Шахмат • 13 Сәуір, 2023

Үшінші партия тең аяқталды

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елорда төрінде ұйымдастырылып жатқан классикалық шахматтан әлем чемпионатының үшінші күнінде тағы да тең нәтиже тіркелді. ФИДЕ туы астында өнер көрсетіп жатқан ресейлік Ян Непомнящий ақ тастармен ойнаса да, жеңіске жете алмады. Ал екінші партияда қарсыласына жол берген қытайлық Дин Лижэнь бір күндік үзілістен кейін қайта ес жиғаны байқалды.

Үшінші партия тең аяқталды

Әлем біріншілігінің үшінші партиясы 12 сәуір – Ғарышкерлер күніне тұспа-тұс келгендіктен, дәстүр бойын­ша бәсекенің алғашқы жүрісін жасау Қазақстанның екінші ғарышкері, 1994-2001 жылдар аралығында үш мәрте әуе кеңістігіне көтеріліп, аспан әле­мінде 341 күн 09 сағат 46 минутын өткізген, сегіз рет ашық космосқа шыққан Талғат Мұсабаевқа бұйырды. Әдетте, ойынды ақ тастармен бас­тайтын шахматшы алғашқы ресми жү­рісті жасайтын тұлғаға өзінің бірінші қадамын қай таспен бастайтынын айтып, ұсынатын. Алайда Ян Непомнящий осымен екінші мәрте құрметті қонаққа қарсыласы алдында өзінің алғашқы қадамының құпиясын ашудан бас тар­тып, Т.Мұсабаевқа қалаған тасын қи­мылдатуға рұқсат берді.

Матчқа тоқталар болсақ, Дин ойын залына матч басталардан шамамен бес минут бұрын ерте келді. Ол алдымен қарсыласының атын хаттамаға жазып, тақтадағы фигураларын мұқият түзетіп, үстелдің шаңын сүртіп қойды. Ал Ян Непомнящий болса, үшінші партияның басталуына екі минут қалғанда келді. Дин Янның қолын алып, орнынан тұрып, күртесін шешіп, орындыққа қойды да қайта отырды. Осы сәтті назардан тыс қалдырмаған шахмат мамандары қытайлық гроссмейстердің бұл әрекетіне таңданыстарын білдірді. Яғни олар алдыңғы екі ойындағы Динге қарағанда үшінші партияның алдындағы Дин – өз-өзіне сенімді және жеңіске деген жігері анық байқалғанын айтады.

Матч қарсаңында ФИДЕ-нің қазақ тіліндегі комментаторы әрі шахматшы Олжас Меңғалимен тілдескенімізде ол Дин Лижэнь бұдан былай ойыны­н жақсартпаса, мерзімінен бұрын жеңіліп қалуы мүмкін екенін айтқан еді. «Жал­пы Дин – бұрын-соңды мұндай ауқымды жарыстарға қатыспаған тәжіри­бесі аз шахматшы. Астанадағы әлем чемпионатының алғашқы екі партиясынан кейін оның осы тәжірибесіздігі анық байқалды. Мәселен, ол бірінші партияда өте нашар ойнады. Жеңіліп қалуы да мүмкін еді. Бірақ бағына орай тең түсті. Ал екінші партияда Янның қарқынына төтеп бере алмай, «шашылып» қалды. Енді ол үшінші партиядан бастап жан дүниесімен беріліп ойнап, кәсіби деңгейін көрсете алмайтын болса, бәсеке мерзімінен бұрын аяқталуы да ғажап емес», деді сарапшы.

Ян Непомнящий үшінші партиядағы алғашқы жүрісі арқылы көпшілікті біраз таңғалдырды десе де болады. Өйткені Ян әдетте матчты d4 жүрісімен бастайтын. Алайда ол бұл жолы қадамын өзгертіп, e4 жүрісін жасады. Дин де бірінші жүрі­сінен орталық алаңды күшейтті. Бір айта кетерлігі, екі шахматшы да 17 жүріске дейін 2022 жылғы Аниш Гири мен Дин Лижэнь арасындағы партияны дәлме-дәл қайталады. Сол кезде ол бәсеке де тең аяқталған болатын.

