Сұхбат • 13 Сәуір, 2023

Хайролла Ғабжәлелов: Теңге елге серпіліс әкелді

1923 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Еліміздің жаңа тарихи шежіресінде ұлттық валютаның енгізілуі нағыз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізудің, елдегі қалыптасқан дағдарыстан шығудың әрі жаңа кезеңге өтудің бірден-бір жолы болды. Англияда қазақ валютасының дизайны бекітілгеннен кейін мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен отандық суретшілердің теңге кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы осы жұмыстардың басы-қасында болып, тынымсыз еңбек еткен сәулетші, суретші дизайнер, ұлттық валютамыз – теңге дизайнын жасаушыларының бірі Хайролла Ғабжәлеловпен әңгіме барысында баяндалатын болады.

Хайролла Ғабжәлелов: Теңге елге серпіліс әкелді

– Хайролла Мағауияұлы, ұлттық ва­лю­­­­та­ның айналымға енгізілуі еліміздің тә­уел­сіздігін нығайту мен дербес дамуы­ ж­о­лы­н­да маңызды рөл атқарғаны белгілі. Өзі­­ңіз басшылық еткен топтың ерен ең­бе­гінің нәтижесінде теңгенің дизайны мен­ сапасы ойдағыдай іске асып, әлемдік өзге­ мемлекеттердің валю­та­сы­ арасында өзін­дік орынға ие болды.­ Сол кездегі тең­ге­нің дайындалуы­ мен айналымға шығуы ба­рысында түр­лі­­ қиындықты бастан өт­кердіңіздер. Өткенге бір оралсақ?

чвап

– Иә, өткенге көз жүгіртсек, 1991 жыл­­­дың аяғына қарай Кеңес өкіметі ыды­рап, құрамындағы республикалар тәуел­сіздіктерін алып, тарап жатты. Әрбір­ дербес мемлекеттің атрибуттары: Ту­ы,­­­­ Елтаңбасы, Әнұраны, сонымен қатар­ тәуел­сіз­діктің айрықша белгісі ретін­де ұлттық валютаның енуі негізгі шарт­ еді. Міне, осы аралықта конкурс жария­ланған. Мен ол кезде «Қазақстан ди­зайн орталығын» ашып, бас директор­ қызметін атқарып жүрдім. Алдында бі­раз­ жыл қызметтес болған, Жоғарғы Кеңес­тің депутаты Тимур Сүлейменов екеу­міз жаңа құрылып жатқан Ұлттық банк­ке бардық. Басшыларымен таны­сып­, Ұлттық валютамыздың жоба­сын­ жасап жатқанымызды айттық. Эски­зі­мізді Президент көрген соң Ұлттық банк­тің басқармасында бекітіліп, біз Ұлы­бри­танияда алдын ала таңдалып қойған банк­нот­ фабрикасына тез арада жетуімізге тура­ келді. Бірақ елімізде өз валютамызды­ ен­гі­зуге әлі қаулы шығарылмаған, Ұлттық банк­пен де келісімшартқа отырмағанбыз. Ұлы­бри­та­нияға жету үшін визаны Мәскеуден алу­ керек, ол да ұзақ уақытқа созылады, ал ­­өзіміздің Сыртқы істер министрлігінде де­ ұзын-сонар кезекте тұрған адамдар же­тер­лік. Ойлана келе, осының бәрін өзім ұйым­дастырып, сол кездегі шетелдік қызыл­ паспорт пен виза қолға тиген соң, өз қара­жатыма бірге баратындарға ұшаққа билет­ алып, 1992 жылы қыркүйек айының басын­да Лондонға ұшып кеттік. Оның алдын­да салмақты да елеулі топ болсын деп,­ қазіргі дизайнер Меңдібай Алин мен Ағым­салы Дүзелхановтарды жұмысқа алған ­­едім. Бірақ белгілі бір себептермен Дүзел­ханов пен Сүлейменов жұмыс тобы­нан шығып қалды да, Меңдібай Алин екеуі­міз жұмысымызды жалғастырдық.

Банкнот, ақша шығару ұзақ уақыт пен үлкен қаржыны талап ететін өте күрделі, тек­ білікті мамандардың ғана қолынан келе­тін жұмыс екені белгілі. Ал бізде уақыт­ тығыз, ұлттық валютаны қысқа ара­лықта шығаруымыз керек. Лондонда бізге­ жедел түрде банкнот шығарудың қыр­-сыры мен құпияларын оқытып, таныс­тырып, қалғандарын жұмыс бары­сын­да үйрете бас­тады. Ол жақта тынбай еңбек­ еттік, апта сайын, кейде айына бір­не­ше рет әрі-бері екі ел арасында құпия құ­жат­тарды тасып жүруге тура келді. Бас­тапқыда Мәскеу арқылы, кейін Түрік әуе­ компаниясы келген соң Ыстамбұл ар­қылы ұшатын болдық. Маған сол кез­де­гі Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлей­­менов құпия құжаттарды қорғау мақ­сатында дипломаттық паспорт берген.

