Қоғам • 13 Сәуір, 2023

Алматыдағы автотұрақтар «Алматы паркингіне» берілетін болды

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда қала атынан жалға алынған автотұрақтар «Алматы паркингіне» беріледі. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыдағы автотұрақтар «Алматы паркингіне» берілетін болды

Аудан тұрғыны «Жетісу-2» шағынауданындағы 16 және 19-үйлердің арасында орналасқан автотұраққа қатысты сұрақ қойды.

«Оған 10 жылдан астам уақыт болды және ол жерде тәртіпсіздік болып жатыр. Біз меншік иесінің кім екенін білмейміз. Келісімшарттар да, фискалдық чектер де жоқ, бізге ештеңе ұсынбайды. Бірақ, біз ай сайын ақша төлеп отырмыз. Ол жер жеке меншікте», деді қала тұрғыны.

Алматы әкімі Ерболат Досаев аталған мәселе бойынша қандай шара қабылданатынын айтты.

«Біз енді қала атынан жалға алынған автотұрақтардың жерлерін «Алматы паркингке» беретін боламыз. Жиналған қаражат Алматы бюджетіне түсіп отырады. Сіздің мәселеңіздің анық-қанығын тексереміз. Жер қатынастары басқармасы арқылы жердің мәртебесін анықтап, қалалық Мобильділік басқармасынан не істеуге болатынын білеміз. Ары қарай бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанына қарамастан, мен Мемлекеттік кірістер департаментінен прокуратурамен бірлесіп салық төлеу және өзге де мәселелерді пысықтауды сұраймын», деді Ерболат Досаев.