04 Шілде, 2014

Астананың алтын алқасы: «Астана ОПЕРА»

621 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Astana-Opera 2 Уа, әлеумет, Арқаға, Астанаға аңсарыңыз ауып, арман құшып жете қалғандай болып жатсаңыз, «сол жағалау қайда?» деп, алдымен көз сенбес ғажайып өрнектермен арудай жадыраған шаһардың жаңадан бой көтерген жағының жылылығына орануға асыға-аптығарыңыз бек мүмкін. Иә, ел жүрегі – кім-кімнің де әзіз жанына жыл құсының көктемгі сұлу әуенін қайта оралтар құштарлық. Зәулім-зәулім ақ буда бұлттардың ар жағына ала қашқан адуын құйын қиялға ерік беріп, біреу елордаға ана құшағына ерке перзенттей есі кете, еркелеп енсе, ал енді біреу елдіктің туы желбіреген жас шаһарға емірене келіп, көркем көшелерін, өң-айбат ғимараттарын ерінбей, елпілдеп аралап жүргенін көреріңіз тағы ақиқат. Қазір Астананы жаңадан салынған Қазақстанның қаласы, астанасы дей салсақ, көңілдің түбіндегі бір аяулы сезім буылып-түйіліп қалғандай бір түрлі тымырсық күй кешеміз. Астана – қазақтың рухы өршеленіп, өмірге қайта келгендей арқа-жарқа сезімге бөлеген қасиетті төрі­міз десек, міне, сол қағида әлде­қайда қазіргі мерейлі тұсқа лайық берілген баға болар еді. Өзіміз талай елдің керемет шаһарларын шарлағанда таңғажайып дүниенің талай тамашасына куә болып тұрып: «Мынадай ұлы туындыларды дүниеге әкелген неміс, франуз, қыт­ай, орыс, т.с.с. халқы неткен ақыл­гөй, неғылған данышпан ха­лық. Ұшан-теңіз мұнтаздай ға­жап дүниелерді адамзатқа сый­лаған елден біздің үйренетін нәр­семіз көп-ау», деп көңілге көкарай шуақ орнығудың орнына әжептәуір мұңға мұқалып, өзгенің мықтылығын мойындаудан басқа лаж қалмайтын. Көре алмаудан, іштарлықтан, қызғаныштан Құдай сақтасын. «Қазақ қашан осылай басқалар тамсанып, таңдай қағатын кереметке қол жеткізер екен?» деп өзіңе де жақсылық ойлаудың не жамандығы бар екен, тәйірі. Мойындадық. Мойымадық. Жаратқан жабырқатпайды. Бүгін, міне, бұрымы бұралған ерке Есілдің жағасы жамыраған халыққа толып, жайраң қаққан қо­наққа кенеліп, әлемдік кар­таға аты ардақталып жазыл­ған бұл шаһарды өзгелер мой­ын­дағанын естіп, баяғы орта көңіл шөпілдей толғанда, шат­тық­тан шалқамыздан құлап қал­май, о, тоба, шаншылып қа­­лай тік тұрмыз?! Ол ХХІ ға­сыр­дың кереметі, елдің бренді де­ген атқа ие болып жатыр. Мойындаттық. Мойындаудан мойындатуға дейінгі уақыт сынаптай зуылдаған қас-қағым ғана сәт сияқты қазір. Адамзат баласын тамсан­дыр­ған дүниедегі бүкіл керемет атаулының бәрін көкжиекке бет түзете тізбектесе, адам санасы сансыз цифрларға маталып, жасампаз құндылықтардың аяғына тез арада жете қоюымыз мүмкін емес-ау дейсің. Ақ шағаладай асқақ сымбатын анадайдан көзіңіз шалғанда әп сәтте көңіл-күйіңіз бұлақтай сыңғырлап сала беретін «Астана Опера» театрын сондай сирек қазынаның қатарына не үшін апарып қос­қы­мыз келетінін айтып көрейік. Милан – Ла Скаламен, Мәскеу – Үлкен театрымен, Нью-Йорк –Метрополитен операмен, Лондон – Ковент-Гарденімен, Венеция –Ла Феничемен, Париж Гарнье операмен асқақ, мығым. Солардың қатарында «Астана Опера» да тұрар ма еді, шіркін. Бүгінде оның сахнасында әлемнің небір дүлдүлдері келіп өнер көрсетуде. Қала күні қарсаңында «Астана Опера», «Ла Скала», «Сан-Карло» театрларының басшылары әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Театр жетекшілері кездесу барысында алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Мысалы, «La Scala» мен «Астана Опера» бірігіп, биыл күзде Дж. Вердидің «Аида» (қоюшы-режиссері – Франко Дзеффирелли, Италия) операсының тұсауын кеспек. «San Carlo» опера театрының директоры Розанна Пуркиа алдағы уақытта екіжақты гас­трольдік алмасулар жүзеге аса­тынын жеткізсе, неаполдық труппа алдағы жылы Б.