Білім • 14 Сәуір, 2023

Оқулық сапасын қалай жақсартамыз?

941 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Мектептегі оқулық мәселесі өзекті тақырыпқа айналғалы қашан. Оның себебі де жоқ емес. Кейінгі отыз жылда білім беру саласы түрлі реформа­дан көз ашпады. Сынақ алаңына айналды десе де болады. Соның бір ұшы оқулыққа да әсер етті. Санамен бірге оқулық та сан мәрте өзгеріске ұшырады. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім саласындағы реформаларға тоқталып, оқулық сапасының төмендігін айтып, мәселе көтергені де есімізде.
Бұрын елімізде оқулық жазудың өзіндік мектебі болғанын білеміз. Оның басында айтулы ғалымдар, білікті мамандар тұрды. Солардың жазған оқулықтарымен қаншама ұрпақ білім алып, арман жолына қанат қақты. Қазір сол бір қалыптасқан мектептегі сабақтастық үзіліп қалды ма? Әлде уақыт талабына сай оқулық жазу күрделене түсті ме? Авторлардың біліктілігі қан­дай? Осындай сан сауал бізді ғана емес, оқырмандарымызды да ойландырады. Сондық­тан осы бір маңызды мәселені талқылау үшін Респуб­ли­калық ғылыми-практикалық білім мазмұ­нын сараптау орталығының директоры Елдос НҰРЛАНОВ, жазушы, филология ғылым­дарының докторы Нұрдәулет АҚЫШ, Астана қаласындағы №27 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәнсия МАКАЕВА және география ғылымдарының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызмет­кері Орденбек МАЗБАЕВТЫ дөңгелек үстел басына шақырдық.

Оқулық сапасын қалай жақсартамыз?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде 1-11 сынып оқушылары 700-ге жуық оқулықты пайдаланады. Оларды 20-дан­­ аса баспа үйінің авторлық ұжымы әзір­ле­ген. Сондықтан оқулыққа көңілім толады немесе толмайды деп кесіп айту қиын. Бізде сапалы оқулықтар мен білікті авторлар да баршылық. Кейбір оқулықтарды жетілдіре түсу керек екенін де түсінеміз. Қолымыздан келгенше осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз

 

– Қазір орта мектепте жаңар­тыл­ған білім мазмұны қолға алынды. Бағдарламаның мақсаты – оқу­шы­ларға жан-жақты білім беру. Ал білім бе­рудің негізі – сапалы оқулықта. Отан­дық баспалардан жарық көрген мек­теп оқулықтарына көңіліңіз тола ма?

вапр 

Елдос НҰРЛАНОВ:

– Жаңартылған білім мазмұны де­ге­німіз – 2016-2021 жылдар аралығында функ­­ционалдық сауаттылық идеясына негізделген оқу бағдарламалары және оларға сай жазылған оқулықтардың мектептерге енуі жөніндегі ірі реформа.­ Бұл білім мазмұнының енгеніне де 7 жылдай уақыт өтті. Қазір мұғалімдердің басым көпшілігі тиісті пәндердің оқу мақсаттары, әдіс-тәсілдері, балалар игеруге тиіс ұғым-түсініктер мен материалдар сипатталатын оқу бағдарламасынан гөрі оқулыққа жүгінеді. Сондықтан оқулықты білім мазмұнының негізі деп танып, оқыту сапасының маңызды факторы ретінде қарайды. Бүгінде 1-11 сынып оқушылары 700-ге жуық оқулықты пайдаланады. Оларды 20-дан­­ аса баспа үйінің авторлық ұжымы әзір­ле­ген. Сондықтан оқулыққа көңілім толады немесе толмайды деп кесіп айту қиын. Бізде сапалы оқулықтар мен білікті авторлар да баршылық. Кейбір оқулықтарды жетілдіре түсу керек екенін де түсінеміз. Қолымыздан келгенше осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

 вря

Нұрдәулет АҚЫШ:

– Мектеп оқулықтары сапалы болуы үшін алдымен Оқу-ағарту министрлігінде әзірленетін оқу бағдарламасына маңыз беру керек. Оқулық сол бағдарламаның негізінде дайындалатынын кейде ескермейміз. Алдымен оқу бағдарламасы талқыланып, оған қандай материал кіреді, оның әдістемесі қандай болады, соның бәрі талқыланады. Қазір оқулықты баспа шығарады. Сондықтан баспалар оқулық авторын өздері таңдайды. Авторлар оқулықты бағдарлама шеңберінде жазса да, сапалы жазуы керек. Оқулық мазмұнын әрбір сынып деңгейіне лайықтап, сөйлемді жатық құрып, ойды анық жеткізген жөн. Сынып жоғарылаған сайын оқулықта берілетін тапсырма көбейіп, мәтін күрделене түседі. Осыны ескеруміз қажет.

