04 Шілде, 2014

Ағаның алды –ақ жайлау

7393 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Ага Туған бауырдың бауырмалдығы жайлы аңызды әркімнің естуі бар шығар. Ертеде, жаугершілік заманда бейқам отырған ауылды жау шабады. Жау жақындап келіп қалды дегенде, қолы жеткендері бір-бір атқа қонбай ма. Алды-артына қарамай бір пақырың қашып бара жатқанда алдынан баласы мен туған бауыры қатар шығады. Сонда баласы әкесін өзімсініп, атқа қарғып мініп, мінгесіп алады. Ал дәл алдында тұрған бауыры болса жаутаңдай: «Мен жаудың қолында қалып барамын», дегендей аянышты көзбен қиыла қарайды. Қысылтаяңда бауыр мен баланы таңдау сынға түседі. Бауыр дегенде ет жүрегі елжіреген әлгі пақырың, артына мінгескен ұлына бұрылып: «Атасы басқа, аттан түс», деп баласын түсіріп, бауырын алып кеткен екен дейді. Сонда бұл аңыз кейбір кездері баладан да бауыр жақын болатын сәттер ұшырасады дегенді меңзесе керек. Осы реттен келгенде Елбасымен бірге туысып, ет жүрегі елжірейтін інісі, Назарбаевтар әулетінің қара орманы – қара шаңырақтың иесі Болат ӘБІШҰЛЫНЫҢ да бауыры жайлы айтары бар... – Бөке, құдайшылығына келсек, Президенттің туған бауыры болу бөлекше бақыт қой. Сондықтан да Президентке өмірдегі ең ет жақын, ең тілеуқор, ең жанашыр адам екеніңізді кесіп айтпай-ақ қойсақ та, ақиқаты солай. Жалпы, сіздің ұғымыңызда бауырды қалай түсінесіз? – Туыстық бауыр деген үлкен ұғым ғой. Дұрыс ұғынған адамға оның астарында талай дүние жатыр. Енді ет жақын бауырға қарама-қарсы «тас бауыр» деген ұғым да бар. Есенқұл бауырым айтпақшы: «Аға деп барсаң ағаға, Ағаның көңілі көкте жүр. Іні деп барсаң ініге, інінің бауыры көк темірлер» де кездеседі. Сондықтан бауырды әркім өзінше, өзінің ақылы жеткен жеріне дейін түсінеді деп білемін. Шынымды айтсам, Ағаны кейде бауырымдай сезінсем, кейде баласындай сезінемін. Өйткені, бір жағынан жас алшақтығымыз болса (Ағаның он үш жас үлкендігі бар), екінші жағынан үйдің үлкені, бас көтерер баласы болғандықтан ата-анамыз дүниеден өткеннен бері әке орнындағы – әкеміз. Аға қай жағынан болсын – бауырлық парызын да, ағалық міндетін де, перзенттік қарызын да адал өтеп жүрген адам. Себебі, ағалық, бауыр­л­ық, перзенттік өнеге көрсете біледі. Ол кісі­мен отырып сөйлесіп, сырласқан кезімде жаным тазарып шығады. Осындай бауырымның болға­нына тәубешілік жасап, Жаратқанға мың да бір алғысымды жаудырып жүремін. Ал теледидардан көрген сайын ет жүрегім елжіреп тұрады. Өйткені, Президент болудың, бүкіл бір елдің жүгін, аманатын арқалап жүру, бүгінгідей көк кептердің мойнындай қылтылдап тұрған мынандай заманда ел басқарудың қандай қиын екенін сеземін. Кейде теледидардан көзінің асты ісініп тұрғанын көргенде жүрегім ауырады. Бір отбасын алып жүрудің өзі қиын болғанда, бүтіндей бір ұлт, бір мемлекет бетіне қарап отырған адам­ға қаншалықты күш түсетінін, мен айтпасам да жұрттың бәрі түсінеді деп білемін. «Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» деген, Аға