Руханият • 11 Сәуір, 2023

Қазақша сөйлеуге еш кедергі жоқ...

416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Мемлекеттік тілге ешқан­дай бөгет жоқ». Жезқазған қала­сындағы «Өмірлік қиын жағ­дайдағы тұлғаларды қайта­дан әлеу­меттендіру орталығы» меке­месінің басшысы Жақып Аймырза есімді азамат осылай дейді. Айту – оңай, ал соны нақты іспен нықтау жағы қалай?

Қазақша сөйлеуге еш кедергі жоқ...

Өмірден сүрініп кетіп, түңіліп жүр­ген, күйзеліске түскен тағдыр­лар тоғысқан мекемеге олар туралы жазу­ға емес, осындағы мемлекеттік тілдің қолданысы жөнінде жақынырақ білмек үшін ат басын тіредік. Өйткені мұн­дағы іс қағаздары тек қана мемле­кет­тік тілде жүргізілетінін сырттай ес­тіп қалып едік. Естігенді елге жеткізу үшін алдымен соның нақтылығына көз жеткізу керек. Бізді қарсы алған басшы Жақып Аймырза бұл мекемені 2008 жылдан бері басқарып келеді екен. Мұнда 20-дан аса қызметкер бар көрінеді. Қызметкерлердің ұлты да әртүрлі. Осында уақытша тұрақтай­тын адамдардың арасында қазақ та, татар да, орыс та, неміс те, басқасы да кездеседі.

– Біздегі іс қағаздары тек мем­ле­кеттік тілде жүргізілетіні рас, – де­ген Ж.Аймырза мекемедегі қыз­мет­­керлермен жасалатын еңбек шарт­­­тарының, осында келіп түсе­тін аза­маттардың өтініш­тері, әлеу­меттен­дірудің типтік келісім­шарттарының бірыңғай мемлекеттік тілде жазылған нұсқаларын көрсетті.

«Мемлекеттік тілді білмейміз, орыс тіліндегі нұсқасын әкеліңіз» деген талап қойылса ше?» Көңіліміз­дегі осы күдікті сұрағымызды тың­да­ған басшы: «Мұндайда ондай талап қоюшыға еліміздегі бірден-бір мемлекеттік тілдің – қазақ тілі екенін түсіндіруге тура келеді. Екіншіден, еңбек немесе келісімшарттың әрбір тармағын оларға түсінікті тілде ауызша аударып береміз. Үшінші­ден, мекеме қызметкерлерінің арасын­да мемлекеттік тілді білмейтіні бол­са, жұмыстан босатып, айлығын сақ­тай отырып қазақ тілін үйрететін те­гін курстарға жіберемін», деп түсіндірді.

Тіл өз тұғырын осындай ерінбей­тін еңбектің арқасында ғана табатын болса керек. Кеңседегі іс-қағазда­рын ғана емес, көлік жүргізушілеріне бері­летін орысшалап айтқанда, «путевка» қағазына дейін мұнда «Жүк авто­мобилінің жолдама парағы» деп қазақ­ша жазылған. Ал банкпен жұмыс жағы қалай екен? Қаржы-қаражатқа қатысты құжаттар мүмкін орыс тілінде толты­рылатын шығар? Мекеменің бас есеп­шісі Гүлнәз Әубәкірова банкке қатыс­ты барлық құжаттардың да орыс тілін қо­са­қтамай жазылатындығын айтады.

– Бұрын мұнда Зәуреш Бақтаева есімді бас есепші жұмыс істеді. Қазір зейнет демалысына шықты. Сол кісі Қазынашылық банктің Жезқазғандағы бөлімшесі алғашында бірыңғай қазақ тілінде жазылған құжаттарды көріп, бейнелеп айтқанда, шоршып түскенін қызықты етіп, әңгімелеп айтатын еді. Банк «Орысшасын жазып әкеліңдер» деген талап қойыпты. Бірақ Жақаң көнбеген. «Біздің елде мемлекеттік тіл бар ма, бар. Ендеше, басқа қандай тілді талап етесіңдер?» деп отырып алған. Сөйтіп, ақыры банк бөлімшесіндегілерді өз дегеніне көндірген. Міне, содан бері банкпен ешқандай мәселе туындаған емес, – деген бас есепші әдетте «Платежная поручение» деп тұратын құжаттың «Төлеуге берілетін шот» деп қазақшаланған нұсқасын көрсетіп, айтқан сөзін айғақтай түсті.

– Тіл төңірегінде әңгіме, сөз көп. Нақты іс аз. «Ата заңдағы 7-баптың орыс тіліне қатысты тұсын алып тас­тау керек» деген талап қойып, қол жинап жүргеніміз де белгілі. Менің­ше, мұның түкке керегі жоқ. Сол бап­тың мемлекеттік тілді білуге қан­дай кедергісі бар? Түсінбеймін. Кейде дүкен­дерде, мейрамханаларда «Неге қазақша сөйлемейсіңдер?» деп айқай­лап жататын ағайындар бар. Олардың жанайқайын түсінуге болады. Бірақ, оған дүкеншілердің, даяшылардың не кінәсі бар? Олардың бәрі – жеке кәсіпкерлер. Біздегі кәсіпкерлік және тілге қатысты бөлімдер олардан халыққа тым құрығанда қос тілде қызмет көрсету керек екендігін ұғындырып, талап ету керек. Солай істеуге аталған бөлімдер жалтақтық танытады. Соның кесірінен тіл төңі­регінде айқай-шу көбейеді, – деп ой бөліскен Жақып Балықбайұлының бұл пікірінің де негізі жоқ емес секілді.

Тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту – намыстың ісі. «Шын жыласа соқыр көзден де жас шығады». Нағыз жанашырлық болған жерде қазақ тілі төрде тұрады. Бұған әрине, ең алдымен қазақтың ұл-қыз­дары мүдделілік танытпаса бола ма? Болмайды. Өкінішке қарай, кейде өзіміз өз тілімізді белден басып, аттап, таптап өтуге дайын тұрамыз. Мұның бәрі бұрыннан айтылып жүрген жайттар болғанымен Жақып Аймырзаның мына бір әңгімесінен кейін пікіріміз нығырлана түскен еді.

– Жұмыс барысында бір әріптесіме хат жолдадым. Әрине, қазақ тілінде. Ал одан жауап орыс тілінде келді. Әйел адам еді. Күйеуі үлкен лауазым иеленетін. Соған қарамастан, прокуратураға «қазақшаға орысша жауап қайтарғаны үшін» заң шеберінде жаза қолдануды өтініп хат жолдадым. Солай болды да. Осыдан соң әлгі кісінің күйеуі лауазымын пайдаланып маған бірталай шүйлікті. Көрдіңіз бе, біздің кейбір азаматтар қандай? Тіл үшін намыстанбайды, жеке басының мүддесі үшін жанын салады, – деген оның сөзінен өмірдің күнделікті шындығы айқын көрінгендей.

Шағын ғана мекемеде мемлекеттік тіліміз үшін ауқымды жұмыс атқа­рылып жатыр екен. Өзгелеріміз осыдан үлгі алар ма екенбіз?

 

Абдолла ДАСТАНОВ,

журналист

 

Жезқазған