явап 

Мәнсия МАКАЕВА:

– Бүгінгі таңда жаңартылған білім мазмұнына сай жарық көрген оқу­лық­тар­дың жалпы сапасы, құрылымы, маз­мұ­ны мемлекеттік білім стандартына сәй­кес жасалған. Десе де қолданыстағы оқу­лықтарға айтылған сын-пікірлердің бар­ екені рас. Өйткені қазіргі пайдаланып­ жүр­ген оқулықтарда оқушылардың жас­ ­ерекшеліктері ескерілмей берілген күр­­делі тапсырмалар мен мәтіндер кез­де­се­ді. Дегенмен бас­тауыш сынып оқу­­­шы­­ларына арналған оқулықтар кө­ңі­лі­ме­ қонады. Оқушыға қызықты, ұстазға тиімді.

апр

Орденбек МАЗБАЕВ:

– Еліміздегі білім беру жүйесін дамыту мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты міндетінің бірі – білім берудің мазмұнын жаңарту. Еліміз отандық білім берудің озық дәстүрлері мен стандарттарын сақтай отырып, әлемдік білім беру тәжірибесіне бағытталған стратегиялық курсты таңдады. Білім беру ұйымдарында жаңартылған оқу бағдарламасына көшу – заман талабы. Жаңартылған оқу бағдарламасы 2012 жылы негізгі орта білім жүйесінде Назарбаев зияткерлік мектептері негізінде енгізілген болатын. Білім беру мазмұнын жаңарту – орта білім беру құрылымын, оқытудың және тәрбиелеудің тәсілдері мен әдістерін қайта қарау. Қолданыстағы жаңа оқу бағдарламасының мақсаты – бәсекеге қабілеттілікті, функционалдық сауаттылықты арттыру.

Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, заман талабына­ сай біліммен қаруландыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселе болып отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру мекемелерінің негізгі міндеті – баланың даралығын ашу, шығармашылық тұрғыдан ойлайтын, интеллектуалды әрі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны дайындауға көмектесу. Бiлiм мазмұнын жaңaрту aясындa оқушылар білім алумен қатар өмірге икемді, түрлі мәселені өз бетінше шеше алатын­ іскерлік дағдыларын меңгереді. Ал са­палы оқулықтың жазылуы­ мем­ле­­кеттік стандарт пен типтік оқу бағ­дар­­ламаларының сапасына тікелей тәуелді. Жаңартылған бағдарламаға да қазақстандықтардың, соның ішінде ата-аналар мен ұстаздардың айтар сөзі ақпарат құралдарында көрініп жүр. Қазіргі қолданыстағы оқулықтардың мазмұны мен сапалық жағына айтар сын аз емес.

– Жалпы, мектеп оқулығына бей-жай қарауға болмайды. Оқулық жазатын авторлардың біліктілігі мен кәсібилігін қалай бағалаймыз, оларға қандай талап қойылады?

 

Нұрдәулет АҚЫШ:

– Оқулықты білікті ғалым, тә­жі­ри­белі педагог және білімді әдіскер се­кілді үш автордың жазғанын қалай­мын. Міне, осындай үш тараптағы ма­ман­­дардың бірігуімен бағдарламаны тал­қылап, одан әрі жетілдіре түсу қа­жет. Оқулық авторларының көңілге то­л­­майтын тұстары бар. Ата-аналар мен ұстаздардың оған қатысты сын-пікірлерін мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желіден оқып жүремін. Мұғалімдер әдЕбиет оқулықтарында балалардың жылдам жаттап алуына ауыр, түсініксіз, бұлыңғыр, ойлары екіұшты өлеңдердің бар екенін айтады. Оқулыққа енетін шығармаларда архаизм­ мен диалект сөздер көп болмауы­­ керек. Жалпы, диалектінің болмағаны дұрыс. Кейде көркем шығармаларға түсініктеме беріп жатады, оның өзі кейде теріс екенін байқаймын. Сонымен қатар оқулықтарды безендіруге суретшілер де атсалысса деймін. Безендіру мәтінге сай болуы қажет.

 

Мәнсия МАКАЕВА:

– Оқулықты жазатын авторлардың біліктілігі мен кәсібилігі жоғары болуы керек. Оларға талап мемлекет тара­пынан қойылады. Негізі бұл сұраққа жауап беру менің құзырымда емес. Сонда да оқулық жазатын ғалым, зерт­теуші әріптестеріміз бұл мәселеге аса дайындықпен, ыждағаттылықпен қарайды деген сенімдемін.