менің пейілімді біледі, сезеді деп ойлаймын. Ағаның алды  – ақ жайлау деген рас. – Ендеше, Елбасына лайықты іні болу оңай емес дейсіз ғой? – Маған осы сауалды көп қояды. Әрине, біріншіден, мұндай Аға маған Жаратқанның берген сыйы, бағы. Екіншіден, жауапкершілік. Қолайсыздық туғызатын жағдайлар да бар. Бір қиын жері, үлкен кісінің інісісің ғой деп, қолым­да билік тұрғандай алдыма жағдай­ларын айтып келушілер көп. Кейде ауыр қылмыс жасаған баласын түрмеден шығарып бер деп, болмаса «несиеге ақша алып едік, төлей алмай жатырмыз», «баламды жұмыс­қа қойып бер» дегендей, неше түрлі жағ­дайларын айтады. «Адам өлтірген бала­­ңызды қалай ақтаймыз, өлген бала да бі­реудің баласы емес пе? Оның үстіне Ішкі істер министрі емеспін ғой» десең, айт­қанды түсінбей, қарғап-сілеп кетеді. Ал шын­дығында, жоқ-жітік жағдай айтып қиналып келген адамдарға көмегімді беру­ге тырысамын. Ойлаңызшы, келген адам­ның бәріне көмектесу мүмкін емес қой. Өзіңіз білесіз, ешқандай саясатқа араласпаймын. Ешқандай жауапты қызметте жоқпын. Шамалғанда жүргізушіден бас­тап механик, автопарк директорының орынбасары, Қаскелеңде нан зауыты директорының орынбасары болдым. Қазір бизнеспен айналысамын. Көзін тапқан адамға жалғыз маған емес, бар­лығына жол ашық. Әрине, әр бизнес­тің өзінің қиыншылығы, оны бастауын бастағанмен жүргізу бар дегендей... – Жақсы жеңге де шешенің орнын алмас­тырып жатады емес пе... – Меніңше, анаңның қолына келін болып түсіп, ол кісінің көзін көрген адам – анаңның орнына жүреді екен. Бүгінде Сара Алпысқызы жеңгеміз емес, анамыздың орнында. Кейде қайны болып еркелейсің, кейде кіші болған соң айтатын кеңестері болады. Сөйтіп, жеңгең анаңның айтқан ақылдарына жақын­дап кетеді. Оның үстіне, жалпы ер азамат­қа анадан кейін ең жақын адам әйелі ғой. Яғни, Ағаңның тілеуін тілейтін де жеңгең. Сондықтан жақсы жеңгені ана­мен байланыстыруға әбден болады. Әрине, кейде ренжуі мүмкін. Өйткені, кей­бір кездері баласындай көрінеміз. Жең­гем әулеттің үлкені болған соң, бәрі­міз­дің абыройымызды ойлайды, тілеуімізді тілейді. Светлана жеңгемнің де жөні бөлек. Сатыбалды ағамның түтінін түтетіп, атын да, отын да өшірмей, балаларына жақсы тәрбие беріп, ел алдында атқа мінетін азаматтар етіп шығарғанына дән разымын. Әнипа әпкемнің де Аға дегенде жаны қалмай тұрады. Біз өзі көп емеспіз ғой. Қазір Әнипаны Шамалғанға, жаныма көшіріп әкелдім. – Қазақта кенже ұл қарашаңырақта қалып, сол әулеттің отын өшірмей, түтінін түте­тіп отырады. Сондықтан қара шаңырақта отыр­ған баланың жасы кіші болса да, жолы үлкен. Өскен ұясы – қара шаңыраққа келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы өзін қалай ұстайды, қалай сезінеді? Көңіл толқулары бола ма? – Ауылға жиі келеді деп айта алмаймын. Жылына екі-үш рет келіп кетеді. Әрине, бір минөтке артқа бұрылуға уақыты жоқ, елдің қамымен жүрген Мемлекет басшысының бір сәт пенде ретінде өз үйі, өлең төсегіне келгендегі