Қоғам • 11 Сәуір, 2023

Әл-ауқат алшақтығы қайтсе азаяды?

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Парламент Мәжілісі бірінші сессиясының ашылуында: «Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет...» деді.

Әл-ауқат алшақтығы қайтсе азаяды?

Шынында да еліміздегі байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық азаймақ түгіл, тіпті ұлғайып бара жат­қан тәрізді. Қазақстанның экономика­лық зерттеулер институты – ERI-дің мәліметіне қарағанда, өткен жылдың төртінші тоқсанында ең көп және ең аз қамтылған қазақстандықтардың табыстарындағы алшақтық 5,56 есе болған. «Бәрін білетін» статистика халықтың ең көп қамтылған 10 па­йызының орташа табысы 201,5 мың теңгені, ал ең аз қамтылған 10 пайы­зының орташа табысы небәрі 36 мың теңгені құрағандығын көрсеткен. Бұл мәлімет Мемлекет басшысының: «Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын», деген сөзін тағы бір құптап берді.

Тұрғындар табысындағы алшақ­тық аз өңірлер – Маңғыстау, Түр­кістан, Атырау облыстары мен Шым­кент қаласы. Маңғыстаулық ке­дей­лер мен тұрмысы тәуір азамат­тар кірі­сіндегі алшақтық 2,8 есе (тиі­сінше айы­на 40,2 мың және 136,6 мың тең­ге), шым­кенттіктердікі – 3,27 есе (34,8 мың және 122,7 мың теңге), түркістандықтардікі – 3,36 есе (32,2 мың және 123,3 мың теңге), атыраулықтардікі – 3,41 есе (40,1 мың және 148,8 мың теңге) болған. Ал Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында табыс теңсіз­дігі тым жоғары. Шығысқазақстан­дық ауқатты тұрғындардың табысы кедейлердің кірісінен 6,61 есе артық болып шығып, тиісінше айына 35 мың және 270 мың теңгені құраған. Осы жө­ніндегі көрсеткіштер Қарағанды облысын­да 6,52 есеге (37,8 мың және 287,7 мың теңге), Алматы қаласында 5,92 есеге (40 мың және 270 мың теңге), Сол­түстік Қазақстан облысында 5,68 есеге (36,7 мың және 220 мың теңге) жет­кен.

Байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтықты азайту үшін не істеу керектігі жайлы ойланғанда Парламент Мәжілісінде ара-тұра сөз болып жүрген прогресті салық жүйесін енгізу мәселесі еске түседі. Мемлекет басшысы айтқан «жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдердің» бірі осы болса керек. Әрине, мұндай түбегейлі шара, ең алдымен, Қазақстан байлығының жартысын иемденіп алған 162 адамға бағытталғаны жөн, сондай-ақ еліміздегі орташа таптың ынтасы мен іскерлік белсенділігін кемітпеу үшін кеңінен талқыланып, мұқият ойластырылып барып қолға алынуға тиіс.

Кедейлер санын азайтудың келесі бір жолы – зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер сияқты, ең төменгі жалақы мөлшерін де жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеу. Себебі еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылғы 28284 теңгеден 2019 жылы 42500 теңгеге дейін, ал 2022 жылы – 60 мың теңгеге дейін, 2023 жылы – 70 мың теңгеге дейін (шамамен 131 доллар) өсірілгенімен, баға атаулы аспанға шарықтап тұрған қазіргі кезде әлі де аздық етіп тұрғаны анық. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Қазақстан ең төменгі жалақы бойынша тек Қырғызстан­нан (22,5 доллар) озып, Армениямен (138 доллар), Беларусьпен (189 доллар) және Ресей Федерациясымен ­(224 доллар) салыстырғанда артта қа­лып отыр. Ал күйреген кеңес одағы­ның құрамынан біздің елмен қатар­лас шығып, демократиялық даму жолына түскен Балтық жағалауы мем­лекеттері – Эстонияда ең төменгі жа­лақы мөлшері биыл 704 АҚШ доллары, Литвада – 646 АҚШ доллары, Латвияда – 555 АҚШ доллары екенін ескерсек, ескі Қазақстанның «Ең алдымен – экономика, сосын – саясат» деген қағидасының қате екендігіне көзіміз жетіп, елімізде басталған саяси өзгерістерге үмітпен қараймыз.