Ғылым • 12 Сәуір, 2023

Ғылыми-техникалық жобалардың әлеуеті зор

290 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміз өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін ең бірінші ғылымды, технократияны дамытуы керек деп айтудай-ақ айтылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жастарды техникалық мамандықтарға бағыттау керектігін бір емес, бірнеше рет ескертті. Рас, технологиясы озық елдермен үзеңгілесу үшін балаларды мектеп жасынан техникаға баулып, қызығушылықтарын арттыра түсу маңызды. Осы орайда Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің атқарып жатқан шаруасы аз емес.

Ғылыми-техникалық жобалардың әлеуеті зор

Техникалық университетте ғылыми-зерттеу зертханалары мен құзырет орталықтары ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Мұндағы ғалымдардың, оқытушылардың, студенттердің ғылым саласын дамытуға бағытталған жұмыстары сәтімен жүзеге асып жатыр. Бұл өңірдегі ғылымның өркениетті елдерден қалыспай келе жатқанының дәлелі. Мәселен, медицинасы көш ілгері Израиль, Кореядағы секілді имплант өнімдері мұнда да жасалады. Олар өткен жылдары медицинада пайдаланылып, ойдағыдай нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар күрделі құрылыс материалдарын­ жіті зерттеу қажет болса, оны да техникалық универси­тет қабырғасындағы ғалымдар жүргізеді. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы­мен салынып жатқан Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысына пайдаланылатын бірқатар мате­риалдың беріктігін аталған оқу орнының мамандары тексеруден өткізеді. Ауыл шаруашылығы сала­сында өнім көлемін арттыру үшін де инновациялық технологияларды қолдана бастаған.

Өткенде егістік өнімдерін арттыру үшін арнайы ұшатын құрылғы арқылы алқап топырағының құрамын, ылғал көлемін зерттеп отырған мамандардың жұмысы туралы жазған едік. Сол секілді өнімділікті арттыру үшін «Smart engineering» орталығы мамандары да тың жобаны қолға алған. Жуықта жасаған 48 дөңгелекті қондырғының табаны егістік алқабына әлі тие қойған жоқ. Бірақ мамандар жаңа құрылғы көмегімен өнім көлемін 30 пайызға арттыруға болатынына сенімді. Жас ғалымдардың пікірінше, 48 дөңгелекті техника тыңайтқышты топыраққа терең сіңіруге мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіптегі жаңа жоба Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған байқауда үздік деп танылған.

– Ауыл шаруашылығы ком­па­­­нияларының өкілдері егістік ал­қап­тарындағы күзгі түсім көлемін арт­тыруға күш салу керек деп айтқан еді. Ұсыныс нәтиже беретін шығар деген оймен жұмысқа кірістік. Топыраққа тыңайтқышты енгізетін қарапайым машинаның тетіктері тез тозып кететін көрінеді. Біз зерттей келе қондырғыны жетілдіруге болатынын білдік, – дейді орталық жетекшісі Бағдат Азаматов.

Шығыс Қазақстанның жері шыбық шаншысаң тал өсетіндей шұрайлы. Еліміздегі күнбағыс өнімінің басым бөлігі Шығыстан шығатыны және рас. Егер ғалымдар ойлап тапқан жерді тыңайтудың тың тәсілі жоспардағыдай жүзеге асып жатса, астықтың аста-төк болып, қамбаға толуы бек мүмкін.

Айтқандай, медициналық им­­плант өнімдері де «Smart engineering» орталығында жасалады.­ Мұндағы мамандар адам ағзасына бекітілетін титан тетік­терді жасау үшін Ресейдің Мәскеу, Екатеринбург сынды қалаларында және Германияда арнайы курс­тардан өткен. Қазіргі таңда 3D принтерде кейдждерді оп-оңай жонып жүр. Б.Азаматовтың айтуынша, титан тетікпен адамның сүйегі бекітілген соң шеміршекпен бірге бітіп кетеді екен. Ол үшін сыртқы қабатын кедір-бұдыр етіп жонады да, бетін арнайы сұйықтықпен өңдейтін көрінеді.

Университеттің «Физика орта­лы­ғында» да жұмыс қызу. Бұл орта­лықты құрудың әуелдегі мақсаты – іргелі жаратылыстану-ғылыми және инженерлік даярлыққа негізделген оқытуды құру, физика­ бойынша зертханалық практикум­дарды ұйымдастыру. Оқу бағдарламасының жетекшісі Жеңісгүл Рахметуллинаның айтуын­ша, әккі инженерлерді дайын­дап шығару үшін бұл орта­лық­тың маңызы зор.

