Әлем • 12 Сәуір, 2023

«Жасыл кітап»

591 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алпауыт Америка өткен ғасырда адамдардың құқығына жүре қарайтын мемлекеттің бірі болған. Жыныстық һәм нәсілдік сегрегация қоғамды екіге бөліп, тұлғаны түсіне, әлеуметтік мәртебесіне қарап саралады. Бұл таптаурын түсінік әлем үлгі тұтқан мемлекеттің осал тұсы еді. Әйткенмен одан әлі де арыла алмай келеді. Оған жасыл кітаптар дәлел.

«Жасыл кітап»

Батыс елдерінің балағынан тартатын бір ұғым болса, ол – нәсілшілдік. Ақсүйек ұлттар түрлі-түске айналған мемлекет өңі­нің өзгергеніне қапалы. Тіп­ті байырғы еуропалықтар тө­мен таптан шыққан қара нәсіл­ді­лердің билік басына келіп, өзгеріс жасағанын һәм қоғам­ның беткеұстар бір бөлігіне айнал­ғанын қаламайды. Қансіңді қағи­да зайырлы мемлекеттердің зәре­сін алып, кейде билік тіпті бір бармағын бүгіп қалады. Біз бұл әңгімені жағаламас бұрын режиссер Питер Фареллидің «Жасыл кітап» кинокартинасына үңілген едік. Қара нәсілділер арасынан шыққан дарынды виртуоз пианист Дон Ширлидің ғұмырнамасына негізделген шығарма, сол сұрқай дәуірдің атмосферасын береді.

Фильм 1960-жылдардың басында АҚШ-та болған оқиғаны еске салады. Қара нәсілділердің ара­сынан шыққан ғажайып өнер­паз Дон оңтүстік штаттарға гас­трольдік сапарға шығады. Жол бойында қиындық тудырмас үшін ол италиялық түнгі клубтың серуеншісі Тони Валлелонганы жүргізуші әрі күзетші етіп жалдайды. Екі қарама-қарсы кейіпкердің достығы көңіл масайратады. Әйт­се де мәселе бірінің ақ, бірі­нің­ қара болғанында емес, сол кез­де консервативті оңтүстікте нәсілдік сегрегация заңдары әлі де қатаң сақталатын. Бұдан да сорақысы қара нәсілділер екінші сортты адамдар қатарына жатқызылды. Бұл бөгесінді пианист бұзғысы келді. Бірақ мұндай жағымсыз стереотиптерден арылуға әрі шынайы талантты мойын­дауға америкалықтардың өресі жетпеді.

Қос саяхатшының қолдарын­да «Жасыл кітап» болды. Бұл олар­дың жолсерігі әрі бағдаршамы. Нұсқаулықта тамақтану орында­ры, жанармай құю стансалары, қонақүйлердің мекенжайы, қара нәсілділерге тұруға және қызмет көрсетуге болатын басқа да мекемелердің тізімі жазылған. Айтпақшы, гид кітапша саяхат­шы­ларға ғана емес, өз ісін осылай алға жылжытуды көздеген кәсіпкерлерге де көмектесті.

Айта кетейік, аталған кітап­ты­ пошта қызметкері Виктор Гюго Грин құ­растырған. Алғаш рет 1936 жылы Нью-Йоркте ба­сыл­ған. «Жасыл кітап» бү­кіл ел бойын­ша жанармай құю­ стансаларын­да сатылып,­ жыл­ сайын жаңартылып отырды.­ Дегенмен 1964 жылы «Аза­мат­тық құқықтар туралы» заң қабыл­данып, барлық қоғам­дық орын­дарда сегрегация тоқта­тылды. Бірақ бұл тұрпайы түсінік қоғамның санасынан бірден өше қойған жоқ.

Әйгілі музыканттың шынайы тағ­дыры оңай болған жоқ. Дон Фло­ридада ямайкалық отбасында дүние­ге келген. Ол екі жасында фор­тепианода ойнауды үйреніп, үш­ жасында сахнада өнер көрсете бас­тады. Бала кезінде оны тіпті Ленин­град консерваториясына оқуға­ шақырған, бірақ ата-анасы бала­ны шетелге жалғыз жіберуге қор­қады. 18 жасында атақты Бос­тон­ оркестрімен Чайковский кон­цер­тін орындаса, келесі жылы Лон­дон симфониялық оркес­трі­мен бірге өз шығармасын ұсын­ды. Содан кейін ол әлемді гас­трольдік сапармен аралауды бас­тады.

Әлем таңдай қаққан дарын иесі­ осын­шама даңқына қа­ра­мас­­­­тан аме­рикалықтардың түрт­пе­­­­гін көрумен болады. Олар қара­ пианистің классикалық шы­­ғармаларына әлі дайын емес еді.­ Мұны сезген музыкант ұлы өнер­дің есігін тарс жауып, біраз уақыт­ психологиялық зерттеумен­ ай­на­лысады. Бірақ бала күнгі ас­қақ арманы тыныштық берсін бе?­ Көп ұзамай не де болса, түн­гі­­ клубтарда өнер көрсетуге бел бай­­лайды. Сөйтіп, жүріп өзінің му­­зы­калық стилін ойлап табады.­ Ол осылайша классика, джаз­ және поп-музыка арасына жаңа­ша­ сүрлеу салады. Бас гитара мен вио­­­лон­челист бар Дон Ширли трио­сы осылай пайда болды.

Мансап шыңында жылына 100-ден­­ астам концерт берді. 80-жыл­­­дардың басында оң қолы­­ның қабынуына байланыс­ты­ өнер көрсетуді тоқтатуға мәж­бүр­ болды. Соның кесірінен 20 жыл­ үнсіздікке көмілді. Тек 2001 жы­лы ғана шәкірттерінің қол­дауы­мен жазып алған дискісі жарық­ к­өрді. Америкалықтардың өнер­ге деген немқұрайдылығы оның­ мақсатын тізерлете алмады.­ Даңқты Дон Ширли 86 жасында­ жанкүйерлерін жылатып, дүние­ден­ озды.

Ал оның италиялық досы, көп­­­­шілікке Тони Лип деген атпен­ таны­мал Фрэнк Энтони Вал­­лелонга Нью-Йоркте дүние­ге­ келген. Аулада оны Губа не­ме­се Чаттербокс деп те ата­ған екен.­ Өйткені оның кез кел­ген­ адам­ды өзіне қажет нәр­сені­ істеуге көндіре алатын таң­­­ға­жайып қа­білеті болған. Шы­­­нымен де, «Жа­сыл кітап» филь­мін­­дегідей Ко­пака­бана клубында бас­ даяшы болып жұмыс істе­ген.­ Кино сюжетіне негіз бол­ған­ оқиғалардың басым бө­лігі сол жерде орын алады. Тіп­ті­ сол маңда әйгілі режиссер Фрэн­сис­ Форд Копполамен танысып,­ аты аңызға айналған «Өкіл әке»­ фильміне де түседі. Дон­ екеуі­нің достығы оны басқа кеңіс­тікке алып шықты. Бір-біріне­ деген ілтипаты әлі күнге амери­ка­лық­тар­дың аузында жүр.

Фильм Ник Валлелонганың кіта­бына негізделіп түсірілді. Дон­ мен Тонидің гастрольде кез­де­сіп, саяхаттағаны күмән тудыр­майды. Әйтсе де режиссер көп­теген эпизодты көркемдеген. Оған­ Ос­карды сыйлаған да осы фильм. Ақ пен қара адам ара­сын­дағы шынайы махаббатты көр­сете оты­рып, Құдай алдында бәрі­­міз бір­дей екенімізді жеткізе білді.