Матчтың 16-шы жүрісіне келгенде ойынды ағылшын тілінде жүргізіп отырған А.Гири Янның f3 қадамын аса сәтсіз жүріс деп бағалап, оған бұлай жүруге кеңес бермейтінін айтып қалды. Себебі өзі де бір жыл бұрын Динмен ойна­ғанда f3 жүрісін жасаған екен. Ол Непомнящийге 16-шы жүрісте Nb3 жүрісі әлдеқайда тиімді болар еді дейді. Ал матчты қазақша жүргізген Олжас Мең­ғали де екі шахматшының бір жыл бұрынғы ойынды қайталап жатқанына таңғалғанын айтты.

Дегенмен Ян 17-ші жүріске келгенде Гири-Дин партиясынан ауытқып, Nce2 қадамын жасады. Бірақ әрі қарайғы матч 30 жүріске дейін жалғасып, тағы да тең нәтиже тіркелді. Бұл жолғы бәсеке үш сағатқа жалғасты. Екі шахматшы бірінші партияда 49 жүріс жасап, бес сағаттық матчта тең ойнаған болатын.

Үшінші партиядан кейін екі шахматшы да әдеттегідей баспасөз мәслихатына қатысып, ойын туралы өз ойларын ортаға салды. «Өте тартысты ойын болды. Бірақ нәтижеге көңілім толмайды. Десе де тең есептің өзі екеумізді де қанағат­тан­дыратын нәтиже деп ойлаймын», деді Дин. Ян Непомнящий де «тең нәтиже – бүгінгі ойынның әділ бағасы», деп қысқа қайырды.

Астанада өтіп жатқан шахмат әле­міндегі ең елеулі оқиғаны көзбен көріп, Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь ара­сындағы тартысты бәсекені тамашалау үшін алыс-жақын шетелдерден жанкүйер­лермен бірге бірқатар даңқты гроссмейстерлер де келген.

Үшінші жарыс күні аясында матч­ты 2018 жылғы жылдам шахматтан әлем чемпионы, 2011 жылы 14 жас, 11 ай, 14 күнде гроссмейстер атағын алған ресей­­лік шахматшы Даниил Дубов және әлем бірін­шілігінің әр жас санатындағы жеңімпазы, қазақ қыздары арасындағы ең жас гроссмейстер атанған отандасымыз Динара Сәдуақасовамен бірге тама­шалаудың сәті түсіп, бәсеке барысында ойын туралы пікірлерін де сұрап білдік.

– Екі партияның қорытындысы бо­йын­ша Ян бір жеңіс және бір тең ойынмен алда келе жатыр. Әлем чемпио­натының алдында шахмат мамандары, жанкүйер­лер өздерінің фавориттерін айтып жатты ғой. Менің ойымша, Непомнящийде әлем чемпионы атануға жақсы мүмкіндік туып тұр. Өйткені футбол тілімен айтар болсақ, Ян бір гол соғып, есепте алға шығып алды. Енді ол осы басымдығын сақтап қалуға тиіс. Сонымен қатар оның бұл біріншілікте қарсыласына қара­ғанда тәжірибесі мол. Ал тәжірибе көп жағ­дайда үлкен рөл ойнайтынын ұмытпаған абзал, – деді Д.Дубов.

Ал Динара Сәдуақасова мұндай тартысты бәсекелерде болжам жасау қиын болатынын, таразы басы кез келген уа­қытта ауып кетуі мүмкін екенін айтады. «Әзірше шахматшылар екі партия ойнады. Басымдық Янда болғанымен, Дин кез келген уақытта ойында бұрылыс жасап кетуі мүмкін. Ол бірінші партияда тең ойнап, екіншісінде жеңілгенімен, алдағы уақытта жауапкершілікті сезініп, ойынға бейімделеді деп ойлаймын», дейді Д.Сәдуақасова.