Чемпионаттың тұсаукесер матчындағы алғашқы салтанатты жүрісті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович жасады. Кейіннен әлемнің ең таңдаулы екі гроссмейстері 14 матчқа жалғасатын чемпионаттағы бәсекелерін бастады.
Бір күн бұрын алғаш рет роботтың көмегімен жүргізілген жеребе тарту рәсімінде бірінші партияны Ян Непомнящий ақ тастармен бастайтыны белгілі болған еді. Сөйтіп әлем чемпионатын ақ тастармен бастап берген ресейлік шахматшы Ян Непомнящий қанша жерден сауатты жүріс жасап, матч бойы табанды ойын көрсеткенімен, қара таспен ойнаған қытайлық Дин Лижэньді қапы қалдыра алмады. Әлемдік рейтингте үшінші сатыға жайғасқан Д.Лижэнь сауатты қорғанып, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде, бірінші жарыс күнінде жеңімпаз анықталған жоқ.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Дин Лижень матч алдында өзін аздап ыңғайсыз сезінгенін және алғашқы бәсекеге ешқандай жоспарсыз келгенін айтты. Сондай-ақ ол бірінші ойын күні болғандықтан ішкі эмоциясымен біраз арпалысқанын да жасырған жоқ.
«Кездесудің бастапқы бөлігінде жақсы ойнадым деп ойлаймын. Әлем чемпионатындағы алғашқы матч болған соң ба аздап қобалжу болды. Десе де бүгінгі ойыныма көңілім толады», деді ол.
Ал ресейлік шахматшы Ян Непомнящий баспасөз жиынында чемпионаттағы тұсаукесер кездесуіне көңілі толмағанын мәлімдесе де, тең нәтижеге разы екенін айтты.
Кеше шахматшылар әлем чемпионатындағы екінші матчын өткізді. Спортшылар бүгін бір күн демалып, кейінгі бәсекелеріне дайындалады. Жаһандық доданың ережесіне сәйкес, ойыншыларға әр 2 турдан кейін бір күндік демалыс беріледі. 14 матчқа жалғасатын әлем біріншілігінің ойындары елордадағы St. Regis Astana қонақүйінде өтіп жатыр. Матчтар Астана уақыты бойынша сағат 15.00-де басталды.
Freedom Holding Corp компаниясының қолдауымен өтіп жатқан әлем чемпионаты 1 мамырға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында алғаш болып 7,5 балл жинаған шахматшы жеңімпаз атанады. Егер тең түссе, бәсеке тай-брейкке дейін жалғасады.