Аймақтар • 10 Сәуір, 2023

130 мың адамға арналған игілік

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлеуметтік әріптестік аясында Павлодар облысында екі мектеп салу көзделіп отыр. Бұған қоса өңірдегі 10 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайып, мыңдаған педагог біліктіліктерін арттыра алады. Ал 8 кітапхана ғимараты толықтай жаңарып, келушілерді тарта түседі.

130 мың адамға арналған игілік

Бұл мүмкіндіктердің барлығы ERG компаниясы мен Павлодар облысы әкімдігінің жаңадан қол қой­ған өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумда көрініс тапты. Құжатта Еуразиялық топ түрлі бағыт­тағы әлеуметтік жобаларға ­3 млрд теңге бағыттайтыны жазыл­ған. Игілік Павлодар облысының 130 мың тұрғынын қамтиды.

Атап өтерлігі, бұл жобалар ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлер­дің тұрғындары арасында жыл сайын жүргізілетін сауалдама қорытын­ды­сы негізінде, әлеуметтік бағыттар­ды саралау арқылы іріктелген. Биыл меморандум аясында білім беру саласын дамыту мен трансформация­лау, қала инфрақұрылымын абаттан­дыру, муниципалдық нысандар мен медициналық мекемелерді қайта жаң­ғырту көзделіпті. Бұл мақсаттарға қар­жы бөлуді компания ұзақ жылдардан бері жалғастырып келеді.

– Біздің кәсіпорындарымыз орна­ласқан қалалардың әлеуметтік-эко­но­микалық әл-ауқатын арттыру қа­мындағы жүйелі жұмыс – кор­по­ра­тивтік жауапкершілігіміздің негізі. ERG үшін бұл бірреттік шара емес. Осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс істеу­дің маңызын жете түсінеміз. Сон­дықтан қызметкерлеріміздің, олар­дың отбасы мүшелері мен жалпы біз­дің «туған қалаларымызда» тұ­рып жат­қан қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға септесетін бар­лық бағытқа жіті назар аударамыз. Биылғы меморандумға енген жобалар жайлы орта қалыптастырып, ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлерде қазақстандықтардың жаңа буыны жеке тұлға ретінде үйлесімді өсіп, өр­леуіне барынша ықпал етеріне кәміл сенімдімін, – деп атап өтті ERG директорлар кеңесінің мүшесі, бақылаушы кеңестің төрағасы Шухрат Ибрагимов.

Құжатта Павлодар облысындағы жалпы және арнайы орта білім беру саласын одан әрі дамыту көзделген. Осы орайда ERG өңірде салынатын екі мектептің құрылысына қаражат бөледі. Облыстағы 10 колледж қолдау тауып, материалдық-техникалық базасын нығайта алады. Мұғалімдер­дің біліктілігін арттыруға септесетін «ERG Mektepke» және арнайы орта білім беруді дамытуға бағытталған «ERG колледждерге» бағдарламасы да жалғасын табады. Осы қос жоба бүгінге дейін облыстағы 3 мың педагог пен 37,5 мың оқушыны қамтып үлгерген. Меморандумның Торайғы­ров университетінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды көз­дейтін тармағын қосымша қаржы­ландыру көзделген.

Қала нысандарын қайта жаңғырту мен дамыту мәселелері жеке тармақта жа­зылған. Мысал үшін Ақсу қаласының жы­лу желілеріне технологиялық аудит жүр­гізіледі. Облыстағы 8 кітапхананы қай­та жаңғырту жобасын әзірлеу көз­делген. Оның қатарында балалар мен жалпыға ортақ кітапханалар, тіп­ті көз жанары нашарлаған зағип жан­дарға арналған кітапхана да бар. Екі­бас­тұздағы «Қайнар» оқыту сауық ор­та­лығына STEM-зертхана сатып алы­нады.

Бұған қоса Ақсу шаһарында «Tugan Qala» бастамасының 11 жобасын қар­жыландыру қарастырылған. Бұлар – әуелде қала тұрғындары өздері ұсынып, кейін сарапшылардың көмегімен жетілген бағыттар. Өткен жылы 2 350 тұрғын дауыс беріп, іске асуын қолдаған. Жеңімпаз жобалар арқылы Ақсуда жаңадан балалар және спорт алаңдары тұрғызылды. Тротуарлар төселіп, автокөлік және велосипед тұрақтары салынған. Қалалық жағажай алғаш рет абаттандырылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолжетімді бола түсті. Тіпті қайық бекеті бой көтерді.

Ал медицина бағытында компа­ния қаражатына облыстағы неонатолог­терді оқытып, Ақсу қалалық ауруханасын жаңғырту, оның ғимаратын қай­­та құруға қажетті жобалық-сметалық ­құ­­жаттамаларын әзірлеу жоспарлан­ған. Одан бөлек, Павлодар қалалық ауруханасына литотрипсия жасауға қажетті жабдықтар сатып алынбақ.

Еуразиялық топ кәсіпорын­дары орналасқан өңірлерге Eurasian Resources Group құйған әлеуметтік ин­­вес­­­тициялардың жалпы көлемі ­1,1 млрд доллардан асып отыр.

 

Павлодар облысы