 

Орденбек МАЗБАЕВ:

– Осыған дейінгі қағаз және электронды оқулық авторы ретінде жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде жазылған оқулықтарға сыни қарай аламын. Оның үстіне 45 жыл білім саласында, соның ішінде мектептен қазірге дейін қол үзбегенімді айта кетейін. Мектеп оқулықтарындағы басты кемшілік – жазылған бағдарлама аясынан шыға алмау. Шиыршық тәсілі бойынша жазылған бағдарлама негізінде оқулық жазу өте күрделі екенін көрдім. Батыс елдерінің білім беру жүйесіне еліктеу, қайталау барысында кемшіліктер жібергеніміз анық.

География және биология мамандығы бойынша педагогикалық институтты бітіргендіктен, сөзім нақты болуы үшін мысалдар келтірейін. Географияны, биологияны оқытудағы кейбір өзекті бөлімдердің, жеке тақырыптардың мақсатты жүйесінде болмағаны осы пәндерден берілетін білімнің төмендігін көрсетеді. 10-сыныпқа арналған география оқулығының авторы ретінде айтарым, бағдарламадан тыс қосымша материалдарды берудегі қиыншылықтар бар. Қабылданған ережеге сай болу керек деген шектеу бар. Қазіргі кезде­гі өзекті геоэкологиялық, әлеуметтік экономикалық мәселелерді қосуға болмайтындықтан, оқулық сапасы төмендейді. Жалпы, 36 сағат көлемінде оқылатын пәндер толық білім бере алмасына көз жеткізіп отырмыз. Гео­гра­фиялық білімнің жаратылыс­тану­ ғы­лымдары ішіндегі өз дәреже­сінде қамтылмағаны қынжылтады. Гео­­гра­­фия­­лық білім беруде қазіргі таңда­ғы­ географиялық жаhандық өзгеріс­тер­де­гі­ климаттың жылынуы, шөл басу, ауыз су, геоэкономикалық, геосаяси мәсе­лелер толығырақ қарастырылуы керек. Тұрақты дамудың 17 бағытының көп­ші­лігін қамтыған жөн.

Оқулық жазатын авторлардың білік­ті­лігі мен кәсібилігін қалай бағалаймыз де­генге оралайық. Баспалар арасында оқулық жазуға қатысты ымырасыз тартыс бар. Қазіргі қолданыстағы оқулықтардан бөлек баламалы оқулықтарды да көріп жүрміз. Олардың артықшылығы болса да, тек сараптама орталығынан өткен министрлікпен бекітілген оқулықтар қолданыста болуға тиіс. Мәселен, жоғары санатты мұғалімдер жазған оқулықты қарасаңыз, 3-4 автордың соңында ғалым авторды көресіз. Олардың қаншалықты еңбегі, тәжірибесі бар оны қарамаймыз. Бұл – оқулық жазу талабының кемшілігі. Сондықтан да қолданыстағы оқулықтарда барлық пән бойынша жоғары оқу орындарындағы бакалавр дәрежесіне лайықты тақырыптар кездеседі. Оқулық бір жылда жазылмайды, бұл ұзақ уақытты талап етеді. Мен білетін қаншама ұстаз осы мәселемен айналысып жүр, бірақ олар автор емес.

Оқу-ағарту министрлігі тарапынан оқулықтарға қатысты оң шаралардың барын көріп отырмыз. Арнайы оқу­лық­ жазу курсын бітіргендер мен бағ­дар­лама әзірлеушілерден тұратын автор­лық топ құралды. Қазіргі кезде жаңартылған бағдарлама бір кезеңін аяқтады. Министрдің бұйрығымен 2022 жылы әзірлеуші топ құрылып, бағдарламаның жетіл­ді­­ретін тұстарын әдіс­те­мелік-ди­дак­тикалық тұрғыдан ретке келтіру тапсырылған болатын. Ол жұмыс мәреге жақындап қалды. Қазір Қазақстан географиясын оқытуда пікірталас туындап отыр. Себебі олар жасалып жатқан бағдарлама мазмұны мен оның орындалу механизміне назар аудармай отыр. Оқытудың жаңа мазмұны елдің үмітін ақтауға тиіс. Егерде 8-11 сынып бағдарламалары 4-6 жылдан кейін енгізілсе, бағдарлама өзгермелі заман талабына қаншалықты сәйкес келмек. Ойланатын жағдай. Бұл істе Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының батыл шешімі қажет.

