Халық • 13 Сәуір, 2023

Бірлік пен бірегейлік

579 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Көпэтносты мемлекетте ұлтаралық келісім қоғамдық тұрақтылықтың кепілі болатыны белгілі. Ол сенім мен сабақтастыққа негізделуі керек. Сондықтан ширек ғасырдан астам уақыттағы ұлттық дамудың стратегиялық бағыты мен оның тиімділігіне қайта үңіліп, халықты бір мақсат пен ортақ ұмтылыс негізінде топтастыру мәселесіне жаңа көзқарас қажет. Өйткені бұл мәселенің қоғам өмірінің барлық саласына тікелей қатысы бар.

Бірлік пен бірегейлік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Еліміз өз тарихындағы жауапты кезеңіне аяқ басып, әділетті мемлекет құруға бағыт алған кезде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жандан­дырып, оны қоғамдық өмірге қатысы бар барлық салаға кіріктірудің кезі­ келді. Егер біз табысты реформаның алғы­­шарты – халықтың бірлігі десек,­ онда жоғарыдағы қадамға баруға мін­дет­тіміз. Ассамблея елімізді одан əрі өрке­н­детуде түрлі этнос өкіл­де­рі­­­нің басын­ қосып, бүкіл қоғамды ұйыс­­тырып, оның ырыс-ынтымағын арт­ты­ру­­ға жұмыс істеуі қажет. Ассамблея ға­на­ республика халқының басын бірік­тіре алады. Өйткені кез келген адам­ туған күнінен бастап нақты бір ұлт­тың өкілі болып дүниеге келіп, Қазақ­стан халқын құрайды. Ол оның тууы­ туралы куәлігіндегі әкесінің ұлтын­ көрсетіп, бала кәмелет жасына толғанда әдетте өз ұлтын сол куәліктегі мәліметтің негізінде көрсетеді. Сол себепті халықтың немесе жалпыұлттың мүддесіне келгенде ел тұрғындарының осы әлеуметтік тобы, яғни әртүрлі этнос өкілдері, өз ұлтының мүддесін түсінсе, басқа ұлттың мүддесіне де түсіністікпен, құрметпен қарайтын болады. Сөйтіп, елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына келгенде үлкен жауапкершілік пен ұқыптылық көрсете алады. Әрбір этнос өкілі бірлік пен қоғамдық татулық мәселесінде өзара тәуелділіктің бар екендігін басқа әлеуметтік топтарға қарағанда жан-тәнімен сезінеді. Бір этностың өкілі болу деген сөз бүгін бір партияға мүше болу, ертең басқасының қатарына кіруді, тіптен, одан шығып кетуді аңғартпайды. Себебі мұндай адам ұлтын ауыстыру мәселесіне өте жауапты қарайды. Сайып келгенде, біздің қоғамның әрбір мүшесі – белгілі бір этностың өкілі. Өкінішке қарай, адамдар арасында кездесетін кез келген ұсақ-түйек ұрыс-керіс жағдайларының жалпы, ел азаматтарының ғана емес, сонымен бірге белгілі бір этнос өкілдерінің тарапынан да бағаланатынын жоққа шығару қиын. Тіптен екі этнос өкілдері арасындағы кез келген араздықтың «ұлтаралық» сипат алып кету қауіпі бар. 

Ендігі міндет – мемлекетіміздің ғана емес, қоғамның және әрбір азаматтың міндеті – біздің бай мәдени мұрамыз бен жалпыұлттық бірлігімізді сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Бұл барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының бірлікті, татулық пен келісімді нығайту жөніндегі, тұрақтылыққа, болашаққа деген сенімділікке және еліміздің азаматтарының әл-ауқаты үшін жағдай жасауға бағытталған орасан зор мазмұнды жұмысының бастауы болмақ 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бірізді ұстанымы мен жүргізіп жатқан саяси реформалары мына құбылмалы заманда Ассамблеяның алдына жаңа тұрғыдағы міндеттер қойып отыр. Өйткені жер шарының түрлі өңірінде діни алауыздық ушығып, ксенофобиялық көңіл күй байқалып отыр. Әлемдегі геосая­си тұрақсыздық жағдайында халықтың келісімі мен бірлігі экономикалық əлеуетімізге айналуда. Ассамблея азаматтық қоғамның тиімді институты деңгейіне көтерілуі, конституциялық мəртебеге ие болуы, оның мемлекет дамуының жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру мен ел тұтастығын сақтаудағы тарихи миссиясын жандандыруды талап етеді.

