Тұлға • 11 Сәуір, 2023

Мемлекетшіл тұлға

308 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елге тұтқа болатын тәуекелшіл ерді уақыттың өзі тудырады! Бүгінгі мақаламызға арқау болған қайраткер тұлға Гейдар Әлиевке дәл сондай тағдыр бұйырды. Әзербайжан халқының арда ұлы тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиын-қыстау кезең­нен елінің туын жықпай алып шығып, өңірлік жаңғыру мен өркениеттің, мәдени, тарихи синтездің орталығына айнал­дырды. Биыл айтулы тұлғаның туғанына 100 жыл толып отыр.

Мемлекетшіл тұлға

Статистикаға сүйенсек, кеңестік Әзербай­жанды Әлиев басқарған жылдарда 1 155 кітапхана, 1 316 клуб, 849 мектеп, 44 музей пай­далануға берілді. 1971 жылы ол әскери бейімделген мектеп-интернатты құруға бастамашылық танытқан

 

Балалық жыры

1923 жылғы көктемнің жаз­ға бергісіз жылы күндерінің бірінде дүние есігін ашқан нәресте Әлирза мырза мен Іззет ханым Әлиевтердің отбасына бақыт әкелді. Ол Нахчыванда мектепте жүргенде-ақ алғыр­лығымен көзге түсті. Мін­детті оқу пәндерін де игеріп, шығар­машылықпен де айна­лысуға уақыт табатын. Гейдар суретті жақсы салды. Ежелгі өркениеттен қалған сәу­лет үйінділері, археологиялық ес­керт­­кіштер, Атропаттың бай мұра­сы оны шабыттандыратын. Шы­ғыстың классикалық өлең­дері, әзербайжан эпосы, орыс поэзия­сы көркемсөзге құмартқан бола­шақ ұлт көш­басшысын бей­жай қалдырмады. Ол театрды да жан-тәнімен жақсы көрді. Көрер­мен ретінде ғана тамашаламай, халық эпос­тарының, әзербайжан, орыс, Еуропа классикалық туын­ды­лардың кейіпкерлерін сомдады. Бұған қоса әсершіл өрен ХХ ғасырдың ермегіне айналған кино мен спортқа да жақын болды.

Гейдар Әлиев Нахчыван пе­даго­гикалық техникумында оқып жүргенде алғырлық һәм көш­басшылық қасиетімен көзге түсті. Әскери-спорттық дайын­дығы мығым бозбалаға сыныптастары «генерал» деген лақап ат та берген еді. Аға буын әскери жетекшілерінің бірі де оған: «Се­нің бола­ша­ғың зор. Түбінде генерал бола­сың», деп бірнеше мәрте айтқан екен.

Сонымен 1939 жылы Гей­дар сол уақытта училище мәр­тебесін алып үлгерген Нах­­чыван педаго­гикалық техникумын үздік бітір­ді. Құр­мет грамотасы мен мектеп мұғалімі аттестатына ие болған ол ендігі уақытта жартылай орта және орта мектептердің 1-4 сыныптарына және бастауыш мектептерде сабақ беру құқығына ие болды. Дарынды түлектен тамаша педагог шығатыны да сөзсіз еді. Әйтсе де он алты жас­­­тағы жігітке мұғалімдік жұ­мыстың аясы тар көрінді. Романтизм мен іскерлік, идеа­лизм мен прагматика үлкен өмірге алғашқы қадамын жаса­ған Гейдардың өмірлік ұста­нымдарын қалыптастырды.

