Спорт • 10 Сәуір, 2023

«Қайрат» өз алаңында ұтылды

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жексенбіде футболдан Қазақстан Премьер-лигасының бесінші туры аясындағы соңғы үш ойынды тама­шаладық.

«Қайрат» өз алаңында ұтылды

Аса тартысты матч Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Бұл бәсекеде «Қайрат» пен Талдықорғанның «Жетісуы» өзара күш сынасты. 37-минутта Виктор Васин алаң иелерін алға шығарды. 54-минутта Рати Ардазишвили таразы басын теңестірді. 74-минутта Андрей Ульшин мергендік танытты. Сол сәтте «Қайрат» енді есе жібере қоймас деп топшыладық. Бірақ бұнымыз бекер екен. Ойынның аяқталуына 10 минуттан аса уақыт қалғанда Мәди Хасейн мен Руслан Теверов қатарынан екі допты қақпаға тоғытып, «Жетісуға» жеңіс сыйлады. Есеп – 2:3. Қостанайда «Тобыл» «Астанадан» айласын асыра алмады – 0:1. Бұл бәсекенің тағдырын 70-минутта Марин Томасовтың соққан жалғыз голы шешті. «Ордабасы» мен «Ақтөбе» арасындағы Шымкентте өткен кездесудің 65-минутында Уго Видемон нысананы дәл көздеді. Одан кейін ақтөбеліктер толықтай қорғанысқа көшті. Әуелде бұл тактика өз жемісін беріп, алаң иелері үздіксіз шабуылдағанымен, одан ештеңе өндіре алған жоқ еді. Десек те «Аңдыған жау алмай қоймайды» демекші, төрешінің қосқан алтыншы минутында Сергей Малый гол соқты – 1:1.

Қазіргі кезде «Қызылжар» көш бастап келеді. Олардың 15 ұпайы бар. 12 ұпайды қоржынға салған «Астана» екінші орында. Үшінші және бесінші орындарды «Ақтөбе», «Ордабасы» және «Тобыл» өзара бөліскен. Олардың әрқайсысы 10 ұпайдан еншіледі.