Бүгінгі аумалы-төкпелі замандағы қалыптасқан ахуалды ескере отырып, ұлт саясаты мен мемлекеттілікті құру мәселесінде ұлттық қайшылықтарға жол бермей, ұлт саясатының еліміздің даму ерекшелігіне сәйкес келетін моделін таңдап, оны нығайту қажет. Өйткені қазір қоғам мүшелері арасындағы ұлттық, әлеуметтік және басқа да айырмашылыққа қарамастан, ортақ мүдделерді түсініп, қабылдау негізінде азаматтардың бойына осындай қасиеттерді қалыптастыратын саясат жүргізу қажет. Бұл қасиетті бойымызға сіңірмей тұрып басты стратегиялық мақсатымыз – ел бірлігіне қол жеткізу мүмкін емес. Бұл мәселеде тарихи сабақ пен тәжірибе негізінде жаңа тарихи сана-сезім мен әртүрлі этнос­ өкілдері арасындағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға жағдай туа­ды. Өйткені көпэтносты қоғамдағы тұрақтылық ұлтаралық келісімге арқа сүйейді және ол саяси тұрақтылықтың негізі болады. Ал осы ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық этномәдени бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттыруға тікелей байланысты.

Бүгін Ассамблеяның қоғамдық, нағыз халықтық сипаты мен әлеуетіне басымдық беру керек. Сонда ғана Ассамблеяның «халықтық дипломатия» ретіндегі мүмкіндігі артып, жергілікті жердегі жұмысына жан бітіп, кіші ассамблеялардың қызметі белсенді жүргізіледі. Оларға басқа диас­пора өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, адами тұрғыда түсіністікке қол жеткізіп, тату-тәтті өмір сүру салтын қалыптастыруда нақты нәтижеге қол жеткізу қажет. Кіші ассамблеялар бір-бірімен тіл табыспайынша, келісім мен тұрақтылықты өздерінің қажеттілігі мен өмірлік ұстанымдарына айналдырмай, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу әсте мүмкін емес.

Этносаясатта жетістіктермен қатар көңіл аударуды және тиісті қоры­тын­ды жасауды талап ететін түйткілді мәсе­ле­лердің орын алып отырғандығы белгілі. Осындай жағдайда, әсіресе Қордай оқиғаларынан кейін Қазақстан халқы Ассам­блеясының жұмысына сыни көзқа­распен қарау заңды нәрсе. Себебі көпэтносты мемлекетте ұлтаралық қатынасқа мұқият болу, онда болы­п жатқан үдерістерге дер кезінде құлақ асу қажет. Өйткені ұлт саясаты Конституцияға сәйкес жүйелі түрде жүргізілмесе, онда кез келген әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселе табан астынан ушығып, ұлттық реңк алып, мемлекеттің тұрақтылығына зиян тигізуі ықтимал.