 

Қалыптасу кезеңі

Арманның жалынан ұста­ған кейіпкеріміз ел астанасы – Баку­ды бетке алады. М.Азиз­беков атындағы Әзер­байжан индустриалды инсти­тутына түсуге жол ашы­лып, сәу­лет өнеріне етене ара­ла­су­дың мүмкіндігі туды. Екі се­мес­­трді сәтті бітірген соң Геи­­̆дар Әлиев Бакуды тас­тап, 1940 жылы Нахчыванға қай­тып келді. Дәл осы жерде ол Екінші дүниежүзілік со­ғыс басталғанын, 1941 жылы Иранға кеңес әске­рінің кір­гізілгенін естіді. Бұдан кейін Әзербайжанның болашақ көш­бас­шысының өмірін өзгерт­кен кезең келді. Табиғи дарыны, жадының мықтылығы, ғы­лымға икемділігі жас Гейдар Әлиев­тің мемлекеттік қа­уіп­сіздік қызметіне сеніммен қа­дам басуы­на негіз болды. Бір­неше жыл құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, кеңес одағы КГБ-сының ұңғыл-шұңғылын меңгерген маман көптеген лауазымды қыз­мет­ті атқарды. 1967 жылы Әзер­байжан КСР Ми­нистрлер кеңе­сінің жа­нындағы МҚК төр­ағасы ла­уа­зымына тағайын­далды. Сол жылдың қазан айында генерал-майор шені берілді. Кейіп­керіміз 1966 жылы Орталық комитеттің мү­ше­лігіне өтті.

1969 жыл­дың маусымында Әзер­бай­жан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленумында Гейдар Әлиев рес­публика Орта­лық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

 

Көшбасшы жолы

Кейіпкеріміз билік құрған тұста Хазар теңізінің батыс бетіндегі халықтың әл-ауқа­ты жақ­сарды. Әзербайжан даму­дың даңғыл жолына түсті. Мысалы, 1970-1980 жылдары жүзім өндіру он есеге артып, жылына екі жүз мың тоннадан екі миллион тоннаға көтерілді. Осының есебінен Әзербайжанның дәулеті артты.

Әрине, ең бастысы инфра­құрылым мен өндіріс технологиясын жаңарту, оның ішінде негізгісі – мұнай саласы назарға алынды. Жаңадан мұнай мен газ өндіретін жабдықтар іске қосылып, мұнай айыру зауыттары жаңғыртылды. Газ өңдеу зауыты толық қуа­тын­да жұмыс істей бастады. Бұл – республикадағы осы ба­ғыт­тағы жалғыз кәсіпорын бола­тын. 1986 жылдағы қайта құру жұмыстарынан кейін кәсіп­орынның өндірістік қуаты 6,5 млрд текше метр газ өндіруді қамтыды.

Мәдениет саласына да ерекше мән берді. Статистикаға сүйенсек, кеңестік Әзербай­жанды Әлиев басқарған жылдарда 1 155 кітапхана, 1 316 клуб, 849 мектеп, 44 музей пай­далануға берілді. 1971 жылы ол әскери бейімделген мектеп-интернатты құруға бастамашылық танытқан. Бұл мектеп республикада осындай бағыттағы бірінші оқу орны еді. Қазіргі кезде осы әскери лицей Әзербайжанда Азаматтық соғыс кезінде бел­гілі әскербасы, дивизия ко­ман­дирі болған Джамшид Нах­чыванскийдің атында.

Араға көп уақыт салмай, Мәскеуде Гейдар Әлирзаұлы Әлиев КСРО Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. КОКП ОК Пленумында кандидаттан КОКП ОК Саяси бюро мүшелігіне ауыстырылды. Ол бұдан былай құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан және әлемдік саяси әлеуметтік-экономикалық жүйелердің жарысында алдыңғы қатарлы рөлге ұмтылған мемлекеттің жоғары билігіне қатысушылар қатарынан табылды. Г.Әлиев 1982-1987 жылдары ең жауап­ты қызметтерде табысты әрі жа­сампаз жұмысын жалғастыра берді. Дегенмен 1987 жылы сол кездегі Орталық комитеттің бас хатшысы Михаил Горбачевтің жүргізген саясатына қарсылық ретінде отставкаға кетті.