көңіл толқуын көру мен үшін бір ғанибет сәт. Үлкен үй бар балаға ортақ қой. Әрі әркімнің өзі туып-өскен үйі өзіне құттыхана мешіт емес пе. Әрине, інісінің үйіне келгенде Президент емес, баяғы бірге өскен бауыр ретінде өзін еркін сезініп, арқа-жарқа күліп, бір рахаттанып демалады. Қара шаңыраққа келмес бұрын міндетті түрде ата-анамыздың, қайтыс болған бауырымыз Сатыбалдының басына барып, құран оқытып, тәу етіп шығады. Байқаймын, Ағаның ауылға аңқасы ашылып келеді. Алдымен аулаға кіре берістегі өсіп тұрған, мүмкін өзімен жасты да шығар, әкей отырғызған емен ағашын құшақтап ұзақ тұрады. Қазір ол еменге екі адамның құшағы әзер жетеді. Сол еменді құшақтап тұрғанда балалық күндерін, ата-анамызды есіне түсіретін шығар. Мауқын басқан соң ауланы аралап, үйге кіреді. «Мынау інімнің үйі, осы шаңырақта туып-өстім» деп іштей марқаятын болуы керек, қашанда қасына достарын, сыйлас інілерін ертіп келеді. Үйге келген соң ауылдың жағдайын, ағайын-туыстардың, көрші-қолаңның жағдайын сұрайды. Дереу көрші тұратын Әнипаны шақыртып алады. Өздеріңіз білесіздер, аға әзіл-қалжыңға жаны жақын адам, дастарқан басында өте көңілді отырады. Сосын басымыз қосылғанда ата-анамыз, туыстар жайлы естелік айтып, қызық оқиғаларды еске түсіріп, мәре-сәре боламыз. Уақыты болғанда домбыра алдырып, қоңыр дауысымен ән салады. Ағаның балалық шағы Үшқоңыр жайлауында өткен ғой, ретін тауып бір рет болса да жайлауға шығып, аунап-қунап, атқа мініп қайтатыны да бар. Байқаймын, мені көрген жерде баланың кішісі болып, қара шаңырақта отырған соң қашанда көңілімді аулауға тырысады. Мұндай Ағаға не айтасың. Кейде ағайынды үшеуміз сырласа қалғанда: «Әнипа, Болат! Менің тілеуімді тілейтін сендердей бауырдың болғаны қандай жақсы! Ата-анамның көздерісіңдер ғой?» деп ағынан жарыла бауырмалдықтың, туғандықтың ең биік қасиет екенін осылай жеткізетін. – Бөке, ағадан кейін сіздің Сатыбалды деген бауырыңыз болды. Бауыр туралы сөз болған соң, марқұм ол кісі жайлы сөз ете кетпесек болмас... – Анамыз Әлжан бір перзентке зар болып, әулиелердің басына түнеп жүріп Ағаны 1940 жылы 30 жасында туған ғой. Одан кейін де бала тұрақтамай арасы ұзап кеткен соң, 1947 жылы дүниеге келген осы ағам туғанда көршімізден терезеден сатып алып, атын Сатыбалды қойған. Әнипа 1950 жылғы, мені анам 43 жасында 1953 жылы туып, «енді болады» деп есімімді Болат деп қойған екен. Өздеріңіз білесіздер, біздің арғы атамыздан батырлық үзілмеген, би, шешен болған ғой. Бабаларымыз еңсегей бойлы Есім ханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайдың ұлы Көшек батыр, одан Назарбай би тарайды. Жауырыны қақпақтай, бойы биік, ірі денелі Сатыбалды ағамды көргендер батыр бабаларына тартқан деп жататын. Марқұм қайтыс болғанда табытқа әзер сыйып жатты. Сатыбалды ағамның ірілігіне, бойшаңдығына балалары Қайрат пен Самат тартқан. Бауырмалдық жайлы сөз етіп жатырмыз ғой, аға Теміртауда жұмыс істеп жүргенде Сатыбалды ағамды