Эйф­ман­­ның қойылымындағы В.Мо­царттың «Реквием» балетінің тұсауын кесуді жоспарлауда, ал «Астана Опера» театрының труппасы әріптестік жауап ретінде ондағы «Күзгі Билер – 2015» фестиваліне қатыспақ. Astana-Opera 10 Astana-Opera 17 Инфографика Астана Опера 03 07 2014 Қос театрдың жоспарында Г.Доницеттидің «Lucia di Lammermoor» қойылымын бірігіп қою және бар. Тіпті, мұ­нан бөлек, олардың алғашқы мау­сымда әлемнің 13 жетекші театрымен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қоюының өзі осы ойдың бірте-бірте жүзеге аса бастағанын көрсетпей ме? Италияның «Ла Скала» театры елорда құрметіне «Дон Кихот» спектаклін ұсынуда. Классикалық өнердің анасы дейміз бе, отаны дейміз бе, қай атқа да әбден лайық миландық жұлдыздар «Дон Кихот» балетін бес күн бойы үзбей ойнап, ұлы классикалық балеттер пантеонында өзінің лайықты орны бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Қашан «Ла Скала» Қазақ­стан­ға 100 адаммен осылай ке­­ліп еді? Қашан отандық сах­­на­да «Ла Скаланың» түп­нұс­қалық спектаклі – Лука Ронконидің қойылымындағы «Тоска» операсы көрерменмен қауышып еді? Қай елдің ба­ла­­сы Миланның жетекші солис­­ті Николетта Маннидің (Китри / Дульсинея), талантты солист Карло Ди Ланноның (Базиль), Вирно Топпи мен Антонино Сутераның, Люсимея Ди Стефано мен Клаудио Ковьеллоның шеберліктерін өз үйінде отырып тамашалап еді? Джузеппе Конте (Дон Кихот), Джанлука Скьявони (Санчо Панса), Рикардо Массими және Марко Мессина (бай ақсүйек Гамаш), Мэтью Эндикотт (Лоренцо), Алессандра Вассало (көше бишісі), Мик Зени, Марко Агустино және Массимо Гарон (Эспада), Вирна Топпи (Дриадалар Королевасы), Серена Сарнатаро (Амур), Даниелла Каваллери, Фредерико Фреси (сыған) сынды саңлақтарды жа­қын­нан көру кереметіне кім ие? Сол сияқты «Ла Скала» театры­­ның дирижері Марселло Спакаротелланың «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрімен бірге өнер көр­сетуі мұндағы талдырмаш талант­тар үшін тегін мектеп емес пе? Бұрын «Ла Скалаға» сырт­тай тамсанып: «Шіркін, бұл театрдың спектаклін тама­ша­лаудан асқан арман бар ма?» деген жалғыз ойдың құрсауында қалып қойсақ, ал қазір жағдай одан мүлде өзгеріп: «Астана Операға» билет таппай, болмаса «Қойылым қашан болар екен?» деп сыйлы қонағына ал­ды­мен театрды көрсетуді, спектакльге билет сатып алуды мұрат етіп жүрген жұртты көп ұшырататын болдық. Қара да тұр, әлі-ақ «Астана Опера» елор­даның, о не дегеніңіз, тәйірі, жал­пы, Отанымыздың мақ­та­ны­шына айналып, Астана дегенде, шетелдіктер осы театр­ды білетіндіктерін айтып, ал «Астана Опера» дегенде, Қазақ елінің атын есіне түсіріп жата­тын кез де алыс емес деген сенімнің сіздің де жүрегіңізге нық орнығуын тілейміз, ағайын. Театр сахнасының компо­зитор М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылуы ұлт мерейі үшін ұмытылмас қуаныш еді. Мұнда өткен ғасырдың күміс көмей дүлдүлдері салған сара жол бүгінгі Нұржамал Үсенбаева мен Ахмет Ағади сияқты саңлақ тұлғалар ырғағымен қайта түлеп, қалықтағаны қандай әсерлі. Дж. Вердидің «Аттила» операсы «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесерінің алғашқы кешін ашып берді. Қойылымға әлемдік деңгейдегі жұлдыздар қатысып, осы шараға орай алыс-жақын шетелдерден атбасын тіреген қонақтар жаңа театр туралы ағеділ тілектерін ақтарды. Ендігі кезекте Е.