Спорт • 11 Сәуір, 2023

Өрендерді баураған үйірмелер

588 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі жуырда елімізде балалар ең көп айналысатын спорт түрлерінің рейтингін жариялады. Тізімнің алғашқы сатысына футбол жайғасқан болса, кейінгі орындарда волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика және үстел теннисі үйірмелері тұр.

Өрендерді баураған үйірмелер

Мәселен, елімізде 1 млн 63 мыңға жуық адам футбол үйірмесіне барады екен. Олардың қатарында аталған спорт­пен кәсіби түрде айналысатын қыз-жігіттер де бар. Болашақ футбол жұл­дыздарын жаттықтырып, тәрбиелеп шы­­ғару үшін бүгінде Қазақстан бойын­ша 17 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.

Кейінгі жылдары Қазақстанда командалық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Бұған елімізде 766 мыңнан аса адам волей­болмен, 562 мыңға жуығы бас­кет­болмен айналысатыны дәлел бола алады. Жалпы, волейбол спортынан жас­өспірімдер мен ересектерге арналған 16 мыңға жуық үйірме, баскетболдың қыр-сырын үйрететін 11 738 үйірме бар.

Сонымен қатар соңғы уақытта жас­тар арасында жеңіл атлетика мен үстел теннисі ойындары да кең танымалдыққа ие бола бастаған. Атап айтқанда, «Спорт падишасы» атанған жеңіл атлетикамен 384 мыңға жуық отандасымыз шұғылданады. Еліміз бойынша бұл спорт түрінен 7 380 үйірме жұмыс істеп тұр.

Ал жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарамастан жалпыға бірдей қолжетімді спорт түрі саналатын үстел теннисімен елімізде 242 мыңнан аса адам айналысады екен. Министрліктің дерегі бойынша, елімізде 8 мыңға жуық үстел тен­нисі үйірмесі бар. Өкінішке қарай, елі­міздің спорт жанкүйерлері үшін нөмі­рі бірінші спорт түріне айналған бокс үйірмелеріне небәрі 126 мыңға жуық адам қатысса, дзюдомен 133 мың спортшы айналысады. Ал 116 мың адам еркін күреспен шұғылданады.