қаланың өмірін көрсін деп, қолына алып 8-ші сыныпты сонда оқытты. Одан кейін әкеміздің көзі көрмей қалған соң, жұмыс істеп кішкентай да болса үйге көмегін тигізсін деп Ұзынағаштағы СПТУ-ға түсірді. Әскерден келген соң 20 жасында Светлана жеңгемізге үйленді. Әкеміз де әзіл-қалжыңға жақын адам еді ғой, балаларымен қалжыңдасып отыратын. Жаңа айттым ғой, ол кезде әкеміз жанарынан айырылып, бәрін жобалап қана сезетін. Көптен күткен келін түскенде ғой, әкем қуанып, Света жеңгемнің қолынан ұстап, маңдайынан сүйіп, айналып, толғанып болған соң: «Айналайын, қызым-ау, мына біздің Дәуге қайдан тап болғансың? Қолың тіпті нәп-нәзік қой, балам?» деп бәрімізді күлдіргені бар. – Анаңызды сағынып жүрсіз бе?.. – Сағынғанда қандай. Көңілімізде көп өкініш бар. Анам небәрі 67 жасына қараған шағында ауыр науқастан дүниеден озды. Анамызды жеңеше деуші едік. Өйткені, Ағаны әкеміздің шешесі Мырзабала апамыз бауырына басып, еншілеп алған соң анамызды жеңеше деп айтқызған ғой. Аға жеңеше деген соң, бәріміз солай атап кеттік. Немерелері «апа» деп Дариғадан бастап айтты. Анамның жүрегінің кеңдігі ғой, мені кішкене кезімде бірге туған да емес, бала көрмей зарығып жүрген жамағайындарының бауырына салып берді. Өйткені, өзі де сол жағдайды басынан өткерді ғой. Ойланбай бергені, әрі көңіліне медеу болғаны – Мәмбетбай атам мен Бүбәй апамды қолдарына алып, бір аулада тұрдық. Шамасы, баласының көз алдында жүріп, өзі байқап, бақылап отыратынын ана жүрегі есепке алса керек. Атам мен апам тегімді өздерінің атына жаздыруды сұрағанда, анам Ағаммен ақылдасса: «Жеңеше, өзіміз де көп емеспіз ғой. Бала бергенмен, фамилиясын бермеңіз» деп, қарсы болған екен. Мәмбетбай атам мен Бүбәй апам бетіме ешкімді қаратпай өсірді. Екі үйдің арасында шолжаңдап өстім. Аналық мейірі ғой, шешеміз әр баладан бір-бір немеремді бағып беремін деп отыратын. Сол айтқанына жетті. Ең үлкен немересі Дариға туғанда, ол кісілер қатты қуанып, дереу Қарағандыға ұшып барып, Сара тәтем екеуін әкеліп алды. Қырқынан шыққан соң Сара тәтем инс­ти­тутта сырттай оқиды екен, сессия­сына кетті де, содан Дариғаны бауырына басып, бермей біздің қолымызда болды. Анамыз уәдесінде тұрып, Сатыбалдыдан Қайратты, Әнипадан Эльмирамызды, менің тұңғышым Гүлмирамды ең қиын кішкене кезінде бағып берді. Ал Дариғаны үшінші сыныпқа көшкенде ауырып, күші кете бастағанын сезіп, ата-анасына аманаттап тапсырды. Бір айта кетерім, мен Талдықорған облысы, Қаратал ауданы Бірінші Май (қазіргі Көкпекті) ауылына жолдамамен барып үш жыл жұмыс істеп қайтқан Сатыбалды ағам мен Света жеңгемнің қолында екі жыл тұрдым. Сонда жүріп бүгінде үш баламның анасы, жұбайым Гүлжанмен таныстым. Қазақтың жөн-жоралғысымен құда түсуге Аға да барды. Гүлжанға бәріміздің риза болатынымыз, анаммен бірге тұрған үш жылда өзінің келіндік парызын адал атқарды. Ауырып жүрген соңғы кездерінде күн-түн демей күтіп, қас-қабағына қарап, батасын алды. Гүлжанға сол анамызға