Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға ресми сапармен тұңғыш рет келген Эквадор Сыртқы істер министрі Рикардо Патиньомен кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Е.Ыдырысов Эквадор Сыртқы істер министрінің сапары екіжақты қатынастардың тарихында алғаш рет жүзеге асып отырғанын атап көрсетіп, Астана Китоны Латын Америкасындағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастыратынын айтты.
Тараптар екіжақты, өңірлік, көпжақты ынтымақтастықтың біршама мәселелерін, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдары тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдау мәселесін талқылады. Қазақстан мен Эквадорды дамудың ортақ басымдықтары мен халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарының жақындығы біріктіреді.
Қазақстандық сыртқы саясат мекемесінің басшысы атап өткендей, ҚР СІМ азаматтарымыз үшін визалық тәртіпті либеризациялау ісімен дағдылы түрде айналысады. Осыған орай, сұхбаттастар екі ел азаматтарының өзара визасыз сапарлары туралы келісімнің арада күшіне енуінің маңыздылығын атап өтті (2013 жылдың қыркүйек айында қол қойылған келісімнің күшіне енуі үшін мемлекет ішінде келісу үдерісінен өтуі тиіс; Қазақстан тарапының үдерісі аяқталған, Эквадор тарапы жақында аяқтайтын болады).
Эквадор Қазақстанның Латын Америкасындағы төртінші ірі сауда серіктесі болып табылады (Бразилия – 377,1 млн. АҚШ долл., Мексика – 121,4 млн. АҚШ долл., Аргентина – 40,1 млн. АҚШ долл. және Эквадор – 38,9 млн. АҚШ долл.; 2013 жылдың деректері бойынша). 2013 жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 30%-ға өсті. «Бұл жаман көрсеткіш емес, сонда да бұл ынтымақтастықты кеңейтуге елеулі әлеуетіміз бар екені анық», деді ҚР СІМ басшысы.
Келіссөздердің маңызды қорытындысы екі елдің жан-жақты ынтымақтастығына қосымша үлес қосатын Сім-аралық саяси консультациялар туралы меморандумға қол қою болып табылады.
Өзінің ресми сапары шеңберінде Эквадор Сыртқы істер министрі Р.Патиньо ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев, Премьер-Министр К.Мәсімов, Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н. Қаппаровпен және бірқатар министрліктер мен мекемелердің басшыларымен кездесті.
Қазақстан мен Эквадор арасындағы дипломатиялық қатынастар 2012 жылдың 23 қаңтарында орнаған.