Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Адамзаттың Айтматовы» атанған әдебиет әлемінің алыбы шоң Шыңғыстың шығармалары желісінде жазған Илья Жақановтың бірнеше әні композиторды жаңа қырынан ашқаны талас тудырмайды. Әсіресе «Даниярдың әні» атты туындысы майталман музыканттар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Атақты композитор Евгений Брусиловскийдің: «Великолепно. Это не только песня. Это что? Романс или ария? По моему ария!» деп биік бағалауы Жақанов шығармашылығының қай деңгейде екенін айқындап тұрса керек.
Иә, «Даниярдың әні» туралы ілгеріде жазғанбыз. Әйгілі қаламгердің «Жәмилә» повесінің желісімен жазған Илья Жақановтың «Жәмиләнің әні» туындысы да өлмейтін шығарма екеніне еш күмән жоқ. Жүректің қылын шертетін ғажап әннің жазылғанына алпыс жылға жуық уақыт өтсе де, ескірген жоқ. Өйткені есті ән талғампаз тыңдарманның назарынан тыс қалмайтыны ақиқат.
«1964 жылы «Жәмилә» повесінің желісі негізінде «Жәмиләнің әнін» жаздым. Оны Фрунзеде Шыңғыстың өзінің кабинетінде тыңдаттым. Ол ән ұзақ жылдар айтылмай жатты. Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы бола тұрып, барлық жағдай қолымда болғанның өзінде ешбір әншіге көңілім толмай, «Жәмиләнің әнінің» орындаушысын ұзақ жыл таппадым.
1992-1993 жыл ма екен, Шыңғыс Айтматовқа, Астрахань облысының губернаторы Гужбинге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйлығы берілді. Міне, осы оқиғаның үстінде «Жәмиләнің әні» орындалды. Қырғыздың симфониялық оркестрі келді. Қырғыз Республикасының халық әртісі Дариға Жалғасынова керемет шырқады. Дариғадан соң не қырғызда, не қазақта бұл әнді ешкім айта алған жоқ», дейді композитор өткен шаққа көз жүгіртіп.
Расында Илья Жақановтың жазған әндерін музыканың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың шедеврге телитіні бар. Әлбетте, олар өнер өлкесінің, әсіресе ән әлемінің марқасқалары болғандықтан композитор шығармаларын тереңнен түсінеді. Оған талас жоқ. Ал біз «Жәмиләнің әнін» тыңдағанда ойымыз ойран болып, ғажап әннің әдемі иірімдерінің тұңғиығына батып кетеміз. Соған қарағанда сөзден бұрын музыка пайда болған деген пікір ақиқат па дейсің. Қалай болған күнде де кез келген адам шын өнерге бас иеді емес пе?!
«Сол іс шарада қырғыз бен қазақтың арасындағы өзімсінген туысқандық сезім айқын байқалып тұрды. Жұрт дуылдатып қол соғып, мені сахнаға шығарды. Талғамы биік тыңдарман әннің түпкі табиғатын түсінгені мені шынында да қатты қуантты. Тебіреніп кеткенімді сезіндім. Кейіннен, анығырақ айтсам, 1965 жылы «Шынарым менің, шырайлым менің» кітабы бойынша «Әселді», іле-шала «Асылым» деген әнді жаздым. Арада біраз жылдар өткен соң «Қош бол, Гүлсары» хикаяты негізінде «Бибіжан» деген ән дүниеге келді. Осы бір бес ән Шыңғыстың бүкіл өмірінің ең бір сәулелі, шуақты сәттері сияқты. Шыңғыспен әркез жүздескенде, демалыс сәттерінде Шықаң айтатын: «Менің бүкіл кейіпкерлерім қырғыздың тоуларымен қазақтың кенен тааласында шырқатып обон салып жатады», деп.
Арада біраз жыл өткен соң Бішкекте маған Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық тапсырылды. Қысқаша айтқанда, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына менің музыка жазуым бұл қазақ-қырғыз елдерінің үлкен ынтымағы мен бауырластық-туысқандық сезімінің ортақтығын тағы бір мәрте айқындады. Оған еш күмәнім жоқ.
Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығында мені осы әндерім үшін қырғыздар 5 рет қайталап сахнаға шығарды. «Даниярдың әні», «Әсел», «Асылым», «Жәмиләнің әні» секілді туындыларым әлемнің көптеген елдерінде шырқалды. Осының өзі екі ел бауырластығынан туған туындылардың шоқтығы биік екенін айғақтаса керек», дейді композитор.
Илья Жақанов – өмірін өнерге арнаған шын мәніндегі мықты композитор екені даусыз. Оның қай әні болсын, тыңдарманның құлағынан кіріп, жанын баурай түседі. Эстет композитордың басқа әндері бір төбе болса, «Жәмиләнің әні» шығармасы бөлек бір төбе. Шоқтығы биік туынды талғампаз тыңдарманмен бірге жасай беретіні, жаңа ұрпақтың бойына сіңетіні даусыз. Өйткені шын өнердің өлуге еш қақысы жоқ.