жасаған қызметі үшін рахмет. Анам Ағаны басқа балаларына қарағанда ерекше жақсы көрді. Бала­сының қасында болуын армандаған анамыз Сұлтанының Алматыға оралуын сағынышпен күте-күте 1977 жылы өмірден озды. «Елдің бәріне Алматыдан жұмыс табылғанда, менің Сұлтаныма жұмыс табылмай Қарағандыда жүр» деп жиі айтып отыратын. «Менің Сұлтаным жұмыс істеп, ақшасын жіберіпті» деп, болмаса газетке аға туралы мақала шықса абысын-ажындарын, көрші-қолаңды жинап, етін асып, «жуып» беретін. Бауыр болған соң сағынамыз ғой, әйтпесе, ағамның азамат ретінде, қайраткер ретінде Арқа жерінде қалыптасқаны анық. Теміртаудағы дом­нада құрыштай шыңдалып шыққанның арқасында ағам Президент бола алды деп ойлаймын. Жеңешем мектепте жүргенде: «Сұлтаным сабақтан бас алмайтын. Сиырдың алдынан шық дегенде де, сабағын оқып отырып алатын. Осы балама оқу өтіп кете ме деп қорықсам, сендерді оқыта алмадым», деп кеюші еді. «Ана сүтімен бітпеген қасиет, тана сүтімен бітпейді» деген, меніңше, ел басқаратын адамның мінез-құлқы сол бала кезден пайда болды ма деймін. Біздің отбасымызда бар қасиетті сол кісіге үйіп-төгіп берген ғой. Ағада барлық қасиет бар: шешендік, көсемдік, есте сақтау қабілеті қандай керемет. Мен өзі көп сөйлемейтіндердің қатарынанмын. Сіз суыртпақтап, жетелеп отырған соң, оның үстіне ағаға деген көңілімді, жүрегімді білдіретін уақыт жетті ғой деп шешіліп отырмын. Қазір мен де пайғамбар жасына жақындап қалдым. Байқағаным, адамның ата-анаға деген сағынышы ешқашан басылмайды екен. Сонда ана мен бала мәңгілік пе деймін. Өйткені, қандай жағдайда да – қуанғанда да, басыңа іс түскенде де ең жанашыр, адал тілеуіңді тілейтін, шын қуанатын адамды іздейді екенсің. Міне, сол кезде анамды ойлаймын. Сөйтем де, анасы бар адамдарға қызығамын. Маған ақ жаулық салған апалардың бәрі бір-біріне ұқсайтын сияқты да, оларды көрсем-ақ жеңешемді еске түсіреді. Бір түйгенім, ішінара болмаса, кез келген перзент ата-ана алдындағы парызынан уақытында құтыла алмайды. Біздің де өкінішіміз көп. Кейде отырып: «Анамызға ең болмағанда енді бір он жыл ғұмыр бергенде Сұлтанының Алматыға келгенін, елді басқарғанын көріп, қандай перзент өсіргеніне бір масайрап, Жаратқан Иесіне риза болып өмірден өтер еді», деп те армандаймыз. – Бүгінде қайырымдылық жасауды нау­қанға айналдырып, ұпай жинайтындар, көмек­тесіп жүрмін деп жар салып, арзан атақ жинаушылар кездесіп жатады. Бірде пер­зентханадағы жаңа босанған аналарға көмек жасаймыз деген бір кәсіпкер бүкіл газет, телеарнадан журналистерді жинады. Сондағы шақырғанда бергені – он әйелге балалардың бір-бір памперсі... Білуімше, сіз осы уақытқа дейін қаншама қайырымдылық акциясын өткіздіңіз, қаншама өнер адамдарына демеушілік көрсетіп келесіз. Сыныптас, ауылдас, дос, ағайын-туғандарыңызға көрсеткен көмегіңіз өз алдына. «Егемен Қазақстанға» да бес-алты жыл қатарынан ардагерлер, зиялы қауым өкілдеріне 200 данадан газетке жазылуда қолұшыңызды