Парламент • 12 Сәуір, 2023

Құмар ойындар қадағалауды қажет етеді

336 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Қазақстан мен Қырғызстан азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетумен айналысатын құзыретті органды анықтады. Сондай-ақ бірнеше депутаттық сауал жолданды.

Құмар ойындар қадағалауды қажет етеді

Атап айтқанда, «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жө­ніндегі өзара құқықтық көмек көр­сету туралы шартқа өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Хаттамаға 2022 жылдың 26 мамырында қол қойылды. Оның мақсаты – шетелдік соттардың шешімдері мен өтінішхаттарын орындау саласында құқықтық көмек көрсету бойынша сот органдарының функцияларын нақтылау, сондай-ақ екі тараптың құзыретті меке­мелерін өзгерту. Заң жобасы жөнінде Әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады.

«Хаттама аясында уағдаласушы тарап­тардың өздері құқықтық көмек көрсету кезінде қатынастарды жүзеге асыратын құзыретті мекемелерді айқындауды және дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етуді көздейтін Шарттың 4-бабына өзгеріс енгізу ескерілген. Сот шешімдері терминіне мойындау және орындау туралы өтініш жіберген кезде сот бұйрығын және оны қарау рәсімін енгізіледі. Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету кезінде ішкі істер органдары құзыретін белгілейтін 28-бапты алып тастау қажет. Себебі бұл функция бұдан былай Бас прокуратураға тиесілі. Сонымен қатар ішкі істер органдары құзыретін алып тастауға байланысты Шарттың 40-бабын өзгерту керек», деді ведомство басшысы.

Хаттама «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес ратифи­кациялануға тиіс.

«Хаттаманы ратификациялау Қазақ­стан мен Қырғызстан азаматтарының құқық­тарын қорғауға бағытталған азамат­тық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», деді А.Есқараев.

Сондай-ақ Мәжіліс Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәсе­лелерін түзету жөніндегі заң жобаларын жұмысқа алды. Құжаттың басты мақсаты – қазақстандық қоғамның кон­ституциялық құндылақтарын қыл­мыстық-құқықтық қорғауын күшейту. Заң жобасы қылмыстық жауаптылықты белгілеуге, жаза тағайындауға және қыл­мыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларына, үкімнің орындалуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаны құру туралы мәселе де қаралды. Бұған қатысты депутат Айдос Сарым баяндама жасады. Оның айтуынша, бұл – әлемдік үрдіс. Көптеген елдің Парламенті жанында қоғаммен өкілетті органдардың қарым-қатынасын жүйелендіріп, демократияның индикаторы рөлін атқаратын қоғамдық палаталар қызмет етеді.

«Заң шығару ісінің қоғамға, сарапшы қауымға түсінікті ету мақсатында былтыр Мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылған еді. Оның алғашқы отырыстары өтіп, бұл идеяның кеңінен қолдау тапқанын байқап отырмыз. Палата құрамына елімізге танымал сарапшылар, қоғам қайраткерлері, белгілі белсенділер кірген еді. Араға көп уақыт өтпей сол қоғамдық палатаның үштен бірі жуырда өткен сайлауда нәтижесінде Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты атанып отыр. Мұның өзі қоғамдық палата сарапшыларының бір бөлігі үшін жақсы мүмкіндік, саяси лифтіге айналғанын анық көрсетеді», деді А.Сарым.

Бұдан бөлек, депутаттар Ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет туралы заң жобасына қорытынды дайындау туралы Мәжіліс қаулысының күшін жойды. Палата отырысының соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына өз сауалдарын жолдады.

«Республика» партиясының өкілі Руслан Берденов букмекерлік кеңселер, құмар ойындар және интернет желісі арқылы ұсынылатын барлық бәс тігулерге қатысты мәселе көтерді.

«Бас прокуратураның деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Қазіргі уақытта түзеу мекемелерінде бір сотталушыны ұстауға күніне 5 800 теңге жұмсалатынын, жылына 2 млн 200 мың теңге шығын келетінін атап өткім келеді. Осындай құмар ойындарының себебінен түзеу мекемелерінің шығыстары жалпы 76,3 млрд теңгені құрайды. Бұдан басқа, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес 3 676 суицид фактісі жасалды, оның әрбір бесіншісін құмар ойындарын ойнайтын адам жасаған. Осылайша, букмекерлік кеңселер мен басқа да құмар ойындар қазақстандықтардың өміріне кері әсерін тигізеді», деді Р.Берденов.

Депутат келтірген деректерге сүйен­сек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қыз­меттердің көлемі 2020 жылы – 89,7 млрд теңгені құраған. Ал былтыр 600 млрд теңгеден астып кетті. Осылайша, соңғы үш жылда құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған.

«Букмекерлік кеңселер осы күнге дейін адамдарды құмар ойындарға тартып, агрессивті жарнамалық науқан жүргізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Еліміздегі барлық букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру туралы шешім нәтиже берген жоқ, өйткені олар интернет арқылы жұмысын жалғастырып жатыр», деді Р.Берденов.

Депутат бірқатар мемлекетте мұндай құмар ойындарға тыйым салынғанын алға тартты. Осы орайда, депутат заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда осындай ұйымдарды жарнамалауға тоқтам жасауды ұсынды. Сонымен қатар банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға шектеу қоюға шақырды.

Депутат Абзал Құспан елден заң­сыз жолмен шығарылған қаражатты қай­таруға қатысты сауал жолдады. Оның айтуынша, осы бағытта құрылған арнайы комиссия жұмысы қоғамға ашық деп айтуға келмейді. Керісінше, былтыр бір ғана ақпарат шығарса, биыл мүлдем үн жоқ.

«Егер тапсырмалардың орындалу барысы туралы қоғам және сол қоғамның осы жерде отырған заңды өкілдері ре­тінде біздер, депутаттар хабарсыз бол­сақ, онда күні ертең активтерді қай­таруға қатысты заң жобасын қалай, қайтіп қабылдамақпыз? Осыған байланысты Мәжілістің келесі кезекті жалпы отырысына Бас прокурор қатысып, активтерді қайтаруға бағытталған арнайы комиссияның осы кезге дейін атқарған қызметі туралы депутаттардың сұрақтарына жауап беруін, Бас прокурор басқаратын ведомствоаралық арнайы комиссия және Үкімет жанындағы жұмыс топтарына, мамандықтары сәйкес келетін депутаттардың да қатыстырылуын қам­тамасыз етуді сұраймын», деді А.Құспан.