Спорт • 14 Сәуір, 2023

Бұрымдыларда – бес жүлде: Жәмила Бақбергенова үш дүркін Азия чемпионы атанды

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Астанада өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен бәсекелер аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер то­лық­тай анықталды. Жал­пы­командалық есепте әдеттегідей Жа­пония құрамасы алдына жан салмады. Был­тыр Ұланбатырда ұйым­дас­тырылған жарыста олар 10 бас жүлденің же­теуін жеңіп алып, бар­ша жанкүйерді таң­дай қақтырса, бұл жолы бес алтынға қол жет­кізді.

Бұрымдыларда – бес жүлде: Жәмила Бақбергенова үш дүркін Азия чемпионы атанды

Бұрымдылар арасындағы бәсекенің екінші күні Алтын Шағаева (53 кило) мен Ирина Кузнецова (62 кило) алғашқы кезең­дерде сүрінді. Алтын тайпейлік Менг Хсуан Хсиеннен жеңілсе, Ирина қытайлық Хиажуан Луоның осал тұсын таба алмады. Бұл спортшының екеуі де сары құрлықтың басты додасына нашар бабында келгендері бірден байқалды. Олардың бойынан жеңіске деген ерік-жігер мен ерекше құлшынысты байқай алмадық. Соның салдарынан Шағаева мен Кузнецова қалың топтың арасында қалып қойды.

Екі жерлесіміз қола медаль үшін талас­ты. 57 кило салмақтағы Нулуфар Раимова тұсаукесер кездесуінде Тайпей өкілі Юу Хан Ченгті шаң қаптырғанымен, іле-шала өзбекстандық Ләйляхон Собироваға жол берді. Ал үшінші орын үшін сайыста қырғызстандық Бермет Нұридинқызын қапы қалдырды. Сөйтіп, былтыр Ресейдің Өфе қаласында өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде алтыннан алқа таққан 21 жастағы дарынды балуан әйелдер додасындағы өзінің тырнақалды табысына қол жеткізді.

Көп кешікпей 65 килодағы Әлбина Қайыргелдинова Маниша Манишамен белдесті. Былтыр дәл осы Үндістанның мықтысы Алматыда өткен Болат Тұрлы­хановтың рейтингтік турнирінде бас жүлдені олжалаған еді. Сол кезде оның өнеріне барша жұрт тамсанды. Биыл да үнді қызы бабында екен. Бұл бәсекеде Мани­шаның шеберлік деңгейі қандасымыздан әлдеқайда жоғары екені анық аңғарылды. Әлбинаны ол бірінші кезеңде-ақ еңсерді.

Ең соңында 72 кило салмақ дәрежесінде белдескен балуандар түрлі-түсті жүл­делерді сарапқа салды. Бозкілемге Жә­мила Бақбергенова шыққан сайын кө­рер­мендер айғайға басып, барынша қолдау көрсетті. Қазақтың қызына ондай құрметтің көрсетілуі тегін емес-ті. Алматы облысындағы Жамбыл ауданының тумасын тарихта қалатындай талай іс тындырды. Ол соңғы екі әлем чемпионатында күміс медальді мойнында жарқыратты. Жәми­лаға дейін осы спорт түрін серік еткен ешбір қызымыз ондай нәтижеге қол жеткізе алған жоқ еді.

Елорда төрінде Тайпей мен Моңғолия­ның спортшыларын еңсеру Бақбергенова үшін айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Финалда ол жапониялық Сумире Ниику­рамен күш сынасты. Былтыр Ұланба­тырда өткен Азия чемпионатының финалында екеуінің жолы қиысқан еді. Ол кезде Жәмила жеңіске жетті. Бұл жолы да дәл солай болды. Жапон балуаны «қарымта қайта­рамын» деп қанша жанталас­қаны­мен, жерлесіміз оған адым аштырмады. Ол оның әр шабуылының бетін қайта­рып отырды. Оңтайлы сәтте өзі де тәуекелге барып, ұпайларын еселей түсті. Нәти­жесінде, бұл тартыс Жәмиланың жеңісі­мен аяқталып, ол үш дүркін Азия чемпионы деген мәртебелі атақты иеленді. Одан бөлек, Бақбергенованың аталған жарыста жеңіп алған бір күміс пен бір қола медалі бар.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстанның әйелдер құрамасы үшінші орынға табан тіреді. Бұл жарыста Жәмила Бақбергенова (72 кило) мен Елмира Сыздықова (76 кило) алтыннан алқа тақса, Марина Седнева (55 кило), Нулуфар Раимова (57 кило) және Елена Шалыгина (68 кило) қола медаль еншіледі. Ал бірінші орында – Жапония құрамасы. Күншығыс елінің балуан қыздары 5 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалады. Қоржынында 2 алтын, 1 күміс және 3 қоласы бар Қытай спортшылары екінші сатыға жайғасты. Түрлі-түсті медальдерді бір-бірден иемденген Қырғызстанның бұрымдылары төртінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ Үндістан (2 күміс, 5 қола), Моңғолия (2 күміс, 2 қола), Өзбекстан (2 күміс, 1 қола) және Оңтүстік Корея (1 қола) балуандарына жүлде алу бақыты бұйырды.

 

ява