 

Елдос НҰРЛАНОВ:

– Оқулық – мұғалімінің де, оқушының да пәндік білімді игерудегі басты құралы. Бір жағынан, оқулық авторларының шеберлік мәселесінде көпшілік біле қоймайтын жайттар бар. Мәселен, 2004 жылдан бастап мемлекет оқулық әзірлеуді нарыққа бергендіктен, авторларды баспа үйлері іріктейді. Мемлекет авторлар еңбегінің нәтижесі – оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын көп кезеңді, шамамен 7 айға созылатын сараптама арқылы бағалайды. Осы мақсатта 2005 жылы біздің орталық құрылды. Биыл орталыққа 18 жыл толады.

Оқу-ағарту министрлігі 2020 жыл­дан­ бері мектептегі оқу әдебиеті автор­­­­ларын оқулықтану мәселелері мен оқулық сапасын бағалау талаптарына арналған оқу курсынан өтуге міндеттеді. Авторлар курсқа бас­па­лар есебінен қатысады. Курсты ми­нис­­трлік мақұлдаған бағдарламаға сүйеніп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Педагогика ғылымдарының академиясы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырады. Бүгінге дейін 1,5 мыңнан астам оқулық авторы аталған курстан өтіп, оқу әдебиетін жазу дағдыларын жетілдірді.

Тағы бір қолданыстағы маңызды құқықтық талап – оқулықты міндетті түрде үш маманның бірігіп жазуы. Дәлірек айтқанда, пәндік саладағы ғалым және кемі екі практик мұғалім. Баспалар мемлекеттік сараптамадан өтетін балама оқулықтары арқылы бір-бірімен бәсекеге түсіп, оқулықтардың ұтымдысы ғана мақұлданатындықтан, үздік әрі тәжірибелі ғалымдар мен педагогтерді тартуға мүдделі. Әдетте баспалар оқулық авторларын «Жыл мұғалімі», «Үздік педагог», «Үздік оқытушы» сияқты республикалық байқаулардың жеңімпаздары, өз пәндері бойынша шығармашылығымен, өзіндік стилімен педагогикалық ортада танылған майталмандардың арасынан іріктейді.

ап 

– Оқулықтарға ғылыми педа­го­ги­калық сараптама қалай жүргізіледі?

 

Мәнсия МАКАЕВА:

– Оқулықтарға ғылыми педа­го­ги­ка­лық­ сараптама тиянақты, мұқият жасалады. Әр ережеге, емлеге, қатесіне, ішінде берілген суреттері мен мазмұнына, тапсырмаларына, тіпті қағаз сапасы мен мұқабасына баса назар аударылады. Бұл жерде жұмыс істеген сарапшылар өздеріне жоғары жауапкершілік жүктелгенін сезініп, жұмысты өте жоғары деңгейде жүргізуге тырысады.

 

Орденбек МАЗБАЕВ:

– Біздің дайындаған оқулығымыз бір­неше сараптама кезеңінен өтті. Сарап­шылар барлық пікірмен келіспегенін де айтайық. Оқулық шыққан соң да ондағы қателер қайталанады. Мектеп оқулығына автордан бөлек, бас­па мен сараптама орталығындағы пікір берушілер жауапты болғаны дұрыс. Бір кезде оқулықтағы кемшілікке байланыс­ты автормен бірге пікірін айтып, жолдама бергендерді де жауапқа тартуды қарастыру айтылған еді. Бірақ ол сөз жүзінде қалды. Қазіргі ғалымдардың сапалы оқулық жазуға құлшынысы неге аз десеңіз, бұған жалақының аздығы мен оқу жүктемесінің көптігі кедергі болып отыр.

 

Елдос НҰРЛАНОВ:

 – Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптаудың мемлекеттік жүйесі 5 кезеңнен тұрады: бірінші – бастапқы ғылыми-педагогикалық сараптама, екінші – жаңа оқу бағдарламасымен әзірленген оқулықтарды сынақтан өткізу (пилоттық мектептерде), үшінші – қоғамдық талқылау, төртінші – сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама, бесінші – пәндік сараптамалық комиссия. Осы кезеңдерден өтіп, оң қорытынды алған оқу басылымдары білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылады. Әрбір кезеңді ұйымдастыру реті мен талабы Оқу-ағарту министрлігінің 2012 жылғы №344 арнайы бұйрығымен белгіленеді. Бұл бұйрық практика қажеттіліктерін және қоғамдық пікірді ескеру мақсатында жетілдіріліп отырады. Кейінгі үш жылда баспалардан келіп түсетін оқулық макеттері сараптамаға «иесіз» күйде түседі. Яғни бір түсті мұқабамен, авторлары мен бас­пасы көрсетілмеген күйде сарапшыларға ұсынылады. Бұл мүдде қайшылығының алдын алып, сарапшылардың оқулыққа мейлінше объективті, әділ баға беруі үшін жасалды.