Қазір қолма-қол ақша банкноттарын­ пай­­далану азайып, банкнот шығару жол­да­ры­ да техниканың жедел дамуының арқа­­­сында жеңілденіп келеді. Ол кездері «Ан­глияның фунтстерлингіне 6 жыл, неміс­тің маркасын жасауға 2 жыл кетті», дейтін­. Банкнот шығару барысында көп жұмы­с­ты әлемдік деңгейдегі санаулы маман­дар темірді қолмен ойып істейтін болған­дықтан біздің банкноттарымызды жасауға ұзақ уақыт кететін болды. Желтоқсан айының басында болса керек, Ұлттық банк төрағасының кабинетінде отырғанымызда, тікелей телефон арқылы мемлекет басшысы хабарға шығып, «Теңге наурыз айының аяғында елде болсын!», деген тапсырма берілді. Сол күні таң ата мен дереу Лондонға ұшып кеттім. Бүкіл фабрикадағы мамандармен ақылдасып, басқа да фабрикадағы мамандарды жинап, жағдайды түсіндірдім. Жұмысты жеделдету жоспарын жасадым. Кейін асыққан істің шикілігі алдымыздан шықты, бірақ оны да абыроймен орнына келтірдік. Алғашқыда біз өз бас­тамамызбен жүрсек, кейін Ұлттық банк Лондондағы «Англияның ханшайы­мы банкнот басқан фабрикасы» деген банкнот шығаратын фабрикамен келісім шартқа отыратын болды. Алдағы міндет «әрбір банкнотты қанша данадан шығаруға тиіспіз және жалпы көлемі қандай болуы керек?» деген мәселелер тұрды. Бірақ бұл сұраққа бізден ешкім жауап бере алма­ғандықтан, ағылшындар өздерінің жасы­ келген экономисін ұсынғаны бар. Ол хал­қымыздың саны мен экономикамыз­ды ­есептеп шығарып берді. Сонымен қатар­ теңгенің құнын белгілеу де күрделі мәсе­ле­лердің бірі еді. Сол кезде әлемдегі ең тұ­рақты деген валюта неміс маркасы бола­тын, сондықтан «бір теңге бір маркаға тең­ болсын деген» шешім қабылданды. Олар­дың­ есебіне күмәнданған біздің басшылар Наза­ров атты банкирге тексеруге жіберді. Кеңес­ өкіметінің 1961 жылы ауысқан ақша­сын 1991 жылға дейін елімізде болған айна­лымдағы ақшамен салыстырғанда, ағыл­шындар есебінің дұрыс екендігіне көз­дері жетті.

Теңгенің Лондонда басып шығарылуы Қазақстан мен Англияның экономикалық қарым-қатынасын жақындата түсті, соңғы технологиямен шығарылған банкноттар үшін Англияның ханшайымы алтын белгімен марапатталды. Фабриканың бас дизайнерінің айтуынша, сол кезде жаңа шыққан теңгенің үлгісі мен біздің суреттерімізді Британияның музейіне сұратып алыпты.

– Алғашқы кезде теңге қанша банк­нот­­тан­ болды?

– Теңгеміз негізі жеті банкноттан тұр­ды.­ Жеті – қазақ халқы үшін киелі сан. Анг­­лияның бар-жоғы төрт-ақ банкноты бар.­ Біздің алғашқы шыққан бір теңгелік банк­­нотта әл-Фарабидің, үш теңгелік банкнотта Сүйінбайдың, бес теңгелік банкнотта Құрманғазының, он теңгелік банкнотта бастапқыда Әбілхайыр ханның, елу теңгелік банкнотта Назарбаевтың суреті болған. Бірақ Назарбаев банкнотқа суретін шығаруды кейінге қалдырыңдар деген соң, он теңгелік банкнотқа Шоқанның суретін салдық. Жиырма теңгеге Абайдың суретін, елу теңгеге Әбілхайыр ханның суретін, жүз теңгеге Абылай ханның суреті енді. Сонымен осы жеті банкнот теңгеміздің негізі болды. Оған қоса инфляциялық ақша ретінде екі жүз теңге қарастырылған. Кейін еліміздегі инфляцияның салдарынан 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 теңгеліктер шығып кет­ті. Біздің теңгемізде портреттер болған соң, оны «портреттер галереясы» дейді. Ал­ теңгенің алғашқы нұсқаларында неше­ түрлі ежелгі дәуірдегі құрылыстар, таби­ғат­ көріністері мен Қызыл кітапқа енген аң-құстар бейнеленген.

