Қазақстан • 13 Сәуір, 2023

Шекара бойынан алыстап барамыз...

486 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шекаралық аудандардағы халық саны жыл өткен сайын азайып барады. Бұл жайында осыған дейін талай рет айтылды. Жазылды да. Жыл сайын 3-4 мыңға жуық ауыл тұрғыны тұрмысқа жайлы мекен іздеп облыс орталықтарына қоныс аударып, ел шеті жалаңаштана бастады. Осыған дейін «халқы азайған елді мекендердің келешегі жоқ» деген пікір басым болды. Оның ар жағында «қаржы үнемделеді» деген жымысқы емеурінді де ел жазбай таныды. Елдің шығысы мен солтүстік шекарасындағы ауылдардың иесіз қалуына осындай көзқарас себеп болды.

Шекара бойынан алыстап барамыз...

Суретті түсірген Дулат МОЛДАБАЕВ

Шекаралық аймақтарды дамытуға белсенді азамат­тар­ әрекетінің де, мемлекеттік бағ­дар­ламаның да шамасы жетпейді. Шека­радағы ашылып қалған қақпақтың аузын жабу үшін әрбір тармағы мен бабы жалтарып кетуге жол бермейтін заң керек.

Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, ел ішіндегі көші-қон – қалыпты құбылыс. Ал сол көші-қон салдарынан шекара бойындағы елді мекендердің жойыла бас­тауы мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндіреді деп қабылданады. Мемлекеттік шекараның мықты болуы ел шебін күзетіп отырған ондағы әскеріміздің әлеуетіне ғана емес, шеп бұзбай отырған ха­лықтың санына, әл-ауқаты және жұмыспен қамтылуына да байланысты. Шекаралық елді мекендердің келбеті кез келген мем­лекеттің ішкі ахуалынан хабар береді.

Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте 7591 шақырым Ресеймен шек­араласады. Ал рес­пуб­ликаның Алтайдан Тянь-Шаньға дейінгі 1782 шақырымға созылып жатқан шығыс шекарасын Қытай Халық Рес­публикасымен арадағы ала бағандар бөліп тұр. Оңтүстігінде Түрікменстанмен – 426 шақырым, Өзбекстанмен – 2354 шақы­рым, Қырғызстанмен 1241 шақырым шек­теседі. Елдің алаң көңілі солтүстік об­лыстарға бағытталып тұр.

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда 14 ауыл ел картасынан жойылды, яғни таратылды. Жалпы, соңғы 30 жылда оңтайландыру саясатының ызғарымен жойылып кеткен ауылдардың ең көбі осы Ресеймен шекаралас жатқан солтүстік-шығыс аудандардың үлесінде екен.

варч

 

Үкіметтен жақсы жаңалық жетті

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жобаны іске асыру жоспарланып жатқанын хабарлады. Бұл жоба әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу және жөндеу, отандық телеарналардың цифрлық эфирлік теле және радио хабар таратуын қамтамасыз ету, еңбек тапшылығы бар шекара маңы ауылдық округтеріндегі тұрғындардың жалақысына үстемеақы қосу және басқа бағыттарды қамтиды. Шекаралас аймақтарда орналасқан елді мекен тұрғындарына өзге де жеңіл­діктер беру мүмкіндігі осы жобада көз­делген. Шекара маңындағы ауылдар­ға үй салып беретіндер үшін субсидия бөлінетіні, 2 855 баспана салу жос­пар­ланып отырғаны белгілі болды. Министр­дің айтуынша, шекара заставаларына жақын орналасқан ауылдар мемлекет қолдауынсыз қалмайды. Шекара бекет­тері тұрған жердің маңайында инфра­құрылым жетілдіріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында бұл мәселені шешу керек деп еді. Ендігі беталыс оны қалай шешу керек деген сұрақтың жауабына байланысты болып тұр. Әзірге ел көңіліндегі алаң солтүстік-батыс­тағы 7 591 шақырымға созылып жатқан Ресей шекарасына бағытталып тұр.