 

Мемлекетшілдік миссиясы

Бәлкім, Әзербайжан хал­қының арда ұлы үлкен сая­саттағы қызметін осымен тоқ­татуы мүмкін еді. Алайда талай жыл «қара қазан, сары бала» қамы үшін тер төккен аза­мат елінің басына күн туған­да қарап отыра алмады. 1980-жылдардың аяғында Тау­лы Қарабақта шиеленіс өршіп, 1990 жылғы қаңтарда Бакуде наразылық болды. Кеңес үкіметі шаһарға әскер кіргізіп, көшеге шыққандарды аяусыз басып-жаншыды. Бейбіт тұрғындардың оққа ұшқаны, қаңтардың 19-ынан 20-на қа­раған түндегі оқиғаларда көп­теген адамның қаза болғаны туралы Гейдар Әлирзаұлы 20 қаңтар күні таңертең естіді. Сол уақытта ол «Барвиха» ши­пажайында демалып жатқан еді. Мұны естіген Г.Әлиев бір­­ден Мәскеуге жиналды. «Сол қиын-қыстау күндері біз бір-ақ нәрсені армандадық, хал­қымызбен бірге болуды, оларға қолдау көрсетуді ойла­дық», деп еске алады сол сәтті Әзербайжанның қазіргі пре­зиденті Ильхам Әлиев.

Осылайша, Гейдар Әлиев үлкен саясатқа қайта араласты. 1991 жылдың 4 қыркүйегінде Нахчыван меджлисінің сессия­сында оны Автономия Пар­ла­ментінің төрағалығына сайлады. Әлиевтің бұл лауазымнан бас тартуына қарамастан, Меджлис оны өлкенің заң шығарушы билігінің басшысы етіп бекітті. Нахчыванның демократиялық бастамалары бүкіл Әзербайжан үшін үлгі болды: 1991 жылдың 5 ақ­панында Жоғарғы кеңестің шешімімен республика атау­ы қайтарылып, Әзербай­жан Де­­мократиялық Республи­ка­­сының үш түсті туы мем­ле­кеттік байраққа айналды.

1991 жылдың 18 қазанында Әзербайжанның Жоғарғы кеңесі мем­лекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық актіні қабылдады. Сол жылдың 29 желтоқсанында референдум өтіп, оған республика хал­қының 95 пайызы қатысты. Осылайша, Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру туралы шешімі қуатталды.

Дегенмен тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары Каспий те­ңізінің жағасында орналасқан мемлекет үшін оңайға соқ­пады. Елде көптеген саяси қақ­тығыстар болды. Билік үшін талас жүріп жатты. Бейбіт халықтың қаны төгілді. Оған қоса, Қарабақтағы ахуал да жағ­дайды шиеленістіре түсті. Мардакерті құлап, Агдамынан айырылған әзербайжан халқы елді бастайтын көшбасшы іздеді. Сол кезеңде көпшіліктің аузында Гейдар Әлиевтің есімі атала бастаған-ды.

Ол 2003 жылғы 31 қазанға дейін мемлекетті басқарды. Осы кезең аралығында Әзербайжан қиын-қыстау кезеңнен өтіп, қарыштап дамыды, халықтың әл-ауқаты көтерілді. Мәселен, 1994 жылы елдің ішкі жалпы өнім көлемі 1,8 трлн манат­қа әрең жетсе, 1999 жылы 16,4 триллион манатты құра­ды. Ин­фляция көлемі күрт төмен­деді, бюджет түсімі көбейіп, шығыны азайды. 1995-2011 жылдары Әзербайжан экономикасына салынған шетелдік инвестицияның көлемі алпыс үш миллиард доллардан асады. Бұған қоса, ел инвестиция экспортеріне де айналып, Түркия, Ресей, Балқан елдері, Украина және басқа да мем­лекеттердің экономикасына көптеген миллиард инвестиция құйды.