Әрбір оқулық пен оған ілескен басылымдарға ғылыми-педагогикалық сараптаманы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы қалыптастыратын сараптамалық топ жүргізеді. Топтың құрамына сырттан бір ғалым және әрбір пән бойынша кемінде екі практик мұғалім тартылады, орталықтан бір-екі жауапты сарапшы тағайындалады. Ғалым сарапталатын пән шеңберінде алынған ғылыми дәрежесіне сай болуы, ал мұғалімдерде «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаты болуға тиіс. Сонымен бірге сарапшылар авторлар секілді арнайы оқу курсынан өтіп, тест тапсырады. Орталық сарапшылардың тест нәтижесін, еңбек өтілін және бұған дейін оқу әдебиетін сараптаудағы тәжірибесін ескереді.

Алғашқы кезеңдерде сараптамалық топқа ресми енген сарапшылар пәндік сараптамалық комиссия құрамына ен­бейді. Демек комиссия жаңадан жасақ­талады, оған жылда 100-ден астам маман тартылады. Комиссия алдыңғы кезеңдердің қорытындылары мен ұсы­ныс­тарын ескеріп, оған ұсынылған ба­лама оқулықтарды салыстырады. Соң­ғы ше­­шімді дербес қабылдап, мектептер­ге ұсы­­нылатын оқу әдебиеттерін анық­тайды.

Сарапшылар мен авторлар да мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және Оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды басшылыққа алады.

 

Нұрдәулет АҚЫШ:

– Оқулықтарға ғылыми сараптама қалай жасалатынын білмеймін. Оған араласқан емеспін.

 

– Ата-аналар мен мұғалімдердің кейбір оқулықтағы тіл қасаңдығы мен ондағы сөйлемдердің оқуға ауыр­лығы туралы айтқан сын-пікір­лерін естиміз. Осы кемшіліктер қалай түзеледі?

 

Орденбек МАЗБАЕВ:

– Оқулықтағы қателікке қатысты сын-пікірлердің көп екенін білемін. Оқулық – оқыту құралы емес, оқу ресурсы. Оқулықтағы мәліметтер 5 жылда бір өзгереді. Бұл сараптама орталығының мәліметі. Бүгінгі цифрлық заманда оқулықтың алдымен электронды нұсқасы дайындалып, ол бір-екі жыл тұрған соң кемшілігі болса түзетіліп, сосын барып қағаз нұсқада жарық көрсе деймін. Қазірде электронды оқулықтар жазылып жатыр. Біздің топқа бекітілген 11-сыныптағы география оқулығын екі жыл көлемінде толықтырып, түзету үстіндеміз. Сондай кезде ғана кемшіліктің болмайтынына көзіміз жетті.

Елдос НҰРЛАНОВ:

– Қоғамда ең көп талқыланатын және сынға ұшырайтын дүниелердің бірі – мектеп оқулығы. Ол заңды да шығар, сірә. Ойлап қарасаңыз, қолданыстағы 700-ден астам оқулықты жыл бойы 400 мыңға жуық мұғалім, 3,5 миллиондай оқушы және олардың ата-анасы, ата-әжесі үздіксіз пайдаланады. Бұл оқулыққа артылған жүктің ауырлығын да, маңыздылығын да көрсетіп тұр.

Оқулық бірнеше саланың тоғысуынан туатын айна іспеттес, олар: педагогика, пәндік ғылым, мемлекеттік тілдің қоғамдағы дамуы, кітап басу ісі мен IT-саласы. Әрбір саланың мықты да, осал да тұстары оқулық мазмұнында көрініс табады деуге болады. Мысалы, біз 90-шы жылдардан бері кеңестік кезеңдегі білім педагогикасын әрекет педагогикасына, яғни академиялық білім үлесін қолданбалы дағдылар есебінен арттыруға тырысып бағудамыз. Әлемнің бақуатты елдерінде әлдеқашан қалыптасқан білім берудің осы философиясы бізде әлі орныға қойған жоқ. Сондықтан педагогикалық оқу орындарын бітіретін педагог мамандар академиялық сипаттағы оқу материалына ден қоюға үйренген. Бұл өз кезегінде авторлардың оқулықтағы материалды сипаттау стиліне әсер етеді. Сарапшылар да іс-әрекет түрлеріне мән берілген оқулықтан гөрі ақпараттық сипаттағы оқулықты артық көреді. Жаңа заман ұрпағы болса, ұзын-сонар мәтіннен қысқаша тезистерді, абстрактілі жаттығулардан практикалық жұмыстарды ұнатады. Осындай бір дилеммадан оқулық нашар деген ой қалыптасуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі оқулық маз­мұнын сараптауда мән берілетін мін­детті бірнеше 4 аспектіні бекітті – мәтін, иллюстрация, тапсырмалар және баяндау тілі. Олардың әрқайсысы оқу­шылардың жас ерекшелігін және таным­дық қызығушылығын ескеруге тиіс.