Ел Президентінің «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт... Даңғаза акциялар мен даурықпа іс-шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады», деуінде үлкен мән жатыр. Иә, олар бүгін ғана пайда болған мәселе емес, жылдар бойына жинақтала келе, тамыры тереңге кеткен проблемаға айналған. Оның үстіне кеңестік дәуірден мұраға қалған нәсіл, ұлт, дін мәселелеріне қатысты қайшылықтар толығымен шешілмеген. Біздің қасіретіміз өз уақытында істелмеген жұмысты немесе шала атқарылып, нақты нәтиже бермей, оған бөлінген қаржыны құмға құйған судай етіп, болашақ ұрпақтың несібесіне ауыз салғандығымызда жатса керек. Осының барлығы қоғамның әлеуметтік жіктелуімен, идеологиялық бос кеңістік пен өткенге деген нигилистік көзқарастың күшеюімен тұспа-тұс келуі қиындық тудырады. Экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі адамдардың табысын кемітіп, тұрмыс жағдайын нашарлатып, кедейшілікке әкелді. Осылайша, адамдардың  бойында үмітсіздік ұялап, оларды белгісіздік пен үрей сезімі билеп, бұл тұрғындардың көңіл күйіне кері әсер етіп, елде бірте-бірте наразылық әлеуеті жинақталып, қоғамдағы әлеуметтік жағдай бірте-бірте шиеленісе түсті.

Мемлекет халықты естуден де, түсінуден де қалып, оның мұқтажына көңіл аудармаған соң азаматтардың да жауапкершілігі төмендеп, олар өсек-аяң мен заңсыз әрекетке бой ұра бастады. Шамасына қарамастан оңды-солды кредит алуға кірісіп, өздігінен күн көруге талпыныс жасаудан қалып, масылдыққа бой ұрды. Мұндай жағдайдан ұпай іздейтіндер отқа май құйып, саяси ахуалдың қызуын үнемі көтерумен болды. Бұлар халықтың әлеуметтік белсенділігін жасампаздыққа емес, билікке қарсы қоюға, мемлекеттің беделіне нұқсан келтіруге бағыттауға тырысты. Ал мемлекеттік органдар болса, өз жұмысының тиімділігін төмендетіп, алдарында тұрған жоспарлары мен бағдарламаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуге, нақты нәтижелерге қол жеткізуге дәрменсіздік танытты. Әлеуметтік-экономикалық салада жалпы өнімнің ақшаға шаққандағы көлемі мен оның сандық көрсеткіштеріне басымдық беріліп, «сапа» деген ұғымның құны төмендеді.

Ассамблеяның қоғамдық, нағыз халықтық сипаты мен әлеуетіне басымдық беру керек. Сонда ғана Ассамблеяның «халықтық дипломатия» ретіндегі мүмкіндігі артып, жергілікті жердегі жұмысына жан бітіп, кіші ассамблеялардың қызметі белсенді жүргізіледі

Осы тұста Қазақстан халқы Ассам­блея­сы өзінің басты міндеттерін қанша­лықты жүзеге асыра алды, жоғарыдағы келеңсіздікті болдырмауға қатысты не істеді деген орынды сұраққа өмірдің өзі объективті жауап беруді талап етіп отыр. Тереңірек үңілер болсақ, уақыт өте Ас­самблея өзінің жұмысында көзге бірден түсе қоймайтын, алайда, оның қуатын әлсірететін көріністің пайда бола бастағандығын көру қиын емес. Нә­тижесінде, оның қызметінде, мемлекеттік органдардағы сияқты немқұрайдылық сияқты кемшілік белең алып, адами және ашық әңгімеге жете мән берілмеді. Кейінгі жылдары ұлтаралық қатынастар мәсе­лесі үйреншікті, күнделікті жұмыс­ты­ талап етпейтін қатардағы бір шаруа­ға­ айналып кетті. Ассамблеяның жұмы­сын­да формализмге жол беріліп, этностар­ ара­сында алшақтық пайда болып, салдарынан адамдар арасындағы қарым-қатынасқа мән берілмеді. Көпэтносты қоғамның өзіндік ерекшеліктерін түсі­ну­ге қызығушылық та бәсеңдей түсті. Көп шығынды талап ететін ауқымды іс-шара­ларды өткізу Ассамблея мен оның жұмысын саясаттандырып жіберді. Ал халық­тың күнделікті өмірі мен тұрмыстық қажеттіліктері үнемі әлгіндей мерекелік немесе фольклорлық-этнографиялық іс-шаралардың көлеңкесінде қалып қойып, ол халықтан алыстай бастады.

