Қаржы • 13 Сәуір, 2023

Салықтың салмағы

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жайылымнан таршылық көріп отырған ауылдағы ағайынның жағдайы талайдан бері айтудай-ақ айтылып келеді. Бірақ бұдан шығып жатқан нәтиже аз. Өйткені егінінің етегі ауылдың іргесінде жатқан шаруа жалға алған жерін кезінде заң күшімен бекіттіріп алған. Алайда енді егін алқаптары алқымынан қысып тастаған ауылдардың айналасы аршылып, қарапайым халықтың қолындағы азын-аулақ малдың өрісі кеңейетін күн де алыс емес сияқты.

Салықтың салмағы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауыл тұрғындары елімізде енді-енді күш ала бастаған жер реформасы көптен бері қажытқан жайылым мәселесінің қарапайым елдің пайда­сына шешілуіне сеп болып қалар деген үмітте отыр. Салық кодексіне 2018 жылы енген өзгеріс бойынша елді мекеннің аумағында тұрған жерді пай­даланушы енді бұрынғыдай әр гектарына емес, әр шаршы метрі үшін салық төлейді. Нәтижесінде, мұндай шаруашылықтардың мемлекетке төлейтін салығы жүз еселеп көбейіп кетіп отыр.

Мәселен, биыл Қостанай облы­сында шабындығы мен егіні елді мекендердің аумағына кіре­тін 140-тан астам шаруа өзі пайдаланып жатқан жерінің әр шаршы метрі үшін 6 теңге 27 тиын салық төлеуге тиіс екені туралы ескертпе хат алған. Өңірде елді мекендерге тиесілі жерлерге мың гектарлап егін егіп отырған жиырма шақты шаруашылық бар екен. Олардың салыққа кететін шығыны шаш етектен.

яквп

– Мысалы, «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі бұрын 992 гектарға жылына 120 мың теңге салық төлеп келсе, енді бұл 6 млн тең­геге шығып кетіп отыр. Сондай-ақ Денисов ауданындағы «Фрун­зенское» серіктестігі 1 892 гектар жеріне жыл сайын 194 мың теңге салық төлеп келген. Енді 9 млн теңге төлемек. Демек, аталған жер телімдерінде егін немесе мал шаруашылығымен айналысу автоматты түрде тиімсіз болып шығады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Әзімхан Бәйімбетов.

Ай аман, жұрт тынышта төбеден жай түскендей бол­ған ша­руашылық басшылары облыс­тық кәсіпкерлер пала­тасына жүгініп, Үкіметке Са­лық кодек­сінің 503 және 506-баптарын өзгерту туралы ұсыныс жіберуді сұрап отыр.

– Мен мұндай қиындыққа сонау 2014 жылы тап болғанмын. Бұл мәселе ауыл тұрғындарының жайылым жетіспей жатыр деген шағымынан туындаған. Енді, міне, жерді өз еркіңмен бере­сің немесе мәжбүрлі түрде кері қай­­та­расың деген жағдайға келіп тұрмыз, – дейді облыстық «Фер­­мерлер қауымдастығы» об­лыс­тық филиалының төрағасы Ма­рат Ахметов.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәліме­тінше, бүгінде елді мекендерге тиесілі ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы 31 мың гектар жер шаруа қожалықтарының еншісінде екен. Олардың ішінде қосымша келісімшартқа қол қойған 25 шаруа жаңа Салық кодексінің та­лаптарына көнгендей сыңай танытып отырған көрінеді.

– Иә, шарушылық басшылары күндердің күнінде осындай келеңсіз жағдайға тап болатынын әу бастан жақсы білді. Енді бұл тығырықтан шығудың екі-ақ жолы бар. Салық төлеуге келіседі немесе жерді қайтарады. Өйткені ол жерлер жайылым, шабындық, бау-бақша өсіруге, яғни ауыл тұрғындарының игілігіне арнал­ған, – дейді облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасы жер қатынастары бөлімінің бастығы Ғабдылқадым Мағзұмов.

Сарапшылардың айтуынша, заң бойынша елді мекендердің аумағына кіретін жайылым мен шабындық жерлер мемлекеттің меншігінде болуға тиіс. Бірақ соған қарамастан, кезінде жекенің құзырына заңсыз өтіп кеткен жерлер көп. Қазір соны кері қайтарып алудың жолдары қа­­растырылып жатыр. Елді мекен­дердің аумағындағы жерге салықты еселеу де соның бір амалы болуы мүмкін.

– Жергілікті атқарушы билік­тің өкілдері ауылға қарасты жер­дің жалпыға тиесілі екенін біле тұра кезінде аукцион арқылы кәсіп­керлерге беріп жіберді. Со­ның салдарынан талай жайы­лымдар егіс алқаптарына айналып кетіп, ауыл тұрғындары жайылымсыз қалды. Сол кезде мен шырылдап жүріп бұл аук­циондар Жер кодексі талап­тарына қайшы келетінін, ауыл аумағындағы жер­ді жеке кә­сіп­керлерге беруге болмайтынын айтып, біраз та­бал­дырықты тоз­дырғанмын. Еш­кім құлақ аспады. Ақыры, міне, сол кездегі қа­телік енді алдымыздан шығып отыр, – дейді сарапшы Владимир Дранчук.

Сондай-ақ Лисаков қаласы мен облыстың 10 ауданында жалпы аумағы 19 мың гек­тар­ға жақын жерді пайдаланып отырған 63 кәсіпкер де са­лық­тың ауыр салмағын көтеру мүмкін емес дейді. Бұған қоса салығын мер­зімінде төлемеген кей­бір кәсіп­керлер соңғы 3 жыл­дың са­лығын жаңа талап бойын­ша еселеп төлеуге мәжбүр болып отыр. Кәсіпкерлер пала­­тасындағы ма­мандардың пікі­рінше, мұның арты кейбір кәсіп­орындардың бан­кротқа ұшы­рауына әкеп со­ғуы мүмкін.

Салық кодексіне өзгеріс ен­гізу деген күрделі мәселе тек Үкімет отырыстарында ғана қа­­­ра­ла­тынын айтқан облыстық кәсіп­­керлер палатасының өкіл­дері арнайы ұсыныс хат әзір­леп, «Ата­мекеннің» Астана қала­сын­дағы бас кеңсесіне жолдамақ.

 

Қостанай облысы