Спорт • 10 Сәуір, 2023

Қазақстан дзюдошылары Азия кубогында үздік атанды

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда кадеттер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан рейтингтік Азия кубогы мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан дзюдошылары Азия кубогында үздік атанды

Жарысқа барлығы 680 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы турнирді жалпы медальдық есепте бірінші орынмен аяқтады. Біздің жас дзюдошылар 7 алтын, 6 күміс және 14 қола медаль жеңіп алды. Алғашқы үштікке Өзбекстан мен Қырғызстан командалары да кірді.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері рейтингтік ұпайларға ие болды. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережелері бойынша чемпиондар 100 ұпай, күміс жүлдегерлер 60 ұпай, қола жүлдегерлер 40 ұпай алу керек. Бұл ұпайлар спортшыларға Әлем чемпионатына іріктеу жарыстарына қатысуға мүмкіндік береді.

Турнир аясында судьяларға арналған халықаралық семинар-емтихан да өтті. Оның қорытындысы бойынша екі қазақстандық маманға IJF континенталды судьясы атағы берілді, бір төреші халықаралық судья мәртебесін алды.

«Дзюдошыларымыз Азия кубогында үздік нәтиже көрсетті. Жеңімпаздарға рейтингтік ұпай берілетін болғандықтан осал қарсылас болған жоқ. Жас спортшылардың жетістіктері отандық дзюдо күресі дұрыс бағытта дамып жатқанын және болашағы зор екенін көрсетеді. Елімізде аталған спорт түріне ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, жаңа әрі қолжетімді спорт нысандарын салып жатырмыз. Сондай-ақ дзюдо өте жоғары деңгейде дамыған Франция сияқты елдерден жаттықтырушы-кеңесшілерді жиі шақырамыз. Спортшыларымызды жетістіктерімен құттықтаймын және болашақта оларға бұдан да жоғары нәтижелер тілеймін», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Биыл кадеттер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан Азия кубогы алтыншы мәрте өткізілді. Жарысқа 2006-2007 және 2003-2005 жылғы спортшылар қатысты.