Бүгінде университетте 24 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оның 12 мыңы жатақханаға мұқтаж. Сондықтан студенттер үйі университет тарихындағы ең ауқымды жобалардың біріне айналып отыр. Қазіргі кезде студенттер қалашығында 3 гектар аумақта 12 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық жүріп жатыр. «Жөндеу кезінде ғимараттардың қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынды. Сонымен қатар электр жүйесі жаңартылды. Жатақханалардағы әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, сантехникалық жабдықтар ауыстырылды», деді университеттің басшысы Жансейіт Түймебаев.
Бұдан кейін меймандар университеттің Жағдаяттық басқару орталығының қызметімен танысты. Онда қауіпсіздік және бақылау жүйесі, университеттің ақпараттық бағдарламалары мен байланыс орталығы орналасқан.
Оқу ордасының Процестік инновациялар орталығы, Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтан зондтау орталықтарының жұмыстары да бүгінде заманауи ғылымды игерумен ұштасатын орталықтар ретінде дамып келеді. Осы орайда ғалымдардың ғылыми көрмесіне қатысқан меймандарға наноматериалдар негізіндегі датчиктер, энергияны үнемдейтін шамдар, қан тамырлары патологиясының алдын алу және емдеу, туристік цифрлық контентті жаңғыртуға арналған мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар, наноматериалдар негізіндегі суперконденсаторлар, депрессияның психофизиологиялық маркерлері және басқа да инновациялық жобалар таныстырылды.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңіс мекеменің негізгі мақсаты елімізде өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Ғалымның айтуынша, бүгінде орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларының алдын алатын, иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі.
Ғылымды өндіріспен ұштастырып отырған ғалымдар жұмысымен танысқан Алтай Көлгінов ұжымға сәттілік тілеп, өндірісті дамытудың маңызына тоқталды.