 

Достықтың алтынкөпірі

Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жоғары дең­гейге ие. Халықтарымыздың достығы бауырластық қана емес, тарихи тамырластықта да жатыр. Қазақстандағы әзер­­байжан диас­порасы бү­гінде еліміздің дамуына жан-жақты үлесін қосып отыр. Сол секілді Каспийдің ар­ғы бетінде халқымыздың ізі қал­ған. Мәселен, Әзербайжанда Қа­зақ деген үлкен аймақ бар.

Гейдар Әлиевтің Қазақ­стан-Әзербайжан қарым-қаты­насының нығаюына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мемлекеттер басшыларының екіжақты сапары кезінде көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Со­ның ішінде Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесін анық­тауға қатысты келісім бар. Бү­гінде сабақтастық жалғасып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қос елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың та­мы­­зында Әзербайжанға рес­­ми сапары барысында «Стра­тегиялық қарым-қа­ты­­нас­­­тарды ны­ғайту және одақ­тастық ынтымақтастықты те­рең­де­ту туралы деклара­ция­ға» қол қойылды. Осылай­ша, одақ­тастық қарым-қатынас­тарымыз тағы да жоғары дең­­гейде бе­кітілді. Басқа салаларда, со­­ның ішінде мәде­ниет са­ла­сындағы байланыс та жо­ғары деңгейде.

Соңғы жылдары Әзербайжан көлік инфрақұрылымын да­мытуға қомақты қаржы құй­ды. Соның нәтижесінде жүк та­­сы­малдауға керек қажетті ин­фра­құрылым бар. 2005 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры іске қосылды. Бұл Қа­зақстан мұнайын шетелге тасымалдаудағы келешегі жарқын бағыттың бірі саналады. Жылына 15 миллион тонна жүк тасымалдайтын Ба­ку халықаралық теңіз сауда портының өткізу қабілеті 25 миллион тоннаға дейін артады. Ал Баку-Тбилиси-Карс темір жолының өткізу қабілеті қазіргі бір миллионнан бес миллион тоннаға дейін ұлғайтылады.

Әзербайжан және қазақ халқы тарихи, мәдени тұрғы­дан бір-біріне өте жақын. Тә­уелсіздік алғаннан кейін мәде­ниет саласындағы ынты­мақ­тастық одан сайын өрістей түсті. Мәселен, 1980-жылдары Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы Каспийдің арғы бетіне кең таралғаны мәлім. Ал 2006 жылы Жамбыл облысында «Насими» әзербайжан мәдени орталығы ашылды. Сонымен қатар 2007 жылдан бері «Ветен» (Отан) газеті әзер­бай­­жан тілінде жарық көріп келеді.

Ғылыми мекемелер арасын­дағы ынтымақтастық та бел­сенді даму үстінде. Екі елдің студенттері Әзербайжан мен Қазақстан білім ордаларында ғылыми тағылымдамадан өтіп тұрады. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­верситетінде Әзер­бай­­жанның Ұлттық көш­бас­шысы Гейдар Әлиев атын­дағы орталық, ал Баку мемле­кеттік университетінде Абай Құнан­байұлы атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орта­лығы бар.

Бакуде Абай Құнанбайұлы атына, Сумгаит қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атына көше берілген. Қазақстанда Әзербайжанмен байланысты көшелер жетерлік. Мәселен, Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиевтің Қазақстанға сапары барысында Астанада Гей­дар Әлиев көшесі ашылды. Алматыда Физули көшесі бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы тамызда Бакуге сапары бары­сында Әзербайжанның Фи­зули қаласында Құрманғазы атындағы балаларға арналған шығармашылық даму орталығы жобасының тұсаукесері өтті. Жақында «Qazaqstan» телеарнасында түркі дүниесінің мемлекетшіл тұлғасы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған «Ғазиз ғұмыр» атты де­ректі фильм көрсетілді. Ха­лықаралық Түркі академиясы осы қайраткер мен қаһарман Әзербайжанның бүгінгі келбеті туралы бірнеше жинақ жария­лады.