Денсаулық • 07 Сәуір, 2023

Қызылша ауруының себеп-салдары

628 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдегендей, 2021-2022 жылдары қала бойынша қызылша мен қызамықтың зертханалық расталған жағдайлары тіркелмеген. Алайда көші-қон үдерісі Алматының эпидемиялық ахуалына кері әсер етіп отыр.

Қызылша ауруының себеп-салдары

Сонымен, мегаполисте алға­шын­да­ қызылша жұқтырды де­­ген күдікпен 91 жағдай тір­кел­се, оның 73-і зертхана­ ар­қы­лы расталғаны жайлы ақ­па­­ратты Алматы қалалық Қо­­ғам­дық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сы­ның­ өкілдері мен қала эпидемио­лог­тері алға тартып отыр.

«Қызылшаның зертханалық рас­талған 73 жағдайының 56-сы (76,7%) дер кезінде қызылшаға қар­сы егілмеген, оның ішінде 25-і (50,0%) ата-анасының екпеден бас тартуына байланысты, 16-сы (28,6%) медициналық қар­сы­ көрсетілімдерге байланысты, 7 адам (12,5%) – вакциналау жа­сына жетпеуіне байланысты жә­не 6 ересек адамның (9,6%) бел­гісіз иммундық мәртебесі бар», де­ді Алматы қаласы санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметі бойынша Алма­тыда вакцина алмаған 14 884 бала бол­са, оның ішінде 6 124 бала – 1-6 жас ара­лығында, 8 760 бала – 7-17 жас ара­лығында. Осылардан түрлі себепке байланысты екпеден бас тартқан 5 688 бала бар.

«Ата-аналарды балаларының денсаулығына бейжай қарамауға шақырамын. Балалар арасындағы қызылшаға шалдығуды тойтаруға Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жос­парлы иммундау ғана оң ықпал ете алады», дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева.

Мамандар қызылша жұқпасы мен аурудың асқынуының алдын­ алудың бірден-бір тиімді жолы екпе екенін айтады. Мәселен, өткен жылы кешенді профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде Алматыда аурушаңдық бойынша эпидемиялық жағдайды тұрақтандырып, аурудың тіркелуін бірлі-жарым ғана жағдайға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл кеселдің алғашқы белгілері – жөтел, дене қызуы, көзден жас ағу, жарыққа сезімталдық пен бастапқыда бетте, құлақ артында, кейін бүкіл денеде пайда болатын бөртпе. Мұндай жағдайда өз бетінше емделуге болмайды, дәрігерді үйге шақырып, ол тағайындаған ем-домға құлақ асқан жөн. Ауруды таратпау үшін жұмысқа, қоғамдық орындарға баруға, науқас балаларды мектептерге, балабақшаларға жіберуге болмайтыны белгілі.

«Сырқаттанушылық негізінен қызылшаға қарсы егілмеген балалар арасында, оның ішінде вакциналаудан бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімнің болуы, яғни егу жасына 12-15 айға жетпегендіктен тіркеліп отыр. Ауырғандар 44,4%-ы (зертханалық расталған жағдай) қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста, сондай-ақ инкубациялық кезеңде Қазақстаннан тыс жерде болған. Науқастар құрылымы бойынша 44,4% – ұйымдаспаған балалар, 22,2% – мектепке дейінгі мекемелерге баратын ұйымдасқан балалар, 22,2% – мектеп оқушылары, 5,6% – білім беру орталықтарына баратын балалар», дейді департамент өкілдері.

Ендігі жерде арнаулы мамандар медициналық ұйымдармен бірлесіп, барлық ошақта эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіп отыр. Науқаспен байланысқа түскен 813 адам анықталды, оның ішінде 477 ересек, 14 жасқа дейінгі 333 бала, 3 жасөспірім бар. 63 адам қызылшаға қарсы вакциналанбаған. Қалғандар қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған сәттен бастап 72 сағат өткен соң және жасы 30-дан­ асқандықтан медициналық қарсы көрсетілім бойынша шұғыл вакциналауға жатпайды.

Науқаспен байланысқа түскендер медициналық бақылауға алынып, қызылшаның алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы арада қызылша бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру екенін айта кету керек. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе ауру жұқтырған адамның мұрны немесе тамақ бөлінісінен жұғады. Қызылша – ең жұқпалы инфекцияның бірі, себебі ауыратын адаммен байланысқа түскен соң екпе алмаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады.

Адам өмірінде жалпы қызылшаға қарсы екпе 1 және 6 жасында жасалады, бұл иммунитетті дамытуға мүмкіндік беріп, вакцина алған адамдарда өмір бойы болады. Вакциналау үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстанда тіркелген қызылша, қызамық, паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады.

Еске салайық, алматылық эпидемиологтер бұл вирустық инфекцияның қауіптілігін бұған дейін де ескерткен. Өйткені әлемде былтыр 150 мыңнан аса адам қызылша жұқтырған еді.

 

АЛМАТЫ