Польша құрамасының капитаны Давид Цельт бұл кездесуде Қазақстан теннисшілерін фаворит деп санаса да, шәкірттері тек жеңіс үшін ойнайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол жерлестеріміздің жеке шеберлігіне тоқталып, Ига Швентек пен Магда Фрехтің жоқтығын айтты.
«Ертең бізді өте ауыр сынақ күтіп тұр. Бірақ қарсыластарымызға лайықты қарсылық көрсетуге уәде береміз. Өкінішке қарай, жарақатына байланысты құрамамыздың көшбасшысы Ига Швентек бұл жарысқа қатыса алмайды. Жалпы, Қазақстан құрамасының теннисшілерін өте жақсы білеміз. Елена Рыбакина биыл өте табысты өнер көрсетіп жүр, шеберлігі де өсіп келеді. Маған оның ойыны ұнайды. Юлия Путинцева – күш-жігері мықты теннисші, әсіресе топырақ төсеніште жақсы ойнайды. Анна Данилина жұптық сында өткен жылы Аустралия чемпионатының финалына дейін жеткенін жақсы білеміз. Дегенмен бұл командалық жарыс болғандықтан, бәрі де болуы мүмкін», деді Цельт.
Ал Юлия Путинцева топырақ төсеніштегі маусымның басталғанын айтып, құмдауыт кортта ойнау оң жамбасына келетінін жеткізді.
«Төсенішті таңдаған кезде бізге қайсысы көбірек қолайлы, соған сүйендік. Негізі қандай төсеніш, қандай корт болса да, біз әр жарысқа тезірек бейімделуге тырысамыз. Десе де бізге құмдауыт кортта ойнау ыңғайлы және оң жамбасымызға келеді деп те айтсам болатын шығар. Былтыр дәл осындай кортта Германия теннисшілерін тізе бүктіріп, алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алған болатынбыз. Биыл да сол жетістігімізді қайталағымыз келеді. Ертең жеңіс үшін және жанкүйерлерді қуанту үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деді Путинцева.
«Ел намысын қорғау үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдын ала жеңеміз деп болжам жасау мүмкін емес. Қарсылас команданың құрамы қандай болатынына қарамастан, тас-түйін дайындалып жатырмыз. Екі жыл қатарынан елордада өнер көрсететінімізге қуаныштымыз және өткен жылғы нәтижені қайталағымыз келеді. Қыздардың көңіл күйі көтеріңкі, кортқа үйреніп, ойындарға дайындалып жатыр. Ең алдымен, тәжірибелі теннисшілерімізге сенім артамыз. Егер үш бәсекенің қорытындысы бойынша мәселе ерте шешіліп жатса, онда жас теннисшілердің бабына қараймыз», деді Шведова.