– Еске түсіп жатыр, теңге айналымға шық­қан жылдары қағаз тиындар да қатар жүр­ді емес пе?

– Бастапқы кезде қағаз ақша Англияда, тиын­­дар Германияда басылатындықтан, қаға­з ақшаның жұмыстарымен өзім айна­лысып, ал Германияға бір рет барға­ным­ болмаса, екі жаққа шапқылауға мүм­кін­ді­гім жетпеді. Кейін тиындарды шы­ға­ру жұ­мыстары басқа адамдарға тапсыры­лып, бі­рақ олар ештеңе ұйымдастыра ал­май, тиын­дар өз уақытында шықпай қал­ды. Тиын­дар дайын болмағандықтан амал­ жоқ­ «уақытша» деп қағаз тиындарды­ шы­­ғардық. «Екі айда шығады» деген тиын­ үш­-төрт жылдан кейін ғана дайын болып­, эше­ло­нымен шыққан тиындардың пай­дасы бол­май, бәрі тікелей қоймаға кеткені бар.

– Дайын болған теңгелер елге қалай тасымалданды?

– Президентке берілген уәде мерзі­мін­де орындалды. Наурыз айының соңын­да­ дайын болған банкноттарымызды елге­ жеткізу мәселесі тұрды. Ол кезде Алма­ты­да жүк таситын «Саяхат» әуе компа­ния­сы болған, бірақ оған сенімсіздік таны­­тылып, Шымкенттің жүк таситын ұшағы­ жалданды. Басшысы Узифулла Әжмол­­даев деген жігіт өзі басқарып басы-қасында­ жүрді. Бүтіндей бір мемлекеттің бүкіл ақшасын бірден шұғыл түрде тасып жеткізу оңай емес, бірақ алғашқы партиясы қайткенде де елге жетуі тиіс. Сонымен тағы бір қиындыққа тап болған кезіміз, Алматыдан шығатын ұшақтың жанармайы Лондонға дейін жетпейтіндіктен, Ресей аймағына қонып, жанармайын толтырып әрі қарай ұшуы қажет. Ал қайтқан кезде құпия жүкпен басқа елдің аймағына қонуға болмайды. Не істеу керек? Ақылдаса келе жер шарының айналуын есептеп, қырық тонна жүкпен әуеге көтерілген ұшақтың артынан жел соғып ұшаққа көп ауырлық түспейтіндей, құйылған жанармайдың Лондоннан Орал қаласына дейін жететіндігін есептеп шығардық. Сөйтіп, ақша тасу науқаны бас­талды. Осы жобаны Ұлттық банк орынбасары­ Мірсұлтан Тұрсынов басқарды. Сол кездегі операцияға қатысқан жігіттер күндіз-түні уақытпен санаспай керемет жұмыс істеді.

– Осы жұмыстың басы-қасында тү­гел өзіңіз жүрген екенсіз, теңгені шы­ғару барысында түрлі пікірлер мен келіс­пеу­шіліктер де, қиындықтар да кезіккен шығар?

– Жұмыс барысында бәрі болды. Егемендікті енді алған елімізде төл тең­гені дайындау қаншалықты жауапты­ жұмыс екенін тек сезіну керек. Алғаш­қ­ы төл теңгені қолына ұстаған қазақ­тардың қуаныштарында шек болма­ды,­ рухтары көтеріліп, көздеріне жас ал­маған қазақ кемде-кем шығар. Сон­ша­ қиыншылықтардан кейін елдің көкі­ре­гін­де үміт оты жарқ етіп, өзінің тәуелсіз мем­лекеті үшін мақтаныш пен үлкен сенім­ді­лі­к пайда болған еді. Ал сол ұлттық валюта­ны қолымызға ұстағанға дейін қанша тер төккеніміз өзімізге аян.

1993 жылдың тамыз айында Ресей өз ақшасын шығарып, бізге рубль бермей қойды. Сол кезде қоймада бірнеше айдан бері жатқан теңгемізді тез арада айналымға енгізу туралы, сол кездегі Премьер-министр Терещенко бүкіл үкімет құрамын жинаған кеңесте бәрі қашқалақтап баяндаманы өзім жасадым.

