Шахмат • 10 Сәуір, 2023

Әлем чемпионы Астанада анықталады

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ерке есілдің жағасында орналасқан елордамызда шахматтан әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Астанадағы ойлылар ойынының алтын тәжі үшін өтіп жатқан бәсекеде ресейлік гроссмейстер Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэн шеберлік байқасып жатыр.

Әлем чемпионы Астанада анықталады

Робот тартқан жеребе

Елордадағы «Астана балет» театрын­да 2023 жылғы классикалық шах­­маттан әлем чемпионатының ресми ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-ша­раға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Халықаралық шах­мат федерациясының президенті Ар­кадий Дворкович, 14-әлем чемпионы Борис Крамник, 15-әлем чемпионы Виш­ванатан Ананд, әйелдер арасында 4 дүр­кін әлем чемпионы Хоу Ифань және биыл чемпион атанудан үмітті Ян Непом­нящий мен Дин Лижэн қатысты.

Бірінші болып сөз алған Асхат Ора­лов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Сіздерді шахматтан әлем чемпио­натының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – шахматсүйер қауым үшін маңызды оқиға. Шахмат – адамға ақыл-ой қабілетін дамытуға көмектесетін ерекше спорт түрі. Біздің елімізде осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Азаматтарға, әсіресе жастарға шахмат ойнауға қа­жетті жағдайлар жасалған. Бұған ашық үйір­мелер мен 700-ге жуық мектеп дәлел бола алады. Біздің шахматшылар әлемдік аренада елімізді дәріптеп жүр. Менің ойымша, бұл маңызды оқиға шахматтың одан әрі дамуына серпін береді. Халықаралық шахмат федерациясына чемпионатты ұйымдастыруға қатысқаны үшін алғысымды білдіремін», деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Осыдан кейін Аркадий Дворкович әлем чемпионатын ашық деп жариялады.

Жарыстың ресми ашылу салтанаты шахматшылардың жеребе тарту рәсімімен аяқталды. Бір қызығы, әлем чемпионаттары тарихында жеребе тарту алғаш рет роботтың көмегімен жүзеге асырылды. Нәтижесінде, бірінші партияны Ян Непомнящий ақ тастармен бастайтын болды. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл сынақ сәтті өтіп, көптің көңілінен шығып жатса, тұрақты қолданылмақ.

 

Алтын тәж тапсырылатын орын қалай анықталды?

Әлем чемпионатының шымылдығы ресми түрілген соң, алтын тәжге таласатын екі шахматшы баспасөз мәсли­хатына қатысып, журналистердің сұ­рағына жауап берді. Сонымен қатар баспасөз жиынына ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті, әлем чемпионатының бас серіктесі және ұйымдастырушысы – Freedom Holding Corp компаниясының басшысы Тимур Турлов та қатысты.

Аркадий Дворкович Астанадағы чемпионатының 1948 жылғы әлем бірін­шілігімен тікелей байланысы бар екенін тілге тиек етті.

– 1948 жылы Александр Алехин қайтыс болған соң ФИДЕ жаңа әлем чемпионын анықтау үшін алты ойыншы арасында турнир өткізуге шешім қабылдаған еді. Оған Махгилис Эйв, Михаил Ботвинник, Пауль Керес, Сало­мон Флор, Самуэль Решевский және Ройбен Файн қатысуы керек еді. Алайда Файн матчқа бірнеше күн қалғанда турнирге қатысудан бас тартып, ұйымдастырушыларды әбігерге салып қойды. Себебі оның орнына басқа шахматшыны шақыруға уақыт аз еді. Сөйтіп, чемпионат бес ойыншы арасындағы айналмалы турнир ретінде өткізілді, – деп өткен шақты есіне алған ФИДЕ президенті, – биылғы әлем чемпионатында өз атағын қорғауға тиіс болған Магнус Карлсен бірнеше ай бұрын жарысқа қатысудан бас тартты. Абырой болғанда, біз оның орнына қатысатын шахматшыны тез арада анықтап үлгердік», деді А.Дворкович.

Сонымен қатар ол әлемдік шахмат тәжі тапсырылатын орынды қалай анықтағанын да айтып берді.