Брусилов­ский­дің «Қыз Жібек» операсын ұсыну жоспарда тұр. Оған әлемдік деңгейдегі режиссер Франко Драгоне білек сыбанып кіріскелі отыр. С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балеті жұрттың ыстық ықыласына бөленген әйгілі туындының қатарына жатады. Мұны Бордо Ұлт­тық опералық театры балеті­нің көркемдік жетекшісі Шарль Жюдтің сахналауы театр тарихындағы тағы бір айтулы жаңалық еді. Ал жа­қын­да премьерасы өткен А.Ха­ча­турянның «Спартак» балеті туралы біз алдағы уақытта өз алды­на бөлек әңгіме қозғасақ па дейміз. Италиялық опера әншілері Даниеле Дзанфардино мен Мас­си­милиано Фикера «Астана Опера» театрының мәрмәр залында ән салып, «Астана Опера» жаңа көк­жиекке бет түзеді. Мәрмәр залы­ның тұ­сау­кесеріне әзірлен­ген «Ба­рокко виртуоздары мен италиялық Бельканто ше­бер­­лері» концертінде ка­ме­ралық залдарда мүмкін бола бермейтін акустикалық кеңіс­тікке айтарлықтай жол ашыл­ды. Оның ішкі, сыртқы сәулетін қоса алғанда, барлық жағдай әлемдік стандарттарға сай келеді. Ғимаратқа ең жаңа студиялық жабдықтар қойылған, олар бар­лық спектакльдер мен кон­церттерді НD-іске асыру тәртібінде жазу мүмкіндігіне ие, сонымен қатар, көтермелі серіктік стансасы жұмыс істейді. Театрдың ерекшелігі – сахна ауқымының орасан зор кеңдігі. «Астана Опера» негізгі сахнаның, арьерсахнаның және екі қаптал қалталарының есебі бойынша спектакльдердің тоқтаусыз ци­кл­ын жүргізуге қауқарлы. Мұндай бөліну сахналық кеңістікте декорацияларды бір мезгілде 3 көрініс бойынша ұс­тауға мүмкіндік береді. Ал, дәл осы мезгілде негізгі сахна­да күрделі сценографиялық спектакль жүріп жатуы мүмкін. Таға тәрізді көрермендер залы 1250 орынға есептелінсе, ор­кестр­лік шұңқырға 120 му­зы­кант қатар орналаса ала­ды. Және мұнан басқа 26 ау­мақ­ты зал қарастырылған. Сах­на акустикасымен Италия мамандарының айналысуы сапаға өте жоғары мән берілгенін көрсететін факт. Сондықтан да әлемдік дең­гей­дегі музыканттар бірегей­лік дыбыс сапасы мықтап ескеріл­ген театрда өнер көрсетуді өздері­не үлкен мәртебе санайтын бол­ды. Залдың қай жерінде де ой­қы-шойқы нәрсе құлаққа ша­лын­байды. Паркетті еденді шәм­шат пен қайың ағашынан жа­сап, шиелі панелін жезбен қабыс­тырудың нәтижесінде пайда бол­ған тамаша акустикаға қо­са, мұндағы орынтақтар, айна­лар, декоративті мәнерлі жапсыр­малар, барлығы дерлік дыбыс дірілін жоғалту, болмаса жұтуға есептеліп жүзеге асырыл­ған. Орынтақтың еңістік бұрышы немесе айналысы миландық «Ла Скаланың» ішіндегі өрнек­тер­ге өте жақын. Айта кеткен артық болмас, «Ас­тана Опера» мемлекеттік опе­ра және балет театрының ав­торы, бас сәу­лет­шісі – ел Пре­зи­­денті Нұр­сұл­тан Назарбаев деуге болады. Елбасы ойластырған идеяны жүзеге асыруға Бед­жет Паколли атсалысқан. Театр 8,51 га жерді алып жатыр. Ғи­ма­­раттың жалпы көлемі – 64 163 шаршы метр. 1500 орын бар, соның 250 орны камералық зал­­­да орналасқан. Бұған қоса 325 орындық көлік тұрағы бар, пар­­кингке 92 көлік емін-ер­кін сыя­ды. Театрдың сыртқы ансам­б­лі көл-көсір мағынаға ие. Әрбір ба­ғана, әрбір ою-өрнектің ажары ежел­гі ата-бабалар тарихынан сыр шертер тағылымға толы. Бұл жоба үш кезеңнің үйле­сім­ді үнін білдіреді. Өткенге құр­метпен қарайтын, бүгіннен бү­тін­дікті іздейтін, ертеңге үлкен сенім артқан ұрпақтың тұтқасы дер­сің мұны. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.