Медицина • 13 Сәуір, 2023

Медицина саласы жұмысымен танысты

447 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен кездесуін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Шымкентке Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында бірінші вице-министр бірқатар медициналық нысанда болды.

Медицина саласы жұмысымен танысты

Алдымен ол 260 стационарлық төсектік орны бар қалалық онкология орталығы мен соның бір ауысымда 150 адам қабылдауға арналған емханасына ат басын бұрды. Онкология орталығы химио­терапиялық, радиологиялық, паллиативтік, радиогинекологиялық, хирургиялық, маммологиялық және онкогематологиялық бөлімшелерден құралған. Мұнда тағы 30 төсектік орын күндізгі стационар, клиникалық-диаг­ностикалық емхана, оның ішінде сәу­лелік диагностика бөлімшесі, цито-гис­тологиялық зертхана және клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Аталған медициналық ұйымда 85 дәрігер және 200-ден аса орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Бірінші вице-министр қалалық онкология орталығының жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, шешімін күткен сала­лық проблемаларды талқылады. Әң­гіме барысында пациенттерді емдеуде қолданатын инновациялық технологиялар сөз болды. Мәселен, қазіргі заманғы эндобейнехирургиялық кешеннің кө­мегімен кіші жамбас және кеуде мен ішкі ағза ауруларына аз инвазивті операциялар жүргізіле бастады. 2019 жылдан бастап мұнда аяқ-қол саркомалары кезінде ірі буындарды протездеу ісі қолға алынды.

Сондай-ақ орталықта сүт безі обырына шалдыққан науқастарға психо­логиялық және әлеуметтік оңалту шаралары қа­рас­тырылған. Бұл қатарда тері-бұл­шықет қиындыларын қолдана отырып жасайтын әртүрлі реконструктивтік-пластикалық операциялар бар. Кейінгі 4 жылда клиникада 80-нен аса осындай реконструктивтік операция жасалыпты. Қазіргі заманғы Phillips AZURION биплан ангиографын онколог мамандар 1,854 рентгенхирургиялық операция жасауда қолданған.

Бұдан соң Т.Сұлтанғазиев 400 төсектік орынға есептелген №2 қалалық аурухананы аралады. Өткен жылы мұнда 21 мыңнан аса пациент емделіпті. Бірін­ші вице-министр медициналық кө­мек көрсету сапасына, әсіресе емхана және ауылдық МСАК объектілерімен диспансерлік пациенттерді есепке алу және емдеу, сондай-ақ ҚЖА аурулары кезінде инсульттік науқастарға медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мәселесіне назар аударды.

Ведомство өкілінің жұмыс сапары бұдан әрі №1қалалық емханада жалғасты. Аталған емдеу мекемесі бүгінгі таңда 45 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Өз кезегінде Т.Сұлтанғазиев аурулардың профилактикасын, скринингтік зерттеу­лердің тиімділігін арттыруды, пациент­терді уақтылы диспансерлеуді және ауруларды басқару бағдарламасын жүзеге асыруды күшейту қажеттігін атап өтті және пациенттерді қолдау қызметін жандандыруды ұсынды.

Мегаполистегі медициналық ұйым­дарды аралап болған Т.Сұлтан­ғазиев қорытынды сөз сөйледі. Онда онко­логиялық ауруларды ерте сатысында анықтау керек екенін, МСАК-тың озық тәжірибелерін кеңінен енгізуді, әкімдікпен бірлесіп медициналық меке­мелерді тиісті кадрлармен қамта­масыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ұйым­дардың менеджментін дамытуды, жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін енгізуді сөз етті.

«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі халыққа сапалы және қолжетімді меди­циналық көмек көрсету екенін атап өткім келеді. 2022 жылы Шымкент қаласында жалпы өлім-жітім 35%-ға төмендегенін, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан өлім-жітім 21%-ға, обырдан-10%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден өлім-жітім 47%-ға азайды. Халықтың сұрауы бойынша жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету қағидалары бекі­тілді. Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді. Оның аясында онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алады және тексеріледі», деді Т.Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда денсау­лық сақтау жүйесінде 78 мың дәрігер, оның ішінде Шымкент қала­сында 2 мың дәрігер жұмыс істейді. Өңірде дәрігерлердің тапшылығы 98 маманды құрайды. Өткен жылы ел өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 1 809 түлегі, оның ішінде Шымкент қаласына 74 түлек бөлінді. Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін аса тапшы мамандықтар бо­йынша былтыр республикалық бюджет есебінен 4 700 білім гранты, оның ішінде 1 500 резидентура гранты бө­лінді. Шымкент қаласының үлесі 74 грантты құрайды. Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар саны­ның жыл сайы­н 70%-ға ұлғаюын қам­тамасыз етуді тапсырған еді. Осыған байланысты биыл резидентураға 2 500 грант бөлу жоспарланып отыр. Бұған қосымша осы жылы сертификаттау курстары арқылы арнайы мамандарды даярлау үшін жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Мәжіліс қарауына медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жө­ніндегі заң жобасы әзірленіп енгізілді, бұл бірінші оқылымда мақұлданды. 2023 жылы Заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жа­уапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады.

Сонымен қатар бірінші вице-министр Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқу орнының жалпы жұмысымен танысып шығып, мұражайын тамашалады. Бұған қоса ол жұмыс сапары аясында ОҚМА базасында халықпен кездесті, азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өткізді.

Қала жұртшылығымен кездесуде Т.Сұл­танғазиев медицина қызметкер­лерінің кәсіптік жауапкершілігін кү­шейту, пациенттердің құқықтарын қорғау және қоғамдағы дәрігерлер мәр­тебесін нығайту бағытындағы қа­былданар жаңа заңнамалар туралы хабарлады. Сондай-ақ ведомствоның амбулаториялық деңгейде дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етуді жақсартып жатқанын және кадр саясаты мен «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы айтып берді. Мәселен, соның аясында 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7 мың квота бөлу көзделген. Осы бағдарлама бойынша өткен жылы Шым­кентке 413 квота бөлініп, 214 әйел ЭКҰ қызметіне жүгінсе, 90 отбасы бала сүю бақытына ие болған.

Барлық айтылған өтініш пен сұраққа бірінші вице-министр толық жауабын берді. Қажет жерінде арнайы түсіндірді. Сосын бейінді департаменттерге жүгін­ген азаматтарға қажетті жәр­дем көр­сетуді тапсырды.