Осы тұрғыда Қордай оқиғасы этносаралық келісімнің теориялық пікірсайыстан гөрі мемлекеттің күнделікті іске асырылып жатқан саясатының практикалық мәселесі екендігін еске салды. Қордай оқиғасы көп нәрсені қайта қарауды, кейбір көзқарасымызды жаңғыртуды талап етеді. Бір өкініштісі, көптеген жыл бойы қордаланған мәселелер біз ойлағаннан да терең болып шықты. Егер жағдай осы күйінде қала бергенде, ортақтастық болмай, керісінше, мәдениеттер мен халықтар арасында жатсыну күшейер еді. Отаншылдық сезімін тәрбиелеу хақында ашық айтатын да, осы бағытта нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды атқаратын да сәттің туғаны анық. Қазір баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Ассамблеяның қызметі туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Солардың ішінде жиі айтылатындары: ұлтаралық қатынас жүйесі – ол Ассамблеяның іс-шараларындағы құр ұрандар мен ұлттық киім кию, би билеу және біздің ерекше моделіміз туралы салтқа айналып кеткен жаттанды сөздер ғана емес дегенге келіп саяды. Ал шын мәнінде, бұл – біріншіден, күнделікті және тұрақты түрде және тынымсыз еңбекті талап ететін жүйелі саясат. Ал екіншіден, қоғам үшін ол – өмірлік маңызы бар ауадай қажеттілік. Оның еліміздегі этностық мәселелерді, демография мен көші-қон, диаспоралардың қоныстануы, этностық қылмыстың жай-күйі, білім беру мен тәрбие, ақпараттық саясатты қайта форматтауды талап етері анық. Сонымен бірге бұл жұмыстың елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаны, оның ішінде мемлекеттік басқаруды қайта құру аясында кешенді түрде іске асырылғаны дұрыс. Себебі басқаларын айтпағанның өзінде, қазір қоғамда орын алған және әртүрлі мінберден айтыла бастаған әлеуметтік-мәдени тұйықталу мен жастардың әлеуметтендіру үрдісінен тыс қалуы, өңір әкімдерінің этносаралық мәселелерден өз беттерінше қол үзіп кетуі сияқты қателіктерді еңсеру оңай шаруа емес.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай оқиғасын сараптай келе, еліміздің басты құндылығы – ұлтаралық татулыққа сызат болды деуі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл мемлекетімізге, елімізге нұқсан келтіріп, абыройымызға зиянын тигізді. Өйткені этностық фактор, ұлтаралық қатынас – дамудың дағдарыс кезеңінде түрлі жанжалдардың детонаторы. Ал оның деструктивті əлеуеті ақпараттық жəне гибридті соғыс дəуірінде популистік мəлімдемелерде жəне ашық арандатулар айтарлықтай күшейе түсуде. Демек, енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибе мен сын-қатерлерден сабақ алуымыз керек. Сондықтан да болар Президент бұл оқиғаның орын алуына «биліктің жіберген кемшілігі де себеп болды, бизнес пен билік өкілдерінің ұлт саясаты төңірегінде қылмыстық пиғылда ымыраға келуі жақсы нышан емес» деген қорытынды жасады. Ол жастардың тәрбиесіне баса мән беріп, олардың әрбір халықтың мәдениетіне, қазақ тілі мен елдің мемлекеттік рәміздеріне құр­метпен қарауы мәселесіне көңіл аудар­ды. Олардың болашағын, білім алып, жұмыс істеуін тек Қордай ауданының шеңберімен шектелмей, елдің барлық өңірлерімен байланыстыра қарау қажеттілігіне де баса көңіл бөлінді.