Тағы бір мысал келтірейін. Біздің қоғамда әуелі орыс тіліндегі контентті дайындап, сосын оны қазақшаға аудару үрдісі белең алған. Оны билік тармағының барлық уәкілетті органдары, банк ісі, қызмет көрсету секторынан күнделікті көреміз. Бұл үрдісті оқулықтан да байқадық. Оқу пәндерінің оқу бағдарламаларының қазақша және орысша нұсқаларының бір-біріне сәйкестігін ескеріп, баспа үйлері авторлық ұжымы әзірлеген оқулықтың ұтымды шыққан орыс нұсқасын аудару жайттары соншалықты сирек емес. Аударма сапасы жиі көңіл көншітпейді, тілі жатық емес, тәрбиелік әлеуеті толық ашылмайды. Осындай проблеманы шешу мақсатында былтыр министрліктің бұйрығымен қазақ тілінде оқытатын мектептерге ұсынылатын оқулықтардың әуелден қазақша жазылуы талап етілді. Қарап отырсаңыз, оқулықты әзірлейтін біздің ғалымдар мен педагогтер, отандық бәсекелес бас­­палар болғандықтан, олар өздерін қалыптастырған ортадан ілгенін оқулық мазмұнына түсіреді. Біз Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен оқулық сапасының қоғам көңілінен шығуы үшін аталған «фондық қиындықтарды» еңсеруге, бөлінетін ресурстар шеңберінде күш-жігер салып келеміз. Кейінгі үш жылда оқулық сапасын арттыру, сараптама жүйесін жетілдіре түсу, әзірлеуші баспалардың жауапкершілігін күшейту, мұғалімдердің балама оқулықты таңдау тетіктерін нақтылауға бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылданды. Алдағы жылдары аталған шешімдердің тұрақтауына, мемлекеттік сараптамаға тартылатын сарапшыларды ынталандыруды күшейтуге және цифрлық білім ресурстарын дамыту аясында ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр.

 

Нұрдәулет АҚЫШ:

– Жалпы, мені оқулықтардағы тілдің қасаңдығы ғана емес, сөйлем құры­лымдарының ұғымға ауырлығы да ойлантады. Сондықтан оқу бағдарламасын әзірлеген мамандарды дұрыс іріктей білуіміз керек. Қазір «Болашақпен» оқыған немесе шетелдегі жоғары оқу орындарында білім алған мамандар оқу бағдарламасын жасап жүргенін білеміз. Олардың кейбірі қазақ тілі мен әдебиетін жете білмейді. Бірақ соларға бағ­дарламаны дайындау тапсырылған. Осыдан шикілік шығады. Оқулықтың қасаң тілінен емес, күрделі тілінен қорқу керек. Кейде оқулықтардан қазақ тілінің грамматикасының ережесіне сәйкес келмейтін құрмалас сөй­лемдерді бас­тырмалата жазғандарды көремін. Осындай кемшіліктерді болдырмау үшін жоғарыда айтқан үш автор бірлесіп, жүйелі жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ редакторлардың біліктілігі туралы да айтылмайды. Тәжірибелі, тісқаққан редактор оқулықтың артық-кемін бірден байқайды. Ал кейбір жекелеген редакторлар кемшілікті көріп тұрса да, жібере салады.

 

Мәнсия МАКАЕВА:

– Кемшілік жоқ дей алмаймын. Бірақ жылдан-жылға айналымға еніп жатқан оқулықтар бірнеше сараптамадан өтеді. Ғалымдар мен ұстаздардың бірлесіп істеген жүйелі жұмысының нәтижесінде оқулықтардың сапасы артып, қолданысқа тиімді болады деп ойлаймын.

 

– Сондай-ақ көрнекті ақын-жазу­шылардың оқулыққа кіретін шығар­малары қалай іріктелуі керек? Осы тарапта не айтар едіңіздер?