– Орталық студенттердің математика, физика бағытындағы білімін, базалық цифрлық жобалау дағдысын меңгеруге, қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Физика орталығын» алты бірдей зертхана біріктіріп отыр. Соның бірі – Желілік инженерлік мектебі. Бұл мектептің негізгі мақсаты – 9-11 сынып оқушыларына математика, физика, информатика бағытында тереңдете білім беру. Сондай-ақ оларды зерттеу жұмыстарына бағыттау. Орталықтағы білім мектеп аясында берілетіндіктен, тегін. Бұл мектеп 2022 жылдың 5 сәуірінде жұмысын бастады. Аз уақыттың ішінде оқушылар айтарлықтай нәтиже көрсетті. Оған университеттің серіктестері де қатысты. Қазіргі таңда осы жоба аясында «Жас талап» олимпиадасы өтіп жатыр. Жаңа жобаға басқа облыстардан да қызығушылық танытып жатқандар бар, – дейді Жеңісгүл Рахметуллина.

Техникалық университеттің екінші қабаты толықтай Архитектура және құрылыс жоғары мектебіне арналған. Шығармашылыққа толы атмосферадағы мектепт­е халық­аралық конкурстар ұйым­­дас­тырылып, түлектердің дип­лом­дық жұмыстары қорғалады. Уни­верситеттің барлық креативті, қызықты шаралары дәл осы жерде­ өтеді. Мұнда студент­тер ақ қағаз бетіне қаланы гүл­ден­діру, түрлендіру үшін сан түрлі сызбалар сызып қиялға ерік беретіндей көрінді. Бұл жердегі әр түлектің дипломдық жұмысы өзінше ерекше. Мысалы, бакалавриат түлегінің «Өскемен қаласын көгалдандыру концепциясы» деген жұмысы қалалық архитектура бөлімінің арнайы тапсырысы бойынша орындалған. Мұны жасаған студенттің ойы жүзеге асқан жағдайда өндірісте көптеген мәселені шешуге мүмкіндік бар. Архитектура және құрылыс жоғары мектебі қызметкерлерінің айтуын­ша, магистратура түлектерінің де жұмыстары өндірістік немесе проблемалық аудандармен тығыз байланысты. Мысалы, мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстанның шекаралық аймақтарында туризмді дамыту мақсатында жасалған жұмыстар бар.

Өскемен – өндірістік қала. 1930 жыл­дары басталған кен өндіру­ жұмыстары әлі күнге дейін дамыл­да­ған жоқ. Сол үшін де техникалық мамандыққа сұраныс өте жоғары. Ал облыста білікті инженерлерді, металлургтерді, тау-кен мамандарын дайындайтын бірден-бір оқу орны – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Сондай-ақ бұл оқу орны геология, тау-кен өндіру ісі бойынша бәсекеге қабілетті. Ғалымдардың пікірінше, XXI ғасыр геологияның эволюциялық дамуы қарқын алатын уақыт.

– Жерасты кені шамамен 200 жыл­дар бойы игеріліп келеді десек, қателеспейміз. Пайдалы қазбаларды өңдеген сайын жаңа кен орындарын ашу қажеттілігі туындай береді. Жердің беткі қабығын зерттеу жұмысы шамадан асып отыр. Еліміздегі «Казцинк» секілді алып компаниялардың кен орындары өз мүмкіншіліктерінің шегінде тұр. Бұл жаңа технология­ларды пайдаланудың уақыты келді деген сөз. Қазір зертхана меңгерушілерінің көмегімен кен алудағы, өндірудегі жаңа әдістерді қолданып жатырмыз. Атап айтқанда, жерді қашықтан зерттеу­ жұмысы. Геофизикалық барлау арқылы пайдалы қазбалардың қандай тереңдікте жатқанын анықтаймыз, – дейді геология-мине­­­ралогия ғылымдарының кандидаты Марина Мизернаян.

Геофизикалық барлаудың да екі әдісі бар екен – сейсмикалық және электрлік. Шығыс Қазақстан алтын, титан және басқа да түрлі-түсті металдарға бай өлке. Алайда толық зерттеле қойған жоқ. Ол үшін инновациялық технологияны жетік меңгерген мамандарды әзірлеу керек. «Жердің беткейінен сынамалар жинап, растрлық электронды микроскоп арқылы зерттеу жүргіземіз. Оның басқа оптикалық микроскоптардан айырмашылығы – бірнеше мыңға жуық үлкейтілген кескін аламыз. Сол арқылы бөлшектің құрамын және құрылымын анықтаймыз», дейді инженер зерттеуші Айдар Сәдібеков.

 

Шығыс Қазақстан облысы