейді.
«Біздің орталыққа жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді. Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз. Атырау облысы әкімдігінің және облыстың жанашыр азаматтарының қолдауымен мәдени орталыққа күрделі жөндеу жүргіздік. Қазір орталықтың қызметінде тың серпін бар», дейді орталық директоры Амангелді Әбілғазиев.
Алтынжардағы Құрманғазы мәдени орталығына Ресей мен Қазақстаннан, шетелден баратын туристер аз емес. Ресейліктер еліміздің әр өңіріне гастрольдік сапармен, туристік саяхатпен келеді. Тіпті бірлесе өнер көрсетіп жүрген ұжымдар бар. Мәселен, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі мен Ресейдің Астрахань қаласынан арнайы келген «Скиф» квартеті бірлескен концерт берді.
Астрахань облысының мәдениет және туризм министрі Ольга Прокофьеваның дерегіне қарағанда, бұл квартеттің 1992 жылдан бері өткізген шығармашылық кеші 1500-ден асқан. Квартет мүшелері Ресейдің 80 қаласында, Норвегия, Финляндия, Нидерланды, Германия, Франция, Аустрия, Дания, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Түркіменстан мен Қазақстанда, оның ішінде Атырауда бірнеше рет концерт өткізген.
– Қазақстан – тек географиялық орналасуы жағынан ғана емес, тарихи, мәдени тұрғыдан Ресейге ең жақын орналасқан ел. Ал Атырау мен Астрахань облыстарының тұрғындары бір-бірімен бұрыннан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тығыз қарым-қатынас берік байланыс орнатып келеді. Достық рәуіштегі рухани байланысымызда шекара жоқ. Соның бір дәлелі – Атырау тұрғындарының алдында «Скиф» квартетінің өнер көрсетуі. Квартет мүшелері 30 жылдан бері бірде-бір рет ауысқан жоқ. Репертуарында барлық жанрға тән музыкалық туындылар бар. Музыканттар классикалық, фольклорлық және қазіргі дәуір композиторлар шығарған туындыларды, джаз, рок бағытындағы шығармаларды орындайды, – дейді Ольга Прокофьева.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде білім саласы мамандарының қатысуымен екіжақты кездесу өтті. Кездесуде аталған университеттегі креативті индустрия орталығының басшысы Сәбит Мұханов, ғылым және инновация жөніндегі проректор Ринат Исқақов, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова, Астрахань облыстық білім және ғылым министрлігінің кадрлық, білім беру және ғылыми-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ольга Тартакосвкая оқу-ағарту саласына қатысты бірнеше мәселені талқыға салды. Оның ішінде кадр дайындау, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру бар.
«Бұл іссапар біз үшін жемісті болды. Біз Атыраудағы мектеп, колледж, университет жұмысымен танысып, кәсіптік бағдар бойынша бірлескен іс-шаралар векторын анықтаудың қажеттігін түсіндік. Атап айтқанда, екі облыс түлектерінің жоғары оқу орындары туралы мәлімет алуына, оқуға ниет білдірушілерге қолдау көрсетеміз. Тәрбие жұмысына қатысты бағытқа да назар аудардық. Педагог-психологтерді тағылымдамадан өткізу секілді өзге де іс-шараларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік бар», деді Ольга Тартакосвкая.
Атырау облысы