Бұл жерде бір аумақта шоғырланған этностық топтарды барлық этнос өкілдерінің ел өміріне белсене араласуына жағдай жасаудың маңызы зор болмақ. Ол үшін Ассамблея жергілікті әкімдіктермен бірлесіп әртүрлі этностық топтардың арасында тиімді және нәтижелі үнқатысу орнатып, мемлекеттік саясатты түсіндіруге атсалысқан жөн. Жалпы, республикада экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалардың табысты жүргізілуі де түптеп келгенде осыған тікелей байланысты. Сонда ғана мемлекеттегі барлық этнос өкілдері арасындағы мәдени және экономикалық қарым-қатынас үдерісі, олардың еліміздің дамуына қосқан үлесі отаншылдық сана-сезімді дамытып, ортақ құндылықтар қалыптасады.

Мемлекет басшысы жаңадан сай­ланған Парламенттің алғашқы сессия­сында сөйлеген сөзінде бір жылдың ішінде саяси реформаларды ілгерілетуде ауқымды жұмыстардың атқарылғанына, елді өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам басқанымызға тоқтала келе, мемлекеттің тұрақтылығын сақтап, азаматтық бірегейлікті мем­ле­кеттің тұтастығы мен тұрақты дамуының кепілі ретінде қарастырды. Ендеше, елімізде қолға алынған саяси модернизациялау үдерісі жергілікті жерлердегі елді мекендердегі этностық және діни қауымдастықтардың мәселелерін мем­лекеттік және жергілікті өзін-өзі бас­қару жүйесін жетілдіру негізінде дер ке­зінде және жедел түрде шешіп отыруға мүм­кіндік бермек. Сонымен бірге ұлттық мәселелермен айналысатын мемле­кеттік органдар қызметкерлерінің білік­тілігін көтеру, ұлтаралық келісім мен этнос­аралық байланыстың тәжірибесін, мәде­ниетін қалыптастырудың маңыздылығы да артпақ.

Ендеше, елдің тәуелсіздігі мен мем­лекеттілігін нығайтудағы ұлт саяса­ты­ның маңызының зор екендігі күмән кел­тірмейді. Өйткені Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, еліміздегі саяси өзгерістер мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып бірте-бірте және бұлжытпай іске асырылмақ. Қоғамдық тұрақтылық – ұлт мәселесін демократиялық негізде шешудің бірден-бір тиімді жолы. Этносаралық және дінаралық келісім саясатының кешенді сипат алатындығын, оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени-рухани, сол сияқты мемлекеттік саясаттың басқа да салаларымен тығыз байланыста қаралатынынан да байқауға болады.

Ұлттың шоғырлануын нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі басты рөл атқарып, ол барлық азаматтарды ортақ мемлекеттілік идеясының айналасына біріктіру бағытында жұмыс істеуі қажет. Осы тұрғыда Президент «қазіргі этносаясат тек мемлекеттік органдардың ғана жауапкершілік саласы емес» деген тезисі көңілге сенім ұялатады. Бұл сөздердің Ассамблея қызметінің барлық бағытына, этномəдени бірлестіктерді дамытуды қолдауға, этносаралық келісімді қалыптастыруға жəне мемлекеттік тілді насихаттауға ғана емес, сондай-ақ қайырымдылық, медиация, азаматтық белсенділіктің басқа саласындағы жобаларға да тікелей қатысы бар. Осылайша, этносаралық келісім экономикаға, адамдардың əлеуметтік жағдайына тікелей əсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қ.Тоқаев алда тұрған міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеуге тиіс деген негізгі қорытындыға келіп, Ассамблеяның қызметін айқындайтын бірқатар басымдықты белгілеп берді. Ендігі міндет, мемлекетіміздің ғана емес, қоғамның жəне əрбір азаматтың міндеті – біздің бай мəдени мұрамыз бен жалпыұлттық бірлігімізді сақтау үшін қолдан келгеннің бəрін жасау. Бұл барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының бірлікті, татулық пен келісімді нығайту жөніндегі, тұрақтылыққа, болашаққа деген сенімділікке жəне еліміздің азаматтарының əл-ауқаты үшін жағдай жасауға бағытталған орасан зор мазмұнды жұмысының бастауы болмақ.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор