Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық және аймақтық саясатта, геоэкономикадағы өзекті мәселелердегі ұстанымдары ұқсас. Сондықтан екіжақты форматта да, әртүрлі көпжақты құрылымдар (ТМҰ, АӨСШК, ШЫҰ) аясында да өзара жемісті әрекеттер жасайды.
Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту – біздің ортақ басымдығымыз. Айта кету керек, сарапшылар бүгінде Әзербайжан мен Орталық Азияны біртұтас макроөңір ретінде қарастыруды ұсынып отыр.
Институционалдық тұрғыда Қазақ пен Әзербайжан байланысы біртіндеп дамып келеді. Былтыр стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ықпалдасуды тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ ынтымақтастықты дамытуды көздейтін 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойылды.
Бұл жолы да екі ел басшылары бірнеше келіссөздерге қатысып, ғылым, ақпарат, бизнесті дамыту, мәдени ынтымақтастық, диаспоралармен жұмыс саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша маңызды құжаттарға қол қойды. Енді елдер арасында жоғары мемлекетаралық кеңес құрылмақ.
Әзербайжан президенті өзінің іс-сапары барысында екі туысқан елдің жақындасуы гуманитарлық саланың, сауда-экономикалық және инвестициялық жобалардың, сондай-ақ көлік және логистикалық инфрақұрылым мәселелеріндегі басымдығын атап өтті.
Түркі академиясының басшысы ретінде Әзербайжан президентінің дәл осындай жан-жақты ынтымақтастықтың қажет екенін нұсқауы біздің академия әлемінің ғылыми интеграциясының үйлестіру орталығы ретіндегі ұстанымына толық сәйкес келетінін айтқым келеді.
Бауырлас елдер арасындағы мәдени байланыс күшімен бастапқыда гуманитарлық саладағы ынтымақтастық табиғи қалыпты еді, алайда уақыт талабына сай мемлекеттердің табысты дамуы үшін жаратылыстану ғылымдары, жоғары технологиялар, экономикалық ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығы арта түсті.
Әзербайжанның өкілі ретінде Астанада Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев көшесінің салтанатты ашылуын айтпаса болмас. Бұл ықыласты Әзербайжан халқы толық сезінді. Тарихтағы ортақ естеліктер мемлекеттерді ғана емес, қоғамды да өзара жақындастырудың тағы бір тетігі.
Біз бір-бірімізге мұқтажбыз, түркі елдерінің жақындасуы – уақыт еншісінде. Көшбасшыларымыздың даналығы мен халықтың қолдауы ең батыл бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген сенімдемін.
Шаһин МУСТАФАЕВ,
Түркі академиясының президенті, академик