Қаржы • 10 Сәуір, 2023

34 мыңнан астам адам банкрот болғысы келеді

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігінің мәліметі бо­йын­ша, биыл 3 наурыздан бері 34 мың­­нан астам адам жеке тұлға банк­роттығы бойынша өтінім бер­ген. Арыздар негізінен eGov.kz элек­т­­­рондық Үкімет порталы (94%) және e-Salyq Azamat мобиль­ді қо­сым­­­ша­сы арқылы (6%) түсіп жатыр.

34 мыңнан астам адам банкрот болғысы келеді

Келіп түскен арыздардың 10 382-сі тексеріліп, 2 670 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталған. Бұл – барлық жүгінгендердің 26%-ы. Оның ішінде 375 тұлға – атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, 985 азамат – қарызын 5 жылдан артық уақыт өтемегендер. 7 340 арыз бойынша азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама 1414 сервисі арқылы жолданған.

Министрліктің мәлімдеуінше, бас тартудың негізгі себептері мыналар:

  • Кредиттік бюроның мәліметі бойынша 6 713 тұлғада 12 ай ішінде берешекті ішінара өтеуі бар немесе берешек сомасы 1 600 АЕК-тен асады;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі 1846 тұлға бойынша ­
    6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алу­шы екендігін растаған жоқ;
  • 1463 тұлға жұбайының болу фактісін көрсетпеді, сәйкесінше олардан рәсімді қолдануға келісім алған жоқ;
  • Әділет министрлігінің мәліметі бойын­ша 1349 тұлғада меншік құқығында жылжымайтын мүлік бар;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлі­метіне сәйкес 941 азаматта жер учаске­лері бар;
  • 789 азаматқа автокөлік тіркелген (Ішкі істер министрлігі мәліметі).

«Осындай рәсімді қолданудан бас тарту туралы хабарламаны алған жағдайда соттан тыс банкроттықтың негіздеріне сәйкес келгенде арызды қайтадан 3 айдан кейін беруге болады. Скорингтің сапасы деректер базасындағы мәліметтердің толықты­ғы мен «тазалығына» тікелей байланысты болғандықтан, ол үшін жауапкершілікті ­деректер базасының  иелері, тиісті мемле­кет­тік органдар екенін алатынын атап өткен жөн», дейді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, бас тартудың себеп­те­рін жою үшін тиісті мемлекеттік орган­ға жүгіну қажет. Мәселен, кредиттің сомасы, оны өтеу мерзімдері бойынша тиісті банк­ке, микроқаржы ұйымы немесе коллек­тор­­л­ық агенттікке. Ал мүліктің бар болуы, заң­ды тұлғаларда қатысу бойынша Әділет органдарына (ХҚКО, Электрондық Үкімет порталы). Сонымен қатар автокөлік бо­йын­ша Ішкі істер бөлімдерінің аумақтық бөлімшелеріне немесе Мамандандырыл­ған халыққа қызмет көрсету орталығына (бар болған жағдайда) хабарласуға болады. Жер учаскелері, ауыл шаруашылық жануарлары және арнайы техника бойынша сұрақ туындаған жағдайда жергілікті әкімдікке жүгіну қажет. Жеке кәсіпкерлік мәселеле­рін Мемлекеттік кірістер органдарының аудандық бөлімшелері қарастырады.

«Егер мүлкінің бар болуына байланысты борышкер соттан тыс рәсімнен өте алмаса төлем қабілеттілігін қалпы­на келтіру немесе сот арқылы банкрот­тық рәсімін қолдану бойынша арызбен тұрғылықты жері бойынша аудандық сот­қа жүгінуге болады. Жоғарғы Соттың мәліметтеріне сәйкес бүгінгі күні төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолда­ну бо­йынша арызбен 139 тұлға жүгінді. Рәсімді қолдану бойынша ұйғарым 1 аза­мат­қа қа­тысты ғана шығарылды (БҚО), 84 арыз қайтарылды. Бүгінгі күні қар­жы бас­қа­рушысы ретінде қызметтің басталуы туралы хабарламаны 176 тұлға берді. Еске сала кетейін, соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылып, осы тізілімде тұрған азаматтар рәсім барысында да, банкрот деп танылған күннен бастап бес жыл ішінде де банктер мен микроқаржы ұйымдары­нан кредит ала алмайды», деп ескертті Е.Біржанов.

«Министрлік өкілінің сөзінше, ең көп арыз Түркістан облысынан келіп түскен –
5 400 арыз. Екінші орында Алматы облысы – 4 мыңға жуық арыз түсті. Үшінші Алматы қаласы – 2 900 арыз. Осы барлық арыз­дарды қарау үшін министрлік скоринг жүйе­сін дайындап, электронды түрде іске асы­рып жатыр», деді вице-министр.

Келіп түскен арыздардың 94%-ы электронды түрде egov.kz үкімет порталы ар­қылы іске асырылса, «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасына 6 пайыз арыз тие­сілі. Келіп түскен арыздарды қарау бойынша қорытынды, яғни оның қабылданаты­ны немесе қайтарылатыны туралы шешім 15 жұмыс күні ішінде шығарылады.