«Біз әлем чемпионатын Аргентинада өткізуді жоспарлаған едік. Алайда жыл басында бізге Қазақстан шахмат федерациясынан маңызды ұсыныс келіп түсті. Ойлана келе біз бұл ұсынысты қабыл алдық. Оның үстіне Қазақстан астанасы екі шахматшыға да географиялық жағынан ыңғайлы. Сонымен қатар екі елдің шахмат жанкүйерлеріне де ойынды тамашалау үшін уақыт белдеуі қолайлы болған соң Астананы таңдадық», деді ол.

Ал Тимур Турлов БАҚ өкілдерінің «Шахматтан әлем чемпионаты неліктен Астанада өтіп жатыр?» деген сұрағына былай жауап берді.

– Өздеріңізге мәлім, кейінгі жылдары Қазақстанда шахмат спорты өте қарқынды дамып келеді. Былтыр әлем чемпионатын ұйымдастырдық. Бай­қағанымыздай, осы әлем біріншілігінен кейін бізде шахмат ойнау мәдениеті қалыптасып жатыр. Сондықтан шахмат әлеміндегі тағы бір бірегей оқиғаны Қазақстанда өткізгіміз келді. Бұдан біздің ел ұтпаса, еш ұтылмайды. Біз бұл мүм­кіндікті тиімді пайдаланып, елімізді спорттық ұлт ретінде әлемге танытып, өскелең ұрпақты шахматпен айналысуға және әлемнің ең үздік екі шахматшысының ойынын көру арқылы жастарымызды шабыттандырғымыз келді, – деді Т.Турлов.

Ал Ян Непомнящий «Екі жылдың ішінде ойын мәнерімді біршама жақсар­туға тырыстым. Ең бастысы – менде әлемдік шахмат тәжі үшін бақ сынайтын екінші мүмкіндік туып тұр. Кейінгі екі жылда тәуір ойнадым деп ойлаймын және осы уақыт аралығында командамда айтарлықтай өзгеріс болды. Ескі адамдар кетіп, жаңалары келеді. Сондықтан мен бұл ойынға жақсы дайындықпен келдім», деп ағынан жарылды.

Әлемдік рейтингте үшінші орынға жайғасқан қытайлық Дин Лижэн тарихта әлем чемпионы болған алғашқы қытайлық ойыншы атанғысы келетінін жасырмады. «Шахматтан әлем чемпионаттары тарихында алтын тәжді иеленген бірінші қытайлық шахматшы және әлемнің 17-чемпионы болғым келеді. Егер мұны істеу қолымнан келсе, бұл мен үшін үлкен мақтаныш әрі айтулы жетістік болмақ», деді ол. Дин сонымен қатар Магнус Карлсеннің әлем чемпионы атағын қорғаудан бас тарқанына таңғалғанын мәлімдеді. «Бұл хабарды естігенде мен қатты таңғалдым. Расымен, Магнустың әлем чемпионы атағынан оңай ғана бас тарта салғаны мен үшін күтпеген жағдай болды».

Сондай-ақ журналистер қытайлық гроссмейстерден Астанадағы әлем чемпионатына қанша адам дайындап, оған көмектесетін командасының саны тура­лы да сұрады. Ол өз командасына аса көп адам жұмыс істемейтінін, тіпті былтыр Мадридте ұйымдастырылған үміткерлер турниріндегі көмекшілерімен салыстырғанда Астанадағы жарыста әлдеқайда аз деп жауап берді.

 

Қазақ боп көрген Ананд

Әлем чемпионатының аясында үндістандық гроссмейстер, шахматтан 15-әлем чемпионы Виши Ананд астаналық Әбдірахманның тұсауын кесті. «Тұсаукесерді осы айға жоспарлап отырғанбыз. Дәл қазір астанамызда ауқымды шахмат мерекесі өтіп жатқандықтан, біз тәуекел деп даңқты шахматшыға ұсыныс жасадық. Ол кісінің ұсынысымыздан бас тартпағанына өте ризамыз», деді қуанышын жасыра алмаған Әбдірахманның анасы.

«Баланың тұсауын кесу – мен үшін мәртебе. Әбдірахманға бар жақсылықты, зор денсаулық пен бақыт тілеймін. Балам, өмір бойы өзіңді бақытты ететін ма­мандықты таңда», деп Ананд Әбдірах­манға ізгі тілетін айтты.

Ян Непомнящий мен Дин Лирен арасындағы әлем чемпионатының барлық кездесуі (14 ойын) Астанадағы «St. Regis Astana» қонақүйінде өтеді. Бәсеке елорда уақытымен күн сайын сағат 15.00-де басталады. Ал жаһандық дода 1 мамырға дейін жалғасады.