 

Бағдарлама емес, заң керек

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, шекаралық аудандардың құ­қықтық мәртебесі туралы тұжырымдар қолданыстағы заңдарда, мемлекеттік бағдарламаларда жеке-жеке тармақ болып шашылып жүр. Заң жобасы талқыланған кезде олардың бәрі қаперге алынуға тиіс. Осы уақытқа дейін нәтижесін бермеген ұсыныстарды жаңа заңға тықпалау нәтиже бермейді. Сарапшының айтуынша, мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде «Солтүстікке көшіп, шекара маңына шоғырлану керек» деген ұрандап жүрген азаматтар көп. «Бізге Көші-қон туралы» заңды жалғыз өзі дайындап, аз ғана жыл ішінде елге 1 млн қа­зақты көшіріп алған Әкім Ысқақов тәрізді мемлекетшіл, қажет болса ұлтшыл депутаттар керек. Бізге бұл бағытта бағдар­лама емес, заң керек. Ол заң қысқа мер­зімде жазылуы тиіс. Біз шекарамыздан шыбын ұша алмайтын талапты тек заң шеңберінде ғана қалыптастыра аламыз», дейді Д.Көшім.

Ал біздің елдегі заңды түсіндіру үшін 500 заңгер бір мезгілде жұмыс істеу қажет. Кез келген заңнан «егер Қазақстанның басқа заңдарында көзделмесе» деген сы­ңайда жазылған сөйлемдерді кезік­тіруге болады. Демек белгілі бір мәселені заң шеңберінде шешу үшін кемі 300 заңды қайта оқып шығу керек.

Сарапшының айтуынша, шекаралық аудандардағы елді мекендерді жойып, етек-жеңіміздің ашылып қалуына қол­даныстағы заңдарымыздағы нақты­лықтың кемшіндігі себеп болып отыр. Рас, шекаралық аймақтарды дамыту мәселесі соңғы 30 жылда күн тәртібінен түспесе де, Үкіметтің оған шындап бет бұрған кезі өте сирек. Керісінше «Бола­шағы жоқ ауылдар» деген сыңаржақ сая­саттың салдары онсыз да шаруасы оңалмай тұрған ауылдардың жағдайын қиындатып кетті.

Саясаттанушының айтуынша, депу­тат­тардың біліктілігі мен табанды­лығы қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына бас­тамашы болуымен, оның нәтижесімен бағаланады. Депутаттың міндеті мен жауапкершілігін блогерлікпен шатас­тырып алуға болмайды. Бір заңды жазып шығу үшін кемі 150 елдің сол мәселеге қатысты қолданыстағы заңдары мен бағдарламаларын қайта қарап шығу керек. Мысалы, Қытайдың шекаралық ай­мақтарға қатысты көз­қарасы қол­даныстағы заңдарында шеге­леніп, шекара шебіне ел қондырды. Бізбен іргелесіп жатқан Ресей Федерациясының Қосағаш ауданында мемлекеттік арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында соңғы 25 жылдың ішінде аудан халқының саны 1,5 есе өсті. Солтүстігінде және солтүстік-шығыста Қазақстанмен, шы­ғыста және оңтүстік-шығыста Қырғыз­станмен және Тәжікстанмен, батыс­та Түрікменстанмен, оңтүстігінде Ауған­­станмен шектесетін Өзбекстан да бұл мәселе біздің елдегідей күйіп-жа­нып тұрған жоқ. Елдің оңтүстік-шы­ғысында Тәжікстанмен шектесетін шекарасын портты қала Термез күзетсе, қазақ жеріндегі шекарасын біріккен кәсіпорындарымен қорғайын деп тұр. Жер көлемі (447 400 шақырым) жағынан әлемде 56-орынды алған, халқы 35 миллионға жеткен өзбекке 19 миллион­нан енді асқан халқы бар елден төніп тұрған қауіп жоқ екенін олар жақсы біледі.

«Парламенттің міндеті қоғамға қа­жетті заңдарды қабылдау дегенді айтудан жалықпаймын. Олар бізге қажетті, осындай оқиғалардың алдын алатын заң жобаларын дайындап, тез арада қабылдауға тиіс. Шекаралық аймақтар ғана емес, коллаборанттарға қарсы жазаны қатайтатын заңдарды қабылдауды енді кешіктіруге болмайды. Ақпараттық қауіпсіздік, елдің ақпараттық кеңістігін қорғау мәселесі де Шекаралық аудандар туралы заң жобасында шегеленуі қажет. Бұл аймақтар Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзімен айтқанда, «Біздің құрыштан құйылған қалқан тәрізді, бірақ қалқанымыз майысып, қаңылтырға айналып кетті». Енді сол ауылдардың құрыштан қайта құйылып, шекарадағы шебімізге айналуы үшін тек заң керек. Ол үшін қолданыстағы заңдардағы шекаралық аймақтарды дамытудың заңдастыратын баптарды қайта зерделеп шығу қажет», дейді Дос Көшім.

