Еліміздің инновациялық жүрегі
Жексенбек ӘДІЛОВ, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры. Астананың тұсауы кесілген сәттен бастап Қазақстан «Астананың ұлы дәуірі» деп есептеуге толық құқығы бар тарихтың жаңа кезеңін бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабының тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде былай деп атап өтті: «1994 жылы мен шешім қабылдап, Парламент Мәжілісінде алғаш рет өзімнің астананы көшіру туралы бастамамды айттым... Мұндай шешімді қабылдамас бұрын мен ұзақ ойландым, барлық қадамдарды есептедім, тарихшылармен, саясаттанушылармен және мәдениеттанушылармен ақылдастым, түрлі мемлекеттердің астананы ауыстыру тарихымен таныстым...». Әлемдік тәжірибеде астаналарды ауыстырған мысалдар аз емес және оны жаңа даму кезеңінің келбеті деуге де болады. Қазақстан – ТМД мемелекеттері қатарында осындай жобаны жүзеге асыруға бел буған жалғыз ел. Өткен уақыт ең әділ әрі объективті төрелік жасап, Елбасының кемеңгерлігі мен көрегенділігін көрсетті. Астананың тағдыры – ыдыраған ұлы державаның көлеңкесінде ешкімге белгісіз, ешкім білмейтін елден бүгінгі таңда ғаламдық қауымдастықта танылып, үлкен абыройға ие болып, қарқынды дамып келе жатқан заманауи мемлекетке дейінгі жолдан өткен тәуелсіз Қазақстанның тағдыры. Астананы көшіру жөніндегі алып жобаның табысты жүзеге асырылуы Қазақстанды дамудың бірегей жолына бастап, үлкен тарихи бетбұрыс жасады. Астананың аты Еуразия мен Солтүстік Американың 56 елінің мемлекет және үкімет басшыларының басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның ХХI ғасырдағы тұңғыш саммиті өткен қала ретінде ғаламдық тарихқа енді. Өткен төрт жылдың ішінде ғана Астана қаласы VII Қысқы Азия ойындарын, Дүниежүзілік туристік ұйымдар Бас ассамблеясының XVIII сессиясын, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің XXXVIII сессиясын қабылдады. 2003 жылдан бастап әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезі, көптеген ірі халықаралық форумдар өткізілді. Астана ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығын иеленіп, «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Астанада ең ауқымды «G-Global» халықаралық зерттеу жобасы жүзеге асырылып, бірнеше жыл қатарынан Астана экономикалық форумдары өткізілуде. 2008 жылдан бері АЭФ қазіргі заманның негізгі экономикалық және әлеуметтік қиыншылықтарымен күресу жолдарын айқындау үшін ғаламдық көшбасшылардың, сарапшылардың және бизнес-қауымдастықтар өкілдерінің басын қосып келеді. Мамандығы бойынша инженер, бітім-болмысы бойынша жасампаз Елбасымыз Н.Назарбаев жаңа астананың салынуы бүкіл еліміз дамуының қозғаушы күші болатынын айқын түсінді. Бүгінгі нәтиже көз алдымызда – Астана Қазақстан үшін мүлде жаңа өндіріс салаларының қайнар көзіне, еліміздің инновациялық жүрегіне, инновациялық дамудың іргетасына айналды. Астана құрылысының негізгі идеясы оның сәулетіне Батыстың парасаттылығы мен Шығыстың талғампаздығын, Еуропаның асқақтығы мен Азияның сонылығын үйлестіру болып табылады. Астананың «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» сәулет кешені, «Хан Шатыр» кешені, «Астана Опера», «Мәңгілік ел» сияқты көрнекті орындарының тың идеялары мен бейнелерін кәсіби сәулетшілерге Елбасының өзі ұсынған болатын. Бүгінгі Астана – әлемдік сәулет ғұламаларының тәжірибе алаңы. Қала келбетін көріктендіру үшін ХХІ ғасырдағы қала құрылысының ең алдыңғы қатарлы технологиялары мен өнердің инновациялық әдістері қолданылып, әлемге аты танымал қазіргі қала құрылысы шеберлерінің аса жоғары техникалық деңгейдегі бірқатар жобалары іске асырылуда. Бұл жобаның лайықты орны ретінде адам аяғы баспаған сайын кең дала – Есіл өзенінің сол жағалауы таңдалып, сол жерде жаңа астананың зәулім ғимараттары бой көтеруде. