Банк • 11 Сәуір, 2023

Базалық мөлшерлеме бұрынғы деңгейінде

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені бұрынғы, яғни 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ақша-кредит саясаты комитеті бұл шешімді кейбір елдерде баяулауына қарамастан жаһандық инфляция қысымының әлі де жоғары болып тұруымен түсіндіреді. Иә, инфляция наурызда аздап төмендеді. Бірақ инфляцияның орнықты және тұрақты төмендеу тренді туралы айтуға әлі ерте дейді ҰБ өкілдері.

Базалық мөлшерлеме бұрынғы деңгейінде

Жақын арада инфляция төмен­дейді дегенге халықтың да сенімі аз, оның үстіне мемлекеттік шы­ғыстардың ұлғаюы, жанар-жа­ғармай және тұрғын-үй ком­му­нал­дық шаруашылық нарығын­да уақыты келген реформалар түрін­дегі проинфляциялық факторлар сақталып және іске асырыла бас­тады. Бұл да қысымды күшейтеді.

«Инфляцияның орнықты бөлі­гі де баяулауды көрсеткенімен, про­инфляциялық ортаның сақ­та­луын дәлелдеп, әлі де жоғары қал­пында қалып отыр. Қаңтар-ақпан айларында инфляциялық күтулер төмендегеннен кейін қай­тадан жеделдеді. Наурызда бір жылдан кейін күтілетін инфля­ция респонденттер тарапынан 16,5% деңгейінде бағаланды (ақ­панда – 14,2%). Инфляциялық күту­лердің факторларына азық-түлік бағасының өзгеруі, сыртқы оқиғалар, теңге бағамының өзге­руі, сондай-ақ жалақы мен зейнет­ақының өсуі жатады. Сыртқы инфляция баяулағанына қарамастан жоғары қалпында қалып отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы үз­дік­сіз төмендеп келеді, бірақ әлі де соңғы бес жылдағы орташа мән­дерден жоғары қалыптасады», деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Еуропа орталық банктері инфляция әлі ұзақ уақыт бойы жоғары қалпын сақтап қалады деп күтеді делінеді хабарламада.

«Проинфляциялық тәуекелдер сақталып, ішінара жүзеге аса бас­тады. Құбылмалы инфляциялық күтулер елдегі проинфляция­лық ортаның жоғарылағанын көрсете­ді. Реттелетін тауарлар мен қыз­мет­тер бағасының өсуі салдарынан инфляцияның ықтимал жеделдеу тәуекелі сақталып, ішінара жүзеге аса бастады. Сонымен бір­ге республикалық бюджет шы­­­ғыс­тарын елеулі түрде қайта қа­рау және бюджеттік қағиданы пай­­да­лануды уақытша тоқтату бел­гі­сіз­дікті туындатып, тәуекелдер ба­лан­сын проинфляциялық жағына ығыстырады», деп хабарлайды.

Осының барлығын ескере отырып Ұлттық банк бірінші жарты жылдықта базалық мөлшерлемені қазіргі мәнде сақтап қалуды орынды көрген. Бұл еліміздегі инфля­ция­лық үдерістердің біршама бәсең­дей түсуіне қолдау көрсетіп, бюд­жет шығыстарының өсуін реттеуге және инфляциялық күтулердің ж­оғары деңгейде тұрақталуына жол бермейді деген сенім бар.

Ұлттық банк төрағасы Ғалым­жан Пірматовтың айтуынша, негіз­гі міндет – инфляцияның тұрақ­ты төмендеу траекториясына қол жеткізу.

«Оңтүстік өңірлердегі өнімнің шығынға ұшырауы мен үсік салдарынан жеміс-жидек пен көкөніс бағасының көтерілуі, сондай-ақ сұраныстың жоғары болуынан кө­лік қызметі құнының өсуі инфля­цияның төмендеуін тежеді. Биылғы наурызда азық-түлік инфляциясы айтарлықтай баяулап, 20,5%-ды құрағанымен, жалпы инфляцияға көптеп үлес қосуын жалғастырып келеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 18,1%-ға, қызметтер бағасының өсуі 14,4%-ға дейін баяу­лады. Ақпан айын­дағы айлық инфляцияның біршама жеделдеуі бағалардың төмендеу трендін бұзған болатын. Алайда кейін айлық инфляция 0,9%-ға де­йін баяу­лады. Базалық мөлшер­ле­ме бойынша бұдан кейінгі ше­шім жаңа деректердің, соның ішінде біз­дің 2023 жылғы мамыр айында болжамды жаңарту кезіндегі ес­керетін реформа параметрлерінің шығуына тәуелді болады. Біз жанар-жағармай бағасының өсуінен болатын инфляцияға тікелей әсерге қа­тысты іс-шара қолдануды жос­парламаймыз. Сонымен қатар мо­не­тарлық саясат бойынша ше­шім қабылдау кезінде біз қосымша әсер­­­лерді, соның ішінде байланыс­ты тауарлар бағасының өзгеруін, инфляциялық күтулерді мұқият қа­дағалап, талдайтын боламыз», деді Ғ.Пірматов.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім кезекті болжамды раундтың қорытындысына сай белгіленеді және 2023 жылы 26 мамырда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жария­ланады.