 

Үкімет пен Мәжіліс ойлана бастады

Осыдан біраз бұрын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қытаймен шекаралас аудандардағы халықтың ішкері көшуін кейбір сарапшылар Қазақстан мемлекетінің Қытайдан шегіне бастауы деп қабылдай бастағанын, шекара бойындағы ауылдардың мәселесін тек заң немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы ғана шешуге болатынын айтқан болатын.

Е.Саиров бізбен әңгімесінде алдағы жар­тыжылдықта шекаралық аймақ­тардағы елді мекендер туралы заң күші бар құжат Парламентте қаралатынын, оны дайындауға тәуелсіз сарапшылар қатысатынын қаперге салды.

Сарапшы Бейсенбек Зиябеков те шека­ралық аймақтарға қатысты мәселе күрделі күйінде қалып отырғанын айтады. Елсіз жатқан жерге ел қондыру – Абылай заманынан бері жалғасып келе жатқан сая­сат. Біздің ел шекараның бойын­да қалған бірен-саран елді мекендердің жағдайын жасай алмай жүргенде шығыстағы көршіміз шекара маңына 250-300 мың тұрғыны бар қалашық салып үлгерген. Сол елдің 2050 жылға дейінгі бас жос­парында Қазақ­станмен және Солтүстік Кореямен шек­тесетін аймақтарда кемі 5-7 миллион адам тұратын үлкен қалалар салуды көздейтіні айтылған.

Ресейдің де қам-қарекетсіз жат­па­ғанынан БАҚ арқылы хабардармыз. Қазір Ресей шекара маңындағы аймақ тұр­ғындарының жалақысына 90 пайыздық үстемақы қосады, шекара шебінде ширек ғасыр жұмыс істеген азаматы елдің кез келген аймағынан жеңілдікпен пәтер алу құқығына да ие.

 

Елді өркендетудің тың өрісі

Ел ішінде әлеуметтік желі арқылы солтүстік аймаққа көшуді үндеп жүрген азаматтар да баршылық. Шекаралық аймақтарды дамытуға белсенді азамат­тар­ әрекетінің де, мемлекеттік бағ­дар­ламаның да шамасы жетпейді. Шека­радағы ашылып қалған қақпақтың аузын жабу үшін әрбір тармағы мен бабы жалтарып кетуге жол бермейтін заң керек.

«Біз бұл заңға үлкен дайындықпен баруымыз керек» деген пікірді Б.Зиябеков те қолдайды екен. «Бұл мәселе мемлекет үшін №1 стратегиялық бағыт болу қажет. Қазақстан Ресей, Қытаймен шекаралас жатыр. Бұл екеуі өздерін алып держава ретінде қабылдайтын мемлекет. «Құлжа, Шәуешек келісімдері» қазақ даласын сыртынан-ақ екі бөле салғаны тарихи деректерде таңбаланып қалған. Осыдан 163 жыл орыс-қытай арасында Қиыр Шығысқа қатысты келісім жасалған. Ресейдің Қиыр Шығысты иеленуіне осы «Ресей – Қытай Бейжің шарты» себеп болғаны да тарихи деректерде айтылып қалады. Бүгінгі Ресей Қиыр Шы­ғысты уыс­тан шы­ғарып алмау үшін кәсіпкерлерін осы бағытқа жұмылдырып жатыр», дейді Б.Зиябеков.

Сарапшының айтуынша, шекаралық аудандардағы жер телімдеріне қатысты ел ішінде әңгіме гулеп барады. Солтүстік облыстарда иесіз қалған елді мекендер көп деп айтуға ғана оңай. Жергілікті әкімдердің игерілмей бос жатқан жер­лерді халыққа пайдалануға беруге асық­пай отырғаны мерзімді басылымдарда айтылып жатыр. «Үкімет қай өңірде қанша ауылдың бос қалғанын түгендеп бітті. Енді сол ауылдарға тиесілі жердің, жер телімдерінің құқықтық мәртебесін, олардың иесінің бар-жоғын анықтап алуымыз керек. Шекарада отырған ауылдардың инвестициялық тартымдылығы бос жатқан жер көлеміне қарап анықталады», деп сөзін түйіндеді Б.Зиябеков.

 

АЛМАТЫ