Қоғам • 13 Сәуір, 2023

Жас ғалымдарға арналған журналистика оқулары өтті

611 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика тарихы мен ғылыми мектептерінің негізін қалаған ұстаз-ғалымдар – Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов оқулары өтті, деп жазады Egemen.kz.

Жас ғалымдарға арналған журналистика оқулары өтті

Ғалымдардың шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған шараға журналистика факультетінің ғалымдары Клара Қабылғазина, Медеубек Сағатбек, Ғалия Ибраева, Сәуле Барлыбаева, Әмірхан Молдабеков қатысып, естеліктерін айтты.

«Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов, Қайыржан Бекхожин сияқты қазақ журналистикасының корифейлерінен дәріс алып, кейіннен әріптес болғанымды өмір бойы мақтаныш етуден танған емеспін. Өйткені адамгершіліктің биігінде, ғылымның шыңында танылған қазақ азаматтарының өмір жолы ұлтымызға ұлағат. Ғалымдар құрметіне арналған байқау университетте жылда өтіп келеді. Байқау ғалымдардың шығармашылығын, еңбектерін танып, білу үшін, журналистиканың ғылыми тұжырымдамасы негіздерін бағамдау үшін шәкірттерге тигізетін пайдасы мол», деп атап өтті журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Клара Қабылғазина.

х

«Ұстазды ұлықтаудың, ұрпақ санасына ұлағатын ұялатудың озық үлгісі журналистика факультетінде үздіксіз жалғасып келеді. Ұлттық журналистиканың майталмандарын тәрбиелеген Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожекеев, Марат Барманқұлов оқулары арқылы шәкірттердің кәсіби машығын жетілдіру, құзыреттілігін арттыру шын мәнінде ұлағатты іс. Талай дарындылардың тұсауын кескен, болашағына жол ашқан бұл оқулардың республикалық ауқымда өтіп жатқаны қуантады», деп атап өтті жиын барысында журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Сағатбек Медеубек.

Жас ғалымдардың журналистика оқулары ғылым мен білімге, өнеге мен тәрбиеге баулуда ықпалды да, танымдық шараға айналуда. Осы орайда студенттер мен жас ғалымдарға арналған байқаудың нәтижесі бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, үздік жұмыстарға бір реттік арнайы шәкіртақы тағайындалды.

Жеңімпаздар қатарынан табылған 1-курс студенті Айгерім Есімхан ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеевті зерттеудің өзі үлкен мәртебе екенін жеткізіп, ұстаздың әділдігі мен талапшылдығына тәнті болғанын айтады.

Ғылым жолында орасан зор еңбек сіңірген ұстаз еңбегін зерттеу әрі қарай да жалғасын таба береді. Іс-шараға «Qazaqstan» ұлттық арнасының ардагері Жұмаш Кенебай, AbaiTV арнасының бас продюсері Жаңылхан Асылбекова, «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп, «Samruk Kazyna Trust» Қоры корпоративтік департаментінің басшысы Мирас Мұқаш қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.