03 Шілде, 2014

Жалақы қарызын жаба тоқуға болмайды

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

000-zarplata-1

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасының ұжымы азаматтардың Конституциялық құқығын қорғау мақсатында олардың тиесілі айлық жалақыларын дер кезінде алып отырулары бағытында айтарлықтай пәрменді жұмыстар жүргізіп келеді. Мұның нақты дәлелін таяуда ғана Аққорған ауылдық округіндегі «Түгіскен» ТШ» ЖШС-ның өз жұмысшыларына жалақы төлеуін тексеру барысында анықталған деректер де келтіре алады. Прокуратура қызметкерлері аталған мекеменің бір топ жұмысшыларының арызын қарау кезінде серіктестіктің оларға 2013 жылдың желтоқсан айынан 2014 жылдың сәуір айына дейінгі жалақылары мен жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарына өтемақыларын төлемегеніне көз жеткізді. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабы 2-бөлігіне сәйкес, әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Сол сияқты Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі 134-бабы 1-бөлігінде жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс және жалақы төленетін күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделуі қажет екені атап көрсетілген. Бұған қосатынымыз, жоғарыдағы Кодекстің 23-бабы 2-бөлігі 5-тармағында жұмыс беруші қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті екені айтылған. Кодекстің 24-бабында еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмысты (еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртіптемесін сақтайды, ал жұмыс беруші еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген жалақыны уақытылы және толық көлемде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге асырады делінген. Алайда, серіктестікте 261 жұмысшыға 2013 жылдың желтоқсан айынан бүгінгі күнге дейін жалпы 15 794 853 теңге жалақыдан қарызы қалыптасқан. Бұл тұрғыда ондағы 261 жұмысшының Қазақстан Республикасы Конституциясында кепілдік берілген құқықтарына нұқсан келтіріліп, қолданыстағы Еңбек Кодексінің 23, 24-баптары мен 134-бабы 1 және 5-бөліктерінің талаптары өрескел бұзылған. Сондықтан, серіктестікте жұмыс істейтін жұмысшылардың тиесілі жалақыларының берілуін қамтамасыз етіп, заңды бұзушылықты түбегейлі жоюға бағытталған шараларды қолдану үшін аудандық прокуратура заңдылықты бұзушылықты дереу жоюға ұйғарым енгізілді. Соның нәтижесінде қалыптасқан еңбек ақы толық төленді. Осының өзі жалақы жөніндегі қарыздарды жаба тоқуға болмайтынын көрсетеді. Руслан Пірназар, Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі. Қызылорда облысы.