бердіңіз. Жақсылықты айғайлап жасамайтындардың «сортынан» екеніңізді білеміз... – «Үндемей жасаған жақсылықтың сауабы артық» деген хадис бар екен. «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» деген де қағида бар. Меніңше, қайырымдылық жасауды жарысқа салудың қажеті жоқ. Бергеніңді басына ұрып, елге айтып бергеннің не қадірі бар. Келген қонағымызға аузымыздан жырып асымызды, астымыздан түсіп атымызды беретін қазақ емес пе едік. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел емес пе едік. – Қазақта «Екі тойың қабат келсін, екі дүниең абат болсын» деген сөз бар. Елбасының туған күні мен Астананың күні қатар келіп жатыр екен, не айтасыз? – Бала кезімізден анамыз 6 шілдеде: «Бүгін Сұл­танымның туған күні ғой. Жарығым, аман болса екен», деп айтып отыратын. Ағам Аста­наны төл перзентіндей көреді. Астананың күн сайын сәнденіп, салтанаттанып келе жат­қанына жұрттың бәрі куә. Сырттағы ел, келетін қай деңгейдегі қонақ болсын мемлекеттің дәре­жесін, деңгейін Астанасына да қарап баға­лап жатады емес пе. Осы реттен келгенде еуропалық жаңа үлгідегі барлық жағы­нан ойластырылып, қарастырылған ХХІ ғасырға лайықты елорда болып тұр. Астаналықтарға ашық аспан тілеймін, ниеті жақсы қонақтар келсін деймін. Ал Ағатайымның туған күнінде ол кісіге сыйлық жасауға келгенде қиналамын. Өйткені, ол кісіде бәрі бар болуы керек деп ойлаймын. Туған күні болмаса да Жаратқаннан: «Пешенеме осындай бауыр берген екенсің, енді соның амандығын бере гөр, егемен еліміздің бағы баянды болуы үшін күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген пендеңізге байлықтың төресі – денсаулық бере гөр, абыройын асыра гөр», деп іштей тілеймін. Айттым ғой, мен кейде ойлаған ойымды, тілегімді сіздер сияқты көпшіліктің ара­сында жеткізе алмаймын деп. Содан мынадай амал ойлап таптым. Осы ойларымды, Ағаға деген тілегімді ақын Шөмішбай Сариевке айтып беріп, «Аға» деген ән жаздырдым. Барылдаған дауысым бар, бірақ «Ағаны» айтқанда көңілім босап сала береді. Сол әннің ішінде Ағаға деген тілегімнің бәрі айтылған.   – Ыңылдап болса да айтып көрсеңіз... Қазағымда кең көсілген далам бар, Жебеп жүрер әкем және анам бар. Бәрінен де Тәңірі өзі сыйлаған, Алатаудай арқа сүйер Ағам бар. Қайырмасы: Бауырым-Аға, тағдырың бар биіктерде сыналған, Тәңірім өзі сол биікке, сол биікке шығарған. Алдымызда Аға бола білдің сен, Саған лайық іні болу бір арман. Елің үшін жаурап кейде тоңдың сен, Саған тілек тілеп жүрем жол жүрсем. Алатаудай арқа сүйер қазақтың, Елін сүйер ел Ағасы болдың сен. Сәулесін сен ерте көрдің таңның да, Ұлтың үшін жүз өртеніп, жандың да. Достарың көп, дұшпаның да аз емес, Алатаудай Аға болдың алдымда. Таулар менен кең дала ғой кеңісім, Өзің салған дәмнен көрдім жемісін. Алатауым арқа сүйер, аман бол, Қазақ үшін, ұлтың үшін, ел үшін.   ... Иә, Ағаға лайықты іні болу бір арман!.. – Әдемі әңгімеңізге, әніңізге де рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».