 

Нұрдәулет АҚЫШ:

– Қазақ әдебиеті алыптарының шығармалары мектеп оқулықтарына міндетті түрде енгені жөн. Ұлт руха­ния­тының көсегесін көгертіп, классикалық шығармаларды өмірге әкелген атақты ақын-жазушыларымызды қаперден шығармауымыз қажет. Осы жағынан келгенде, оқулыққа енетіні де, енбейтіні де бар. «Әдебиетіміздің биігі» деген кейбір шығармаларды кіргізуге болмайды. Мәселен, өз басым, 7-сынып оқулығына Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын енгізуді қолдамаймын. Сөз жоқ, Мағжан – дара ақын. Бірақ аталған поэмада ғашық болған қалмақ қызы үшін туған бауырын өлтіретін қатыгездік бар. Бұл оқиға өмірде болды ма, әлде автордың шығарманы көркем ету үшін алғаныма, оны анық білмеймін. Бірақ осындай туын­дыдан сақ болған дұрыс. Сонымен қатар оқулықта өлім туралы айтатын шығармалар да кездеседі. Қанша классика дегенімізбен, балалардың рухын түсіріп, пессимистік ойға жетелейтін шығармаларды жас ұрпақтың санасына таңудың не қажеті бар деп ойлаймын. Онсыз да әдебиетіміздің асыл қазынасын байытқан тамаша туындыларымыз жеткілікті. Сонымен қатар ескі әдебиетіміздің нұсқаларын оқулыққа енгізгенде өте абай болған жөн. Олардың кейбірі толық зерттелмеген.

 

Елдос НҰРЛАНОВ:

–Мұнда мына бір жағдайды ескеруіміз керек. Оқулық әзірленбес бұрын, пәннің мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламасында белгіленеді. Көркем шығармалар мен ақын-жазушылардың тізімі бағдарламада әр сынып, әр пән бойын­ша беріледі. Оқулық соның негізінде әзірленеді. Жаңарған білім мазмұны аясында әзірленген оқу бағдарламалары, әсіресе идеологиялық жүктемесі зор қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы­ пәндерінің мазмұны едәуір өзгеру үстінде. Бұл жұмысты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, практик-педагогтер және өзге де білікті тіл, әдебиет мамандарымен талқылай отырып, үйлестіреді. Демек, оқулық авторлары мазмұнға шығармаларды өздігінен енгізе алмайды, бағдарламаға сүйенеді.

Жеке ойымды айтар болсам, біз ересек адамдар тұрғысынан гөрі баланың ақпараттық ортасы мен қызығушылығын ескеруіміз керек. Бұл классикадан бас тарту дегенді білдірмейді. Алайда қазіргі баланың заманауи ортада сәтті әлеуметтенуіне қажетті жауһарларын керекті жанрда, форматта және көлемде аса ұқыптылықпен іріктеген жөн. Маған осы күнгі баланың батырларын жоққа шығармай, өз фольклорымыз және әдебиетімізбен ұштастырғаннан бас­қа амал жоқ болып көрінеді. Мұнда идео­логиялық мақсат-мүддені көзбояу­шылықпен шатастырмау аса маңызды.

 

Мәнсия МАКАЕВА:

– Қазіргі оқулықтардағы берілген әдеби шығармалар көңіліме қонады. Меніңше, оқулыққа мазмұны ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, оқушылардың бойына адамгершілік қасиетін сіңіріп, тарих тағылымынан үлгі алатын көркем шығармаларды таңдап алған дұрыс.

 

Орденбек МАЗБАЕВ:

– Бұл сұрақ әдебиет мамандарына арналған екен. Сонда да өз пікірімді білдіре кетейін. Оқулыққа айтулы ақын-жазушылардың шығармаларынан бөлек, жас ұрпақтың санасына ой салатын көрнекті қайраткерлер мен ғалымдардың аталы сөздерін енгізуге болады. Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн және берідегі ұлт ойшылдарының еңбектерімен балалардың танысып өскенін жөн көремін. Мәселен, ұрпақты тәрбиелеу тұжырымдамасына Абайдың «Толық адамы» мен Алаш ардақтыларының мазмұнды еңбектерін кіргізсе артық болмас еді.

 

– Соңғы сұрақ: сапалы оқулық жазу үшін не істеу керек? Қандай ұсыныстарыңыз бар?

 

Елдос НҰРЛАНОВ:

– Кезінде Алаш ардақтысы, қазақ кітап басу ісін ұйымдастырушы Халел Досмұхамедұлы айтпақшы, көпке түсінікті әрі білім алудың төте жолын ұсына алатындай оқулықты сапалы деп айтуға болады. Ондай оқулықтармен мектептің барлық сыныптары мен пәндері түгел дерлік әзірленіп қамтылуы үшін келесідей алғышарттар қажет: ең әуелі, оқулық қайнар көзі – оқу бағдарламасы көңілден шығып, онда мемлекет пен қоғам мүддесі, мұң-мұқтажы және заманауи сын-тегеуріндер үйлесім тапқаны дұрыс.