Теңге айналымға шығар алдында құра­мында О.Жандосов, Ө.Шөкеев, Б.Ізтілеуов, С.Мың­баев, Г.Марченко сияқты қаржыгерлер мен­ экономистерден құралған комиссия бол­ды. Олар бізге «неміс маркасының не кере­гі бар? Бізге Ресейдің рублі керек», деп­ бір теңгені Ресейдің 500 рубліне теңеп, тең­гені айналымға енгізді. Алғашқы күні 1 дол­лар 4 теңге 50 тиын болған. Бірақ бар­лық республикалар өз валюталарын шы­ғарып, теңгені онсыз да құнсызданып жат­қан Ресейдің рубліне теңеген комисси­я мүше­­лерінің қателігінен теңгеміз әу бас­тан­-ақ инфляцияға ұшырап құлдырап кетті.

Банк басшылары жиі ауысып, төр­ағ­алыққа келгендердің бәрі аты тарихта қалу­ үшін тез арада өз қолдарын қойып, жаң­а теңге шығаруға асыққандары белгілі. Бір рет маған халықаралық сара­п­шы хабарласып, «Марко Полоның сіз­дерге қандай қатысы бар?», деді. Мен­ таңғалып, не болғанын сұрасам, «Сіз­дер­дің банктеріңіз сондай теңге шығарғанын білмейсіз бе?», деп кітабын жібергені бар. Кейін бірнеше рет «Хабар» телеарна­сы эфирден көрсетіп, айдаладағы Марко­ Полоның портретімен банкнот шығар­ға­нын, онымен қоймай елімізде болып жат­қан спорт ойындарына, өтіп жатқан әртүрлі конференцияға арнап, түрлі банкнот шығарғандарын қарапайым халық түгіл, біздер де, бұрынғы банкирлер де бейхабар. Үлкен жиындар да журналистердің, «қашан қазақша сөйлейсіз?», деген сұрағына, «қазақ тілінде сөйлемеймін», деп басынған Марченконың алдыңғы шыққан теңгелердің бәрін тиынға айналдырып жібергенінің ар жағында үлкен бір саяси сыр болғаны анық.

Теңгеміздің шыққанына 12 жыл тол­ған­да Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов Әбіл­хайыр хан, Абылай хан, Абайдың сурет­терін Қазақстанның картасы, Назар­баев­тың алақаны салынған суретпен жаңа­ теңгеге айырбастады. Жаңа теңгеге халық­ қарсылық білдіріп, көптеген басы­лым­да ашық хаттар жария­ланды. Сол кездегі Мәжіліс депутаттары Виктор Егоров, Амангелді Айталы, Әлихан Бәйменов сынды депутаттардың ұйым­дас­ты­руымен қырық екі депутат қол қойған ха­т Президентке жолданғаны бар. Бірақ ол жетер жеріне жетпеді. Жаңа ақшаларды өзі­міздің банкнот фабрикасы бола тұра Маль­таға апарып басып, оны ұшақпен тасып, соңы қып-қызыл үлкен дауға айналған оқиғалар да болды.

– Теңгенің жарыққа шығуына қосқан үле­­сі­ңіз бен сіңірген еңбегіңіз бағаланды ма?

– Теңге – тарихымыздағы орны бөлек, тәуел­сіздігімізбен байланысты маңызы ерекше атқарылған үлкен іс. Бірақ оны баға­лап отырғандардың аз екені белгілі. Мемлекет өз тәуелсіздігін теңге арқы­лы алды деуге болады. Рубльді Ресей­ден 65%-бен алып жатқанда, теңгені тез арада дайындауымыздың арқасында мем­ле­­ке­ті­мізге жүздеген триллион рубль пайда­ келтірдік. Оны көпшілік біле бермейді, ал білетіндер жұмған ауыздарын ашпайды, айтқылары келмейді. Қазіргі көптеген журналистің қолдарында ешқандай дәлелі болмаса да, «теңге жасауға мен қатыстым», дегендерге сеніп, соларды насихаттап жаза беретіндері бар. Тіпті атын естімеген адамдардың есімдері «теңге жасауға қатысты» деп Википедияға енгізген. Бас банкирлердің жиі-жиі ауысуына байланысты теңгенің шынайы шығу тарихын білетіндерден санаулы адам қалды. Менің қолымдағы келісімшарттар, сол кездегі фабрикада теңгеге қатысты жұмыс барысындағы суреттерім, паспорттарым болғанның өзінде, Қазақстандағы бір телеарна жур­на­лисінің мен туралы күмәнданғанын естігенімде, оның жас екенін біліп,«мен теңге жасап жүргенде ол қайда болды екен?», деп таң қалған едім.