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру мемлекеттік бағдарламасы аясында астананы индустрияландыру қарқыны инженерлік ғылымды дамытуға күшті серпін бере келе, еліміздегі экономиканың жаңа технологиялық қалпының қалыптасуына қажет мамандарға сұраныс туғызуда. Бұл мәселені шешуде Президенттің бастамасымен құрылған Назарбаев Университетінің маңызы ерекше. Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуін қамтамасыз ету міндетін алға қойған Университет қазақстандық жоғары оқу орындары үшін халықаралық дәрежедегі мамандарды даярлау және білім, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдасуының моделі болып табылады. Қазір Назарбаев Университеті жанынан Энергетикалық зерттеу орталығы, Өмір туралы ғылым орталығы, Білім беру саясаты орталығынан тұратын ұлттық инновациялық-интеллектуалдық кластер қарқынды қалыптастырылуда. Еліміздің жетекші техникалық университеттерінің бірі ретінде, биылғы жылы өзінің 80 жылдығын атап өткелі отырған Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті де Астананың дамуына өз үлесін қосуда. Университет мемлекеттік индустриялық-инновациялық қарқынды даму бағдарламасын қамтамасыз ететін кадрларды дайындаумен қатар, тау-кен-металлургия, мұнай-газ кешендері, құрылыс, инновациялық үй құрылысы, қоршаған ортаны қорғау, энергияны сақтау салаларында әртүрлі сатыда орындалып жатқан зерттеулер арқылы «старт-ап»-тан бастап өнімнің үлгілері мен ғылыми ауқымды өндірістердің желісін іске қосуға бағытталған тәжірибелік өндірістерді көрсетуге дейінгі техникалық инновациялар жасауда. Солардың ішінде университеттің коммуналдық қатты қалдықтардың энергетикалық әлеуетін пайдалануға бағытталған технологиялық электр жабдықтардың кешенін және инвертор – энергожелі – күн батареясы жүйесін зерттеу; су, жел, күн энергиясын және биогазды электр энергиясына айналдыру; ғарыштық күн электрстансасы макеті жобаларының Астананың дамуына маңызды ықпал етуі мүмкін. ҚазҰТУ-дің ағынды суларды өңдеу және тазарту, су қорларын үнемді пайдалану және басқару жүйесі инновациялық технологияларын жасауға бағытталған жобалары да Астананың дамуында өзекті болады. Университет ғалымдары орындаған жобалардың нәтижесі бойынша «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы міндеттері аясында инновациялық технологияны және оның ғылыми-техникалық жолдамасын жүзеге асыру жоспарлануда. Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің «Circa 2011 халықаралық ғарыш стансасы», «ITER халықаралық термоядролық реакторы» және «Жердегi климатты өзгерту стимуляторы» сияқты халықаралық жобаларға қатысу әлеуеті мен болашағы зор. «Circa 2011 халықаралық ғарыштық стансасы» ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобасының аясында ғарыштық күн электр стансасының макетін, күн энергиясын демонстрациялық таратуға, жер стендін дайындаудың технологиялық құжаттарын жасауға арналған зор ғылыми мүмкіндіктер бар. «ITER халықаралық термоядролық реакторы» халықаралық аумақтық ғылыми-зерттеу жобасының (плазмалық сымда термоядролық жану параметрлерінде эрозияның төмендігі м2 шаққанда 10 МВт-қа дейінгі тұрақты жылу жүктемелеріне шыдамдылығы, тез нейтрондар мен гамма-кванттардың әсер етуі кезіндегі белсенділіктің төмен болуы, жылу өткізгіштіктің жоғары және жылжығыштықтың төмен болуы, қармаудың аздығы және трития үшін өткізгіштігі, жақсы технологиялық қасиеттер және т.с.с.) қатаң талаптарды қанағаттандыруға тиіс термоядролық реактордың бірінші қабырғасының материалдарын таңдауға бағытталған міндеттерін шешу үшін есептеу кластерлерінің негізінде термоядролық реактордың бірінші қабырғасы материалдарының физикалық-механикалық қасиеттерінің үлгісін жасау барысында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бар. Жердегі климатты өзгерту стимуляторы халықаралық ғылыми-зерттеу жобасына қатысу үшін университеттің жер климатының өзгерісін болжауды есептеуге, энергия мен шағын су электр стансаларының экологиялық таза көздерін құруға бағытталған жобалары әзірленді. Қазақстанның астанасы тепловоз, электровоз, тікұшақ, вагон, күн батареяларын шығару салаларында алғашқылардың бірі болды. Ақылды үйлері бар «жасыл квартал» құрылысын жүзеге асыруда тұрғын үй кластерінде пайдаланылатын энергиялық тиімділігі жоғары технологиялар қарқынды дамып келеді. Астана – «Болашақ энергиясы» ұранымен өткізілетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің болашақ иесі. Жер шарының 150-ден аса елі қатысатын осы бүкіләлемдік оқиғаға қызу дайындық жұмысы жүргізілуде. Астанада тек баламалы энергия көздерімен ғана қамтамасыз етілетін қала кварталы салынбақ. Бұл жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанның да, көрмеге қатысушы басқа елдердің де технологиялық және экономикалық дамудың неғұрлым жаңа деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Және бұл Астананың және бүкіл Қазақстанның ғаламдық тұрақты дамуға қосатын тағы бір қайталанбас үлесі болмақ.Барлық жол бас қалаға апарады»
Қатимолда РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Рас, біз үшін бұл күндері Қазақстан әлемге жан-жақты танылды, отандық экономикамыз өркендеді, шетелдік мамандармен бәсекелес бола алатын кәсіби мамандарымыз қалыптасты деген пікірді мақтанып айту оңай. Алайда, осы пікірдің астарына үңілер болсақ, шын мәнінде ұлан-ғайыр даласы бар, табиғи шикізаты мол Қазақстандай мемлекетті қалыптастыру, экономикасын өркендету мақсатында Нұрсұлтан Назарбаевтың қаншама қажыр-қайраты мен күш-жігерін жұмсағанына баса мән беруіміз қажет. Әсіресе, жаңа тұрпатты мемлекет қалыптастырудың сан-салалы істерінің бірі – жаңа елордамыз – Астананы Еуразия жүрегіндегі ең сәулетті, ең көрікті қалаға айналдыру, сонымен бірге, барлық өңірлердің де экономикалық өркендеуіне ұдайы қолдау білдірумен шектелмей, сапалы өнімдер өндіретін кәсіпорындардың ашылып, халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына назар аудару, міне, осының барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігін толық ашып берді. Қазір әлемдегі ең озық 30 елдің қатарынан лайықты орнын иеленуге ұмтылған, кей салалар бойынша сол мақсаттың биігінен көріне алған Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласына еліміздің әр өңірінен қатынайтын сан тарау даңғыл жол бар. Астанаға төтелей апаратын автомобиль, теміржол, әуе қатынасы да орнықты. Еркін еліміздің ертеңіне балаған жастарымыздың аңсары Астанаға ауып, осы қалада білім алғысы, жұмыс істегісі келеді. Астанаға апаратын даңғыл жол әлемнің әр елінен тартылды. Әлем елдерінің Қазақстандағы елшіліктері Астанаға орнықты. Демек, төрткүл дүниенің әр бұрышынан тартылған іскерлік, экономикалық байланысты нығайтатын дипломатиялық жол Астанаға әкеледі. Ал жаһан жұрты тәуелсіз еліміздің жаңа елордасына қызығып та, қызғанып та қарайтын болды. Астананың қайталанбас сәулетін қызықтап, еліміздің әсем табиғаты аясында демалысын өткізгісі келетін шетелдіктер көбейді. Қысқасы, Қазақстанның әр өңірінен де, әлемнің әр елінен де барлық жол Астанаға апарады. Ал Астана –біздің тәуелсіз еліміздің символына айналды. Бұл – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі! Атырау облысы.Ару елордаға – 16 жыл!
