Қоғам • 09 Сәуір, 2023

Қызылорда облысының әкімі жасөспірімдер арасындағы төбелеске байланысты шұғыл жиын өткізді

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында болған төбелеске байланысты шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысының әкімі жасөспірімдер арасындағы төбелеске байланысты шұғыл жиын өткізді

Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданында бұған дейін де жаппай төбелес болғанын, аудан әкімі мен жергілікті полицияның осы жағдайға жол беріп, әрекетсіздік танытқанын қатаң сынады. Бұған қоса, Қызылордадағы №217 мектеп оқушылары суық қару қолданған.

Байқоңырдағы №275 мектепте де төбелес тіркелді. Жалағаш кентінде де екі мектеп оқушысы арасында жанжал шыққан.

Полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Шәмшидин Амитов пен Қызылорданың, Қазалы және Жалағаш аудандарының әкімдері, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет жағдайға байланысты түсініктеме берді.

Облыс әкімі тәрбие жұмыстары тек есеп беру үшін өткізілетінін айтты. Жауаптылар оқиғаның алдын алудың орнына үнемі салдарымен күреседі.

Өңір басшысы төбелестің шығу себебін анықтап, шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Мұндайға жол берген, уақытылы бақылау жасамаған лауазымды тұлғалардың барлығына тиісті шара қолдану керек. Нұрлыбек Нәлібаев бұл жағдайда ата-аналар өз жауапкершілігін сезіну керек екенін ескертті. Бала тәрбиесін мектепке жүктеп қоюға болмайды.

«Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана азанда мектепке шығарып салған баласының үйге есен-сау оралатынына сенімді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция басқармаларының жауапкершілігі қаралсын. Сонымен қатар, аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті шараларын алсын»,  деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиын соңында жауапты басшыларға қала мен барлық ауданда рейд ұйымдастыру, ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде жасөспірімді 5 оқушының ұрып жатқан видеосы тарады. Күдіктілер анықталып, полция бөліміне жеткізілген.

«Аталған дерек бойынша қосымша тексеру және әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәмелетке толмаған тұлғаны ұрып-соққандығы анықталып, Қазалы аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) тіркеліп, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр»,  деп хабарлады Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.