Аймақтар • 09 Сәуір, 2023

Жезқазғанды жаңарту жобасы

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылғы наурыздың 23-інде алғаш рет Жезқазған – Қызылор­­да пойызы жолға шықты. Сол жолғы естіген әңгіме есімнен кетпейді. Жол-жөнекей мінген жолаушылардың бірі вагон сыпырушы келіншекті таниды екен, әңгімелесіп отырды.

Жезқазғанды жаңарту жобасы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Жезқазғанды аралап көр­дің бе? Қандай қала екен өзі? – деді жолай мінген жолаушы. Шамасы, Жезқазғанда болып көрмеген кісі секілді. Әйтпесе, мұндай сұрақ қоймаса керек-ті.

– Апа-ау, несін сұрайсыз? Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі Қы­зылорда есіңізде ме, қазіргі Жезқазған тап сондай, деген жауапты естіген апамыз: – Алда обалдағы-ай, түк өспей қалған жер екен ғой, – деп күрсінгендей болған еді.

Кеңес кезінде де жарқырап кете қойғаны шамалы Жезқазған 1997 жылы облыс орталығы мәр­те­бесінен айрылған соң құл­ды­ра­ған үстіне құлдырай түскені рас.

Ұлытау облысы құрылып, орталығы Жезқазған қаласы болып бекітілгелі де жылдан асып барады.

Сәрсенбіде облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қала активі қатыс­қан Жезқазған қаласын дамыту жөнінде арнайы жиын өткізді. Жиынды ашқан әкім қа­ланың қазіргі жай-күйі облыс орталығы мәртебесіне мүлдем сай келмейтінін ашық айтты.

– Үкіметте бекітілген облыс орталығы деген норматив бар. Біз сол нормативке лайық болуымыз керек. Былтырдан бері жобалар қарастырдық, жоспарлар жасадық. Енді іске кіресетін сәт туды, – деген Б.Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласын дамыту жос­парымен таныстырды. Мұнда көптеген іс-шаралар көзделген екен. Айталық, қалаішілік жолдарды жөндеу, жақсартуға 3,1 млрд теңге қарастырылған. Ал 1 млрд 744 млн теңгеге балалар­дың ойын алаңдары салынады. Қаланы көгалдандыруға 300 млн теңгеден астам қаржы қарас­ты­рылған. Тұрғын үйлердің қас­беттерін жаңартып, төбелерін жөндеу жұмыстары үшін 1,1 млрд теңге, 26 спорт алаңын жөн­деуден өткізу мақсатында 660 млн теңге бөлінеді. 29 жаңа заманауи аялдама орнату да қажет. Бұлардың сыртын­да жа­ңа­дан тұрғын үй­лер, әкім­шілік ғимараттар салу да қолға алынады. Жиында «Қазақмыс» корпорацияның ел Прези­ден­тінің тапсырмасы бойын­ша Спорт кешенін салуды бастап кеткені де айтылды. Бұдан да басқа бірнеше ірі жобалар жос­парлануда. «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан біршама жұмыстар атқарылмақшы екен. Жиын қорытындысында облыс әкімі корпорация басшылығына алғысын білдірді.

Қалай болғанда да ойға ал­ған­­ның орындалғаны жақсы. Жез­қаз­ғанды жаңарту жобасы жұрт­шылықтың көңілінен шығады деп сенеміз!

 

Абдолла ДАСТАНОВ,

журналист

 

Жезқазған қаласы