Құқық • 14 Сәуір, 2023

Азаптауға қарсы бірлескен күш-жігер қажет

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында биылғы қаңтардан бастап прокуратура органдары­на азаптау мен тергеу­дің рұқсат етілмеген әдістерін болдырмауды бақылап, тергеп-тексеру жүргізуді және оларды жоюды тапсырды.

Азаптауға қарсы бірлескен күш-жігер қажет

Осы мақсатта прокуратура органдары азап­таудың алдын алуға қажет­ті нормативтік және ұйым­дастырушы­лық жағдай жасау жұмыс­тарын бастады. Соның бір мысалы – кеше Бас прокурор Берік Асылов пен Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл Артур Ластаев Өз­ара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан былай прокурорлар мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаптаулар­ға қарсы бірлесіп күрес жүргізбек.

Құжаттың мақсаты – тиімді шаралар қабылдап, ортақ ресурстарды пайдалану арқылы азаптаулар мен басқа да рұқсат етілмеген тергеу әдістері­не бірлесе қарсы тұру. Атап айтқанда, азаматтар­дың конституциялық құқықтарын бұзатын алғышарттарды анықтау және жою үшін қылмыс­тық қудалау органдары мен пенитенциарлық мекемелердің ғимараттары­на бірлесіп бару, адам құқықтарын қорғау және қалпына келтіру тетіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтарды жеке қабылдау, ақпарат алмасу және басқа да бірқатар шара жоспарланып отыр.

Айта кетсек, Президент тапсырмасынан кейін Ыс­танбұл хаттамасының қағи­­­дат­тарына сәйкес ке­ле­тін азап­тауларды тергеп-тек­серу­дің әдістемесі әзір­лен­ді. Құқық қорғау ор­ган­дары­ның басшылары­­­мен бір­лесіп, қылмыстық үдеріс­­те және жазаны орындау кезін­де азаматтардың конс­титу­циялық құқықтары мен бос­тан­дықтарының аяқ­қа тапталмауы үшін азап­таулар туралы істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру нұсқаулығы, сондай-ақ міндетті бейнебақылау ере­желері бекітілді. Құқық қор­ғау және түзеу мекеме­лері­нің «көрінбейтін аймақ­тары» бақылау камералары­мен жабдықталып, соттал­ған­дардың өтініш-шағым­дарын онлайн қабылдай­тын терминалдар орнатылады.

Сонымен қатар Азап­тауларға қарсы іс-қимыл бойынша бірінші кезектегі шаралар жоспары бекітілді. Онда арыздарды тәулік бойы қабылдау, жеткізу заң­ды­лығына кенеттен тексерістер жүргізу және басқа алдын алу шаралары көзделген. Бүгінде прокуратура органдары азап­таулардың алдын алу мәсе­лелері бойынша құқық қорғау институттарымен ты­ғыз өзара іс-қимыл жасап жатыр.

Меморандум шеңберін­де тараптар бірлескен іс-шаралар өткізуге, соның ішінде өңірлік деңгейде де қажетті жұмыстарды қолға алуға ниетті. Бас прокурор Берік Асылов пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев ортақ мін­деттер мен мақсаттарға қол жеткізуде әріптестік қаты­настардың маңызын, бұл құжат азаматтардың конс­ти­туциялық құқықтарын қорғау, оның ішінде азап­таулардың алдын алу мәсе­лелерінде екіжақты ын­ты­мақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті.