Әскер • 12 Сәуір, 2023

Жетінші рота жауынгерлері

275 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1995 жылы 7 сәуір күні болған оқиға. Тәжікстан аумағындағы Пши­харв шатқалында Ішкі әскерге қарас­ты жетінші рота жауынгерлері тұтқиыл­дан жасалған шабуылға тап болып, от пен оқтың құрсауына түсіп қалды. Шабуылдаушы содырлардың күші басым болған ұрыста 17 жауынгер оққа ұшып, 33 адам жараланған еді.

Жетінші рота жауынгерлері

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы қанды оқиға болған күн қазір Ұлттық ұлан қызметінде «Ерлік күні» ретінде бекітілген. Биыл да Пшихарв шатқалындағы шайқастың 27 жылдығы аталып өтті. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Біз аты аңызға айналған жетінші ротаның сардарлары мен сарбаздарын сөзге тартып, естеліктерімен бөлісуді жөн көрдік. «Оқ аспаннан жаңбырша жауды. Айналада көздеріне құм толған жауынгерлер жатты. Бәрі де жантәсілім еткен еді. Бұл көріністі ұмыту мүмкін емес». Бұл – тәжік-ауған оқиғасының ардагері Қайрат Сәтбаевтың жадында мәңгі қалған жаңғырық.

– Бастапқыда не болғанын аңғармай қалған біздің бойымызда қорқыныш пен үрейдің ұялағаны анық. Бірақ ажалмен бетпе-бет келген сайын қайратқа мінеді екенсің. Моджахедтер әу дегенде-ақ кө­лік­терді гранатометпен атып, күлін көкке ұшырып үлгерді. Көк түтін, суылдаған оқ. Әп-сәтте жанымдағы взвод жігіттерін жинап, автокөліктің дөңгелектерін қалқан қы­лып тығылдық. Жауынгерлерге «Мен ба­ғытты айқындайтын оқтармен атамын, сол жер­лерді нысанаға алып, сендер де солай қа­рай оқ жаудырыңдар», деп бұйрық бердім. Ізі ұшқындап анық көрінген оқпен жауды нысанаға алып атып жатырмын. Артынан сол бағытта сарбаздарым да оқ жаудырды. Қия дүздің бір тұсынан шыққан оқтың үні өшсе, ендігі кезекте автоматтың үні басқа жақ­тан сақылдап қоя береді. Міне, осылай ұрыс жалғасып жатты. Минуттар сағаттай, сағаттар бейнебір тәуліктей жылжыған сын кез еді ол бір. Жаралыларды жинап, жақын маңдағы БТР-дың қалтарысына жеткіздік. Он екі жарымдарда басталған сойқаннан кейін де біраз уақыт өтіп, сағат тілі үшке тақапты. Бастапқыда сескеніп қалсақ та, міндетті атқарудан артық парыз жоқ екенін барлығымыз бір адамдай түсіндік, – дейді Қайрат Сәтбаев.

Келесі кейіпкеріміз, запастағы полковник Берік Омаров та естелігімен бөлісті.

– Боздақтардың өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жаныма қатты батады. Олардың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Моджахедтер соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұрапыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Біз осы тауды тесіп өтетін көпірге бекініп алып, жауға тойтарыс бермегенде, аман қалуымыз екіталай еді, – дейді Берік Ілесбекұлы.

Прапорщик Динар Сибагатуллин болса, әлі күнге дейін Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарады. Әскери қызметін қатардағы жауынгерден бастаған ол да шатқалдағы шайқасқа қатысқан. Содан бергі өмірін құқықтық тәртіп әскерімен байланыстырды.

– Ол күн әлі есімде. «Ұрысқа!» деген бұй­рықты ести салысымен, бәріміз көліктен секіріп түсе бастадық. Бір жағы – жартас, екінші жағы құз жолдың оңтайлы тұсын әдейі таңдап алған жау ес жиғызар емес. Олардың алдын ала бәрін ойластырғанын, ең алдымен пулеметшілер мен зениттік-минометтік қондырғыны бірден жойғаны­нан білуге болатын еді. Бірнеше қарулас дос­ым көліктен түскен бетте жер жас­тан­ды. Есімізді тез жинап, жаудың қай жақ­тан атқылап жатқанын бағдарлай бас­тадық. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде 100 метрдей қашықтықтағы «Кө­пірге бекініңдер!» деген бұйрықты есті­сі­мен жанұшыра атыса жүріп, солай қа­рай қарай жүгіргенімде тізе тұсымның тыз ете қалғанын сездім. Аяғыма граната жар­қын­шағы тигенін ертеңінде бір-ақ білдім, – дейді Динар Маратұлы.

Шайқастан аман-есен үйіне оралған бұрынғы сарбаздың бірі Дәурен Жақып­бековтің де айтары бар. Бүгінде қырықтың қырқасынан асқан Дәурен Асқарұлы тіптен жас өрен кезінде әскерге аттанған еді. 1993 жылы Алматы қаласында, П.Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқып жүргенде академиялық дема­лысқа шығып, ізін ала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады.

– Сол күні көлікке отырып, колоннамен жолға шыққан едік. Екі айдан кейін әскер­дің мерзімі аяқталады. Ойда ештеңе жоқ. Барлығымыз көлікте отырып, қалжыңдасып, әңгімемізді айтып келе жаттық. Енді сәл шыдасақ, «дембел» болып үйімізге қайтамыз деген көңіл күйде едік. Шатқалдағы көпірге келгеніміз сол еді, алдыңғы көлік пен соңғы көлікті атып жарып жіберді. Қозғалыс тоқтады. Оқ бұршақша жауды. Қасымда отырған сарбаздың басына оқ тиіп, басы қақ айырылып түсті. Менің арқама оқ тиді. Орнымда жатып қалдым. Барлығы абыр-сабыр болып кетті. Қансырап, көліктің ішінде қалдым. Қасымнан оқтар зуылдап өтіп жатыр. Әр сәт мәңгілік секілді. Кез келген секундта өмірмен қош айтысуым мүмкін еді. Сонда мына өмірдің мәнін түсіндім. Адам өміріне жететін құндылық жоқ екен. Қаруластарыма айтар алғысым мол. Мені тас­тамай, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұл оқи­ғаны жастар білсе, Отанның да, өмірдің де мәнін жетік түсінетін еді, – дейді 7-рота жауынгері Д.Жақыпбеков.

Әрине, ерлік ұмытылмайды. Осы ұрыста қаза тапқан 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі қаза болған соң берілді. Ал тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақ жауынгерінің құрметіне Душанбеде монумент тұрғызылды. Астана қаласын­дағы «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған. Соны­мен қатар Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда батырларға ескерткіш қойыл­ған. Мұнан бөлек, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының қолдауымен шынайы оқиғаның желісімен түсірілген «Қазбат» фильмі жарыққа шық­ты. Осы оқиға тарихта қалсын, өскелең ұрпақ батырларымыздың ерлігін ұмытпасын деген ниетпен таспаланған кинокартина – жауынгерлерге Ұлттық ұлан тарапынан көрсетілген құрмет.