Оқулықтарды әзірлеу мен енгізудің ұзақ мерзімді жоспары бекітіліп, нәтижесінде оқулық әзірлеуші баспа үйлері мен авторлық ұжымдарына қажетті уақыт берілуі қажет. Бұл үшін былтыр өңделген үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес, оқулықтарды енгізудің 2030 жылға дейінгі жоспар-кестесі бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр.

Баспа үйлері заңнамада көзделген баспаішілік сараптама барысында редакторлық және рецензиялық жұмыстарға, оқулықтың тың тұстарын таныстыруға баса назар аударуы қажет. Осылайша, сарапшылар оқулықтардың техникалық, емлелік олқылықтарына көп уақыт жұмсамай, мазмұнға үңілуге мүмкіндік алады.

Әзірленген оқулықты іріктеп өңдеуге күш салатын мемлекеттік сараптама жүйесінің кадрлық және процедуралық мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыру керек. Бұл жұмыс жүйе операторы – біздің орталықтың қызметін күшейте түсуге ықпал етеді.

Мемлекеттік сараптама рәсімдеріне ақпараттық технологиялар ұсынатын аналитикалық құралдарды кеңінен енгізу қажет. Қазіргі кезде сондай мақсатта электронды платформаны әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Бұл оқулықты сараптау жұмысы жөнінде ауқымды мәліметтерді талдап, оқу басылымдары, баспа үйлері, авторлар және сарапшыларға нақты шешім қабылдаудың тетігі болмақ.

Бір пән бойынша мақұлданған балама оқулықтардың ішінен таңдау құқығын мектеп мұғалімдері Оқу-ағарту министрлігі бекіткен тәртіпке сай барынша пайдалануы керек. Бұл қай баспа өнімінің көбірек сұранысқа ие болғанын көруге мүмкіндік туғызады.

Оқулықтар сапасын арттыру жұмысы мектепке жеткен соң да тоқтап қалмауы керек. Демократиялық қағидатпен мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналардың оқулық жөніндегі риясыз пікірі зерттеліп, дұрыс-бұрысы эмоциясыз, ғылыми негізде пысықталуы қажет. Оқу бағдарламасы айтарлықтай өзгермесе, бұл оқулықтар қайта басылғанда зерттеу нәтижелері авторлар мен сарапшыларға «интеллектуалды азық» болар еді.

 

Нұрдәулет АҚЫШ:

– Оқулықтың сапалы жазылуы авторлардың біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты екені анық. Бұл жұмысқа ой-санасы қалыптаспаған, айтқан сөзі мен пікірі күмәнді авторларды тартуға болмайды. Оқулық – ұжымдық еңбек. Оны бір адаммен шектеу дұрыс емес. Қысқасы, пікірі көңілге қонымды, білімділігі мен кәсібилігін ортасы мойындаған авторлардың қолынан шыққан оқулық сапалы боларына сенемін.

 

Мәнсия МАКАЕВА:

– Сапалы оқулық жазылу үшін авторлардың қатарында мектепте жұмыс істейтін тәжірибелі ұстаздардың болғаны жөн деп санаймын. Сонымен қатар жаңа лекте шығып жатқан оқулықтардың түсінікті, мазмұнды, нәтижелі болуы­на мұғалімдердің білім беруі мен оқушылардың сол білімді қабылдауында бірізділік сақталуы керек.

 

Орденбек МАЗБАЕВ:

– Алдымен сараптама орталығы мен оқу бағдарламасын әзірлеуші жауапты мекемелер арасында сабақтастық ретке келсе деймін. Одан кейін басқа елдердің бағдарламаларына еліктемей, бірақ қажетті тұстарын отандық білім сапасына бағыттаған тұжырымдама жазылып, сосын бағдарламаға көшсек орынды болар еді. Сонымен қатар оқулық жазатын мамандарға уақыт пен дұрыс көңіл бөлінсе, сапалы дүние шығады деп ойлаймын.

 

Қазіргі қолданыстағы оқулықтардан бөлек баламалы оқулықтарды да көріп жүрміз. Олардың артықшылығы болса да, тек сараптама орталығынан өткен министрлікпен бекітілген оқулықтар қолданыста болуға тиіс. Мәселен, жоғары санатты мұғалімдер жазған оқулықты қарасаңыз, 3-4 автордың соңында ғалым авторды көресіз. Олардың қаншалықты еңбегі, тәжірибесі бар оны қарамаймыз. Бұл – оқулық жазу талабының кемшілігі

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»