Құқық • 13 Сәуір, 2023

Жаңа заманның жұлынқұрты

373 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұрын есірткі дегенде негізінен марихуана, героин, гашиш секілді өсімдік тектес қатерлі заттардың аты аталатын. Бірақ кейінгі жылдары заманның жаңа жұлынқұрты – синтетикалық есірткі немесе психобелсенді заттар пайда болды. Негізінен интернет дүкендері арқылы таралатын оларды, әсіресе жастар жағы көп тұтынатыны анықталып отыр.

Жаңа заманның жұлынқұрты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар – кейінгі жылдары көп айтыла бастаған жаңа ұғым. Олар­дың дәстүрлі өсімдік тектес есірткі­ден айырмашылығы – дәріханалар­да заңды түрде сатылатын дәрілік компоненттерден оңай жасалуы, ине секілді қосымша құралдарсыз қол­дану мүмкіндігі. Ал ең басты қаупі – адамды әлдеқайда тез тәуелділікке алып келуі. Ішкі істер министрлігі­нің мәліметіне сәйкес, осы аталған «артықшылықтарының» арқасында қазіргі күні оны пайдаланатын адам­дардың, әсіресе жастардың саны және заңсыз айналымнан тәркіленіп жатқан психотропты заттардың көлемі күн өткен сайын ұлғайып келеді.

Мамандардың айтуынша, синте­тикалық есірткі елімізде ең алғаш рет осыдан 10 шақты жыл бұ­рын пайда болған. Бір өкініштісі, ал­ғашқы кезде оның атын білгені­мен, та­ралуына заңды түрде тосқауыл қоя­тын құқықтық тетіктер болмады. Өйткені біріншіден, оның құрамы еркін саудадағы дәрі-дәрмектен тұр­са, екіншіден, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаңа түрлері тез көбейіп жатты. Біреуіне тыйым салсаң, екіншісі пайда болады. Соның салдарынан заңнамамыз психотропты заттардың нарығына жедел ден қоюға, яғни оларды дер кезінде құрықтап, қылмыс ретінде тануға мүмкіндік бермеген. Тиісті органдар синтетикалық есірткі заттарын жасаушылар мен таратушыларды құрықтауға келгенде дәрменсіз болып шықты.

– Асқынып бара жатқан ахуалдың алдын алу үшін Ішкі істер министр­лігі мамандары ұлттық заң­наманы айтарлықтай пысықтап, 2019 жылы «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл ша­ралары туралы» заңға түзетулер енгізіліп, жаңа психобелсенді зат­тарды бақылауға жедел ден қою тетігі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Осы сәттен бастап есірткі тізімі жүзден аса жаңа атаумен төрт рет толықтырыл­ды. Нәтижесінде, бүгінде белгілі есірт­кі, психотроптық заттар мен олар­дың аналогтары толықтай құзырлы орган­дардың бақылауына алынып отыр. Яғни қазір психобелсенді заттарды есірткі ретінде сатумен, тара­тумен айналысқан және сақтаған адамдар­ды қылмыскер ретінде жауап­қа тартуға негіз жасалынды, – дейді ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қи­мыл департаменті бастығының орын­­басары, полиция полковнигі Бақыт­жан Әмірханов.

Бұл – синтетикалық есірткіге қарсы күрестегі еңсерілген бірінші қадам. Ал екінші қадам – бұл заттардың та­ратуға тыйым салынған «қылмыстық мөлшерін» заң жүзінде бекіту. Осы мақсатта биыл 7 сәуірдегі Үкімет қау­лысымен аса қауіпті заттардың «кри­­миналдық» мөлшері азайтылды. Атап айтқанда, мефедрон, пировалерон және олардың аналогтары 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтау үшін мұндай заттардың 1 гра­м­ы­нан бастап қылмыстық жауап­кер­шілік жүктеледі. Сондай-ақ есірткі зертханаларында өндірілген пси­хо­белсенді зат – мефедронның 1 гра­м­ы­ның өзі аса ірі мөлшерге жатады. Осы өзгерістердің нәтижесін­де син­тетикалық есірткі таратумен бай­­­ланысты қылмыстардың саны айтар­­лықтай өскен. Үшінші қадам – синтетикалық есірткі қылмысымен айналысқан адамдарды құрықтау, тарату арналарын анықтау, заңға сәйкес жауапқа тарту. Ең алдымен бүгінде бұл есірткі заттары қандай жолдармен таралып жатыр деген сұраққа келсек. Ішкі істер министрлігі берген мәліметтерге қарағанда, синтетика­лық есірткіні тарату бүгінде толықтай онлайн форматқа, яғни интернетке ауысқан. Мәселен, олар мобильді қосымшаларды, Telegram, Vipole және басқа да мессенджерлерді пайдаланады. Сол жерде отырып әлеуетті сатып алушыларды табады. Төлем де онлайн жасалады. Содан кейін сатып алушыға есірткі жасырылған жердің координаттары бар сілтеме жібері­ле­ді. Бұл «сауда-саттық» толықтай онлайн форматта жүретіндіктен, сату­шылар мен клиенттер бір-бірін біл­­мейді әрі көрмейді. Көбінесе осы қыл­­мыстық схемаларды шетелдік азамат­тар ұйым­­дастыратыны анықталып отыр.

Полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, ішкі істер органдары интернетке үнемі мониторинг жүргізіп, мұндай инкогнито интернет-дүкендерді анықтап, заңды тетіктер арқылы жабумен айналысып келеді. Биылдың өзінде 1 210 есірткі ұсынушы сайт бұғатталған. Дегенмен сайтты жабу есірткі саудасы проблемасын шешпейтіні белгілі. «Себебі жаңа сайт ашып алу бір күндік шаруа болса, оларды анықтау – ұзақмерзімді үдеріс. Ал ол дүкендердің иелерін табу одан да күрделі. Өйткені бі­рін­шіден, жоғарыда айтқандай, олар негізінен шетелде отырып жұ­мыс істейді, екіншіден, басқа елдегі қыл­мыскерді анықтап, құрықтау ел ішін­дегі қылмысқа қарсы операциядан гөрі әлдеқайда көп уақыт алатыны белгілі», дейді ол.

Бүгінде шекара сыртында­ғы және ел аумағындағы заңсыз «кон­тенттің» алдын алып, бұғаттау үшін қан­дай шаралар іске қосылған? Ин­тер­нет­тегі есірткі саудасымен күрес­те ішкі істер органдары «Аргус», «Айрис», «Тритон» секілді заманауи аппа­рат­тық-бағдарламалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. Бұл туралы жуырда Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкіметте нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстыру кезінде айтқан болатын.

Сондай-ақ жасанды интеллект­тің көмегімен жұмыс істейтін «Кибер­надзор» жүйесінің де көмегі көп. Ол есірткі қылмысымен айналысатын жаңа сайттарды анықтап, онлайн түрде бұғаттайды. Сонымен қатар сайтты ұйымдастыратын және есірткі пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Ішкі істер органдары, бұған қоса, тікелей синтетика­лық есірткі қылмыстарын анықтауға бағытталаған «Рефлекс», «Паутина» сияқты арнайы операциялар жүргізеді.

Жоғарыда біз синтетикалық есірткі заттары негізінен еркін сатылымдағы дәрілік компоненттерден жасалынатынын айттық. Осыған орай бүгінде «дәріханалық нашақорлық» деген ұғым ауқымды сипат ала бастады. Аталған дәрілердің ішінде трамадол, тропикамид және азот оксиді сияқты препараттар көп қолданылады. Ішкі істер министрлігі есірткі мен прекурсорларды мемлекеттік бақылауға енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірлеген еді. Ол жерде айналымы мемлекет тарапынан бақылануға тиіс мыңнан астам зат бар. Бұл заттар, соның ішінде ең танымалы – трамадол тек рецепт бойынша және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымына байланысты қызметке лицензиясы бар дәріханалық және емдеу-профилактикалық ұйым­дарға ғана беріледі.

Айтпақшы, елімізде Қылмыстық ко­­декске сәйкес есірткі саудалағаны, сақ­­тағаны, контрабандасы, оны жар­нама­лағаны үшін және есірт­кіні өсір­гені үшін қылмыстық жауап­кер­шілік көзделген. Атап айтқанда, кодекс­тің 296, 297, 286, 299-1, 300-баптары бо­йынша 2 жылдан 20 жылға дейін, соны­мен бірге өмір бойына бас бос­тан­­дығынан айыру жазалары тағайын­далады.