Елорда • 09 Сәуір, 2023

Белсенді өмірге бел шеше кіріс!

305 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық күнінде сала мамандары бастап, халықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру дәстүрі қалыптасқан. Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылғанына 75 жыл толыпты. Атаулы күн қарсаңында елорда тұрғындары Ботаникалық саябақта қысқа қашықтыққа жүгіріп, бой сергітіп қайтты.

Белсенді өмірге бел шеше кіріс!

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Сөзден – іске» деген ұранмен ұйымдастырылған акцияда Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғи­ният, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі, ұйымның елдегі кеңсесінің басшысы Скен­дер Сыла да төбе көрсетіп, көп­тің ортасынан табылды. Таң­ғы жаттығуға кіріспес бұрын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік ден­сау­лық күнінің мән-маңызы туралы ой қозғап, атаулы күнде ең әуелі елді саламатты өмір салтын ұста­нуға шақыру өзекті екенін айтты. Расында солай, «Ауырып ем іздеген­­ше, ауырмаудың жолын ізде­ген» әлдеқайда тиімді.

– Бүгінгі акцияға саламатты өмір салтын ұстанудың ден­саулыққа пайдасы көл-көсір екенін түсінетін қауым жиылды деп білеміз. Мұндай іс-ша­ралар еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. 1950 жылдан бастап 7 сәуір – Денсаулық күні аталып өтеді. Бағалау қоры­тындысы бойынша былтыр ере­сек­тердің тек 18%-ы ғана аптасына 150 минуттан ар­тық шы­нығатыны белгілі болды. Биыл Дүниежүзілік денсаулық күні «Баршаға денсаулық» ұра­нымен өтіп жатыр. Дені сау ұрпақ қалыптастыру – елдің басты ұста­нымы. Инфекциялық емес ауру­лардың алдын алуда саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттырып, зиянды әдеттерден арылу маңызды, – деген А.Ғиният қала тұрғындарын денсаулыққа бейжай қарамай, профилактикалық скринингтік тексеруден уақтылы өтуге ша­қырды.

Ізін ала Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының өкілі Скендер Сыла Қазақстан Үкі­метінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы инновацияларды қолдауға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.

– «Дені сау ұлт» және «Адам­дар­дың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту үшін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру жаңа Қазақстанның дамуына өз үлесін қосады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не­гізгі бастамалардың ұлттық жос­парларға инте­грациялануын жоғары баға­лайды және тех­никалық және әдіснамалық қолдау көрсетуді жал­ғастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың мәртебесін арт­тыруға және олардың құқығын қорғауға ерекше назар аударады. Біз денсаулықты нығайтуға, бейбітшілікті сақтауға үн қосып, әлеуметтік осал топтардың игі­лігі үшін қызмет етуді жалғас­тырамыз», дейді С.Сыла.

Бұдан соң саябаққа жинал­­ған қауым Астана медицина­лық университетінің жаттықты­рушысы, еркін күрес­тен спорт ше­бері Сергей Глу­шен­комен бір­ге дене қыз­дыр­атын жаттығуға кірі­сіп, кейін қашық­тыққа жү­гірді.

Әлемдік зерттеулерге сүйенер болсақ, физикалық белсенділіктің аздығынан ауруға шалдығып, мезгілсіз қайтыс болғандар көп. Физи­калық белсенділіктің азды­ғынан ауырып, өмірімен қош­тастандар әлемдегі өлім-жітімнің 6%ын құрайды екен. Одан кейінгі сатыда жоғары қан қысымы (13%), темекі шегу (9%) және қандағы глюкозаның жоғары дең­гейі (6%) тұр. Сонымен қатар артық салмақ пен семіздік әлемдегі өлім-жітімнің 5%-ын құрайды. Осы көрсеткіштер сайып келгенде саламатты өмір салтын ұстанбай, аурудың алдын алмағаннан өршіп тұр. Әрине, әр адам өз денсаулығына өзі жа­уапты. Ендеше, Денсаулық күнінде саябаққа жиналған жас­тар да көкейге көп нәрсе түйді деп сенеміз.

Ақпарат үшін еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық күніне орай елордада А.Байтұрсынұлы атындағы Binom school-да «Ден­­саулық сабағы» ашық са­бағы өтсе, № 9 қалалық ем­ханада «Ашық есік күні» ұйым­дастырылды. Сондай-ақ Ден­саулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Астана медицина университетінің сту­денттерімен кездесті.