Спорт • 10 Сәуір, 2023

Алғашқы күні әнұран шырқалған жоқ

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Дүбірлі додада 22 мемлекеттен келген 400-ге тарта балуан бақ сынап жатыр. Солардың арасында әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлде алған сақа спортшылар да бар. Жарысты әдеттегідей грек-рим күресі шеберлері бастады. Өкінішке қарай, алғашқы күні зәулім сарайда Қазақ елінің әнұраны шырқалмады.

Алғашқы күні әнұран шырқалған жоқ

Жарыстың алғашқы күні бес салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті жүлделер сарапқа салынды. Біздің балуандар арасында ең үздік көрсеткішке Нұрсұлтан Тұрсынов қол жеткізді. 87 кг салмақта сайысқа түскен Семей өңірінің тумасы ширек финалда әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы, Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы, өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовты айқын басымдықпен жеңсе, жартылай финалда құрлық бірін­шілігінің үш дүркін күміс жүлдегері, қыр­ғызстандық Атабек Әзизбековтің тас-талқанын шығарды. Бірақ шешуші тұста Тұрсыновтың Насер Гасем Әлизадеге әлі жетпеді. Азияның үш дүркін чемпионы деген атағы бар Иран спортшысы қандасымызды еш қиналмай жеңді. Бұл – Нұрсұлтанның аталған жарыстағы төртінші жүлдесі. Бұған дейін ол бір алтын (2014 жылы), бір күміс (2015 жылы) және бір қола (2022 жылы) медаль иеленген еді.

Бастапқы белдесулерінің бірінде Өзбекстанның атақты балуаны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Арам Варданянның аяғын көктен келтіргенде, 77 кг салмақтағы Демеу Жардыраев Астанада алысқа шабатын шығар деп ойладық. Алайда келесі кездесуінде ол ирандық Әмин Явар Кавиянинажадқа есе жіберіп, бас жүлде үшін таласу мүм­кіндігінен айырылды. Үшінші орын үшін тартыста ардагер балуанымыз қы­тайлық Руи Лиуге жол беріп, жергілікті жан­күйерлерді жерге қаратты.

Былтырғы Азия чемпионатында күміс медальді мойнына ілген аса жеңіл салмақтағы Аманғали Бекболатов бұл жолы үздік үштікті түйіндеді. 63 кг салмақта күш сынасқан Мұхаметәли Ма­мыр­бек те дәл сол межеден көрінді. Бұрындары жастар арасындағы түрлі жарыста жасындай жарқылдаған дарынды балуанның бұл – ересектер сайысындағы алғашқы табысы. Алыптармен айқасқан Әлімхан Сыздықов та қола жүлдені қана­ғат тұтты.

Сөйтіп, жарыстың алғашқы күнін еліміздің грек-рим күресі шебер­лері 1 күміс және 3 қола медальмен қоры­тындылады. Бас жүлденің төртеуін Иран­­ның пехлевандары жеңіп алды. Олар – Пойя Сулат Дад Марз (55 кг), Има Хос­сейн Мохамади (63 кг), На­сер Гасем Әлизаде (87 кг) және Әмин Мыр­­­зазаде (130 кг). Тағы бір ал­тын ме­даль қырғыздың бас балуаны Ақ­жол Махмұдовтың (77 кг) мойнында жар­қырады.