Қазақстан • 06 Сәуір, 2023

Сұйытылған газ қымбаттайды

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің бес өңірінде сұйытылған мұнай газы (СМГ) қымбаттайтын болды. «Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю стансаларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы» Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.

Сұйытылған газ қымбаттайды

«Қазақстандық отын қауымдастығының және нарық субъектілерінің көлік қызметтеріне (көлік-экс­педиторлық қызметтер, вагондарды беру және жинау жөніндегі қызметтер) шы­ғындардың ұлғаюына, СМГ-ны бірқатар облыста өткізу кезінде шекті бағала­ды көтеру қажеттілігі туралы (5-тен 10 теңге шегінде) өтініштерін ескере отырып, көлік қызметтеріне (көлік-экспедиторлық қызметтер, вагондарды беру және жинау жөніндегі қызметтер) автомобильге газ құю стансалары мен газ жинақтау пункт­терін, жалақы қорын, бөгде ұйымдардың қызметтерін ұстау және оларға қызмет көрсету, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» магистральдық темір жолдары бойынша жүк­тер­ді тасымалдауға арнал­ған тарифтер СМГ-дағы белгіленген бағаларды бұрын­ғы деңгейде сақтай оты­рып, СМГ-ны өткізуді шек­теу және оның тап­шы­лығы тәуекелдері туындайды», делінген қаулыда.

Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысында, Алматы облысында, Солтүстік Қазақ­стан облысында және Алматы қаласында СМГ-ны бөлшек саудада сату бағасын өзгер­ту ұсынылады. Нақтылап айтқанда, сұйытылған мұнай газының бағасы Алматыда – литріне 65-тен 75 теңгеге, Алматы облысында 70-тен 75 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысында – 60-тан 70 теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 70-тен 75 теңгеге және Абай облысында 60-тан 65 теңгеге көтерілмек.

Сондай-ақ осы өңірлердегі шалғай аудандардағы баға­лар да өседі. Еліміздің өзге аймақтарындағы СМГ-ның бөлшек бағасы өзгеріссіз қалды. Бұйрық жобасы 17 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылады.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіпкер­лік кодексінің 119-бабына сәй­кес Агенттік Төрағасының міндетін атқарушысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы №1 бұйрығымен автогаз құю стансаларынан сұйытылған мұнай газын (бұдан әрі – СМГ) бөлшек саудада өткізуге аймаққа байланысты литріне 50-ден 70 теңгеге дейінгі шекті бағаларды белгілей отырып, уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілді. Бұдан әрі агенттіктің 2022 жылғы 5 шілдедегі № 16 және 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №20 бұйрықтарымен осы шекті бағалар 2023 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылды», делінеді қаулы мәтінінде.

Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын негізгі тұтыну­дың 60%-дан астамы автокө­лікке тиесілі. 2019 жылдан бас­тап сұйытылған газға ауыс­тырыл­ған автокөлік саны 2021 ж­ылға қарай 2,2 есе өсіп, 310 мың­нан астам бірлікке жетті.

2021 жылы 3,17 млн тонна сұйытылған мұнай газы өн­дірілсе, 2022 жыл бұл көр­сет­кіш 2,82 млн тоннаны құра­ды. Биыл 2,86 млн тонна көле­мінде СМГ өндірілуге тиіс.