Міне, теңгенің шыққанына отыз жыл болды, біраз нәрсе ұмытылып барады, араласқан адамдардың көбі дүниеден өтті. Мүмкін теңгенің тарихын бүгін соңғы рет жазып отырған да шығармыз, бұдан кейін ешкімге қызық та болмауы мүмкін ғой. Сондықтан теңге тарихына қатысты барлығын айтып кеткім келіп отыр.

Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алған­ кез­де Джек Лондонның алтын іздеу­ші­ле­рін жазғанындай, біздерге де барлық сала­­дан нарыққа кіру үшін іскер мамандар ағ­ы­­­­­­лып келіп жатты. Сол сияқты түр­лі­ мем­­л­екеттердің банкнот фабрика­ла­­рынан, «ақша­ларыңызды басып береміз», деген ұсы­ныстар да көп болды. Англияның хан­шайымы банкнот басқан фабрикасы­ Қазақстаннан жұмыс алу үшін өте тәжі­ри­белі маман, жасы келген Джон Брайс Ги­бон деген лордты шақырды. Біраз жұмыс жасалынып жатты. Бірде ең алғашқы теңгелердің үлгісін қарасам, микротекстері біздердің көрсеткеніміздей емес, айтқан құпиялардың біразы жоқ. «Мынауың не, бұл біздегі лоторея билеттерімен тең ғой», деп атып тұрып, бетіне бір-ақ лақтырдым. Мен бірден Ұлттық банкке, «мыналар тыңдамай масқара болып жатырмыз», деп қоңырау шалдым. Банк төрағасының орынбасары Мірсұлтан Тұрсынов та қызуқанды жігіт еді, төрағаның кабинетінде жиын болып­ жатқанына қарамастан, кіріп барып,­ жағдайды баяндаған екен. Төраға, «өзің шеш», депті. Ол кезде ең алғаш­қы факс сол банкте болған, төр­аға­ның­ қолымен «Ұлттық банктің өкілі Ғаб­жә­леловті тыңдаңдар, болмаса басқа фаб­рикаға кетеміз» деген факс келді. Жаңағы факс­тен кейін фабриканың бүкіл басшылары келіп, кешірім сұрап, айтқан­да­ры­мыз­ды екі етпей, теңгенің өте сапалы шы­ғуы­ның басты себебі де осы болғаны бар.­ Кейін Ұлттық банкті де көп аралас­тырмай шығармашылықпен еркін жұмыс істедік, теңгені басып шығаруда соңғы тех­но­ло­гия­лық жаңалықтарды пайда­лан­дық.

Тағы бір оқиға, ағылшындар көп қақ­пай­лап, банкнотқа әл-Фарабиді сал­дыр­ғы­лары келмеді. Біз алғаш­қы уақытта бү­кіл әлемнің қаржы сала­сында жаңа шық­қан­ теңгеміздегі әл-Фарабидің сәлдесімен Қазақ­станның мұсыл­ман мемлекет екенін көрсеткен екен­біз. Батыстың Ресей империясы мен алып­ Қытайдың ортасындағы мемлекетке­ өз идеологияларын кіргізу ойлары болған екен. Қазір жаңа теңгенің жалпы саны қанша екенін білу қиын. «Халықаралық көрмелерде жүлде алып жатыр» дегенді естиміз. Ол қандай көрмелер, кімдер ұйымдастырып жатыр, табыс табу үшін ұйымдастырылған болса, олардың құны көк тиын. Кезінде Кеңес өкіметінен қуылған Солженицынға Кеңес өкіметін жамандап жазған кітабы үшін Нобель сыйлығын берген еді. Сол сияқты­ өз ұлтыңды төмендететіндей беті жылтыр, іші мағынасыз тірліктер жасасаң, Батыс­ қол шапалақтап қарсы алып, жүлде­лер­дің неше түрлерін бере береді, себебі біз ­– ұлттық мемлекетпіз.

Иә, қысқаша теңгенің тарихы­ осын­дай. Алғашқы шыққан теңге өз­ міндетін атқар­ды, бүгінгі жеткен жетіс­тіктеріміздің бәрі сол теңгеміздің арқа­­сында. Ұлттық банктің төрағасы бол­ған­ Дәулет Сембаев бір сұхбатында «Үлкен жұмыс жасалып еді, бірақ теңге мем­ле­­кетіміз тарапынан елеусіз қалды» деген.­ Шынында да, солай болды, ешкім алғыс та айтпады. Бірақ мен өкінбеймін, төл теңгеміздің шығуына өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Өйткені билік­ке­ емес, халыққа қызмет істеп жүрген адам­мын.

 

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлмира Бағытқызы,

«Egemen Qazaqstan»