04 Шілде, 2014

Ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік – көкейкесті мәселе

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков пен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Дулат Құсдәулетов Баку қаласында өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының ХХІІІ сессиясына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Қазақстан парламенттік деле­га­циясының құрамына Мәжіліс депутаттары – Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов пен Аграрлық мәсе­лелер комитетінің мүшесі Светлана Қа­дыралиева да енген болатын. Жыл сайынғы сессияның ашылуында  форумға қатысушылар алдында Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, ЕҚЫҰ ПА төрағасы Ранко Кривокапич, Әзербайжан парламентінің төрағасы Октай Асадов, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Дидье Буркхальтер құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Сергей Нарышкин мен Украина Жоғарғы радасы төрағасының орынбасары Руслан Кошулинскийге де сөз берілді. Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитеттің отырысында сенатор И.Адырбеков сөз сөйледі. Бұл сессиядағы «Хельсинки+40: мақсат – әр адамның қауіпсіздігі» тақырыбының өзектілігін атап өте келіп, сенатор қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өткір мәселелерін ашық талқылауға және шешімін іздеуге болатын ЕҚЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар жұмысының маңыздылығына тоқталды. Ол,сондай-ақ, Қазақстанның үнқатысу және өзара іс-қимыл қалыптастыруда сындарлы рөл атқаруға ұмтылысын атап өтті. Осыған байланысты, оның айтуынша, біздің еліміз Орталық Азия елдерінен алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына 2017 жылы енуге ниеттеніп отыр. Сондай-ақ, парламенттік форум алаңдарында экстремизм, радикализм және жатсынудың арта түсуі, Украинадағы жағдай мәселелеріне арналған арнайы пікірсайыстар болды. Сессия аясында қазақстандық делегация мүшелері ҰҚШҰ, ТүркПА елдеріндегі ресми емес кездесулерге қатысып, Ассамблеяның басшы құрамымен және оның Халықаралық хатшылық құрамымен, сондай-ақ, ЕҚЫҰ елдерінің 15-тен астам ұлттық делегациялар өкілдерімен кездесті. Сессияның қорытындысында ЕҚЫҰ ПА-ның Баку декларациясы қабылданды.