Шерзод ПУЛАТОВ, Астана қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Соншама көп ұлттар мен ұлыстарды бауырына сыйдырған қазақ халқына Жаратушы иеміз ерекше кең-пейіл мен ақ көңіл берген. Қазақ елінің қонақжайлығы мен бауырмалдығын мойындамайтын жер бетінде ұлт та, жұрт та жоқ десек, артық болмас. Аспанымыз ашық, желбіреген көк туымыздың астында татулық пен пен тыныштықты қағида етіп, баршамыздың қол ұстасып тату өмір сүріп жатқанымыз осыны айғақтайды. Бұл – көңілімнен шыққан шынайы сезім! Біздің өміріміздегі басты мақсатымыз – ұлтаралық татулықты берік сақтап, еліміздің діңгегіне тыныштықты бекем орнатып, ел ішінде бауырластық қарым-қатынасты күшейтіп, бабалардан қалған салт-дәстүрлер мен ұлттық рухани құндылықтарды болашақ ұрпаққа қаймағы бұзылмаған қалпында жеткізу. Еліміздің еңсесін биік ұстау үшін ұлттар мен ұлыстарымыз арасында қашан да татулық пен достық, махаббат пен шаттық орын алуы шарт! Көпұлтты қоғамымыздың ішіндегі достықты барша әлемге үлгі етіп көрсете білу – қазақ халқының парасаттылығы мен көрегендігінің айғағы. Ұлтаралық достықты сақтай отырып қана біз «болмысы биік, ерлігі ерен» ел бола аламыз. Еліміздегі өмірдің дарқандығын тану үшін ондағы жұртымыздың тыныш, аман, тату өміріне көз салсақ жеткілікті. Әрине, мұндай жетістіктерімізді Алла тағала тіл-көзден сақтағай! Бүгінде барша ұлт туыс, бауыр, жекжат болып кетті. Міне, біздер де бірлесіп, дастарқан жайып, сіз-біз десіп, еліміздің бар мерекесін бірге тойлап келеміз. Мұндай ұлтаралық ынтымаққа біз, әрине, Отанымыздың Тұңғыш Президентінің кемеңгер саясаты мен көрегендігінің, оның ақыл мен жүрек қайратын үйлесімді ұстанғандығының арқасында жетіп отырғанымызды түсіне білуіміз керек. 16 жылда Астана төріне келмеген қонақ жоқ екендігі рас. Әрине, әр адамды әртүрлі сезімге бөлеп, кемеңгер халқымыз кез келген қонақты өзінің қонақжайлығымен таңқалдырмай қоймайтыны белгілі. Өзім үшін де туған жердің топырағы қашанда көңілімді толқытып тұратынын айтуды парызым санаймын. Қаншама ел мен жерді көрсем де көкейімде еліме, жеріме деген асқақ махаббатым ешқашан солғын тартқан емес. Олай болса: Жас ару Астанам! Шарықта! Бас қалам! Көк туың желбіреп, Аспанда қыраның қалықтап! Мәңгі ел! Жасай бер шарықтап! – дегім келеді. АСТАНА.