Елбасымызға әлем сыйлаған алғыс гүл
2014 жылғы 24 наурыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуропаның Гаага қаласында қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылды. Бұл жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан тарихи зор үлесі үшін Елбасына барлық әлемнің сыйлаған алғыс гүлі ғой деп ойладым. Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды.
Үмітіңді үзе көрме, кең дүние!
Ағарып атар әрбір арайлы таңмен, қызарып батар әрбір шырайлы күнмен жаңарып тұрар сол кең дүниенің тіршілік тағдырын күн сайын қауіп пен қатерге ұрындыра берер Адамзаттың тартып келе жатқан қасіреті аз ба еді?! Міне, қазір де сол!..
Тіпті адамзат баласы өз дамуының ең бір жауапты да қауіпті кезеңін бастан кешіріп отырған сыңайлы. Күні кеше ғана зор үміт артып, қайырын сұрап қарсы алған «миллениуымыз», яғни жиырма бірінші ғасырымыз да адамзаттың тағдыры мен тіршілігін сынаққа салуын, тіпті, қажет десеңіз сол сынақтың ең ауыр тезіне салып бағуын да қояр емес. Күні кеше басталғандай болып отырған сол жиырма бірінші ғасырдың толық емес жиырма үш жылы мына мазасыз дүниенің мысын басар, тіпті ойға келмеген, тіпті ойлап та, болжай да алмаған сан алуан оқиғаларымен оқшауланып бара жатыр. Сол сан алуан оқиғалардың ең қауіптісі де, ең ауыры да қарулы қақтығыстардың үй іргесіне жақындай түсуі де адамзат баласының әлі де болса талай бір қансырап қалған небір соғыстар мен алапат қырғындардан сабақ ала алмай келе жатқандығын аңдатқандай. Елбасы осыны ойлайды!
Дүние жаралғалы түрлі революциялар мен төңкерістер дейсіз бе, тіпті саясаттың да сынағы, соғыстың да сынағы, жаңа қоғам құру, адам баласын бақытты етеміз, тең қыламыз, әділдік орнатамыз деген сыңайлы үміттердің де сынағы көп болмаса, аз болмағандығы тағы да анық жайт. Кешегі жиырмасыншы ғасырдың 1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысының қасіретін көп тартқан бауырлас Украинадағы бүгінгі күні де қайтадан қару күшімен қан сауғалатып жатқанды да көз көріп отыр. Бұл да адамзат үшін жиырмасыншы ғасыр өз тағдырын, өз ақыл ойы мен парасатын қаншалықты сынайтын сынақ алаңына айналғандығына да қарамастан ойланар, сабақ алар болмадық деген тағы бір ойға алып келері бар. Біз сол кешегі Ұлы Отан соғысының қасіретін ұмытқан сайын, өзімізге жаңа бір соғысты жақындата түсіп отырғандығымызды да ұғынсақ етті.
Енді келіп үміт артар кімің және нең бар, кәне?! Осы бір көңіл-күй ауанындағы сауалды тағы бір қайталай отырып, бүгінгі күні әлемді біртіндеп жайлап бара жатқан қарулы қақтығыстар мен түрлі дағдарыстардан алып шығуға шынайы адал көңілімен алаңдап, адамзаттың жалпы мүддесі үшін құр ғана алаңдап қоймай, сол Адамзаттың да, мемлекеттердің де бір-бірімен сенімді түрде өз дамуының ілгері жылжуына нақтылы үлес қосып келе жатқан қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барын дәл қазіргі жағдайда бүкіл әлем сол нәзік бір үзілмейтін үмітіндей көріп, мойындап отыр дей аламыз.
Осы тұрғыдан келгенде Адам баласына жасалар да, тартылар да сыйдың небір жөн-жоралғылары мен жолдары бола тұра ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық ІІІ-ші саммитке қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2014 жылдың наурыз айының 24-ші жұлдызында сонау Еуропаның төрінде Гаага қаласында дүбірлі дүниенің бүгінгідей дүрлігіп тұрған осы бір шағында қырмызы қызғалдақтың жаңа түрінің ұсынылуының үлкен бір мәні де бар болатын. Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер болды. Қырғи-қабақ соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді! Ертеңіне елеңдеп, болар күніне алаңдап отырған дүниенің үмітін оятты! Бір бірімен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар сенімін оятты!
Нұрсұлтан Назарбаевтың сол дүниеге жаңа дем бергендігі, дүниенің үміті мен сенімін оятқандығы кешегі Кеңес Одағын уысында ұстап тұрған Сталиннің 1947 жылдың тамызында қол қойған қаулысымен қазақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағының тұсында өзінің Жарлығымен жапқан кезінен бастау алар еді. Осы орайда айта кетететін бір жайт сол, 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізгендігі адамзат тарихында қырғи-қабақ соғыстың басталуымен есте қалған болатын.
Қырық жыл бойы қырғын салған ядролық сынақтың ауыр зардабын, сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ баласы тартқан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз халқын ауыр қасіреттен біржолата арылту үшін 1991 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан мен АҚШ кең ауқымды дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, Қазақстандағы ядролық арсеналдың тағдырына қатысты мәселе екі ел басшылары үшін алдыңғы қатарлы маңызға ие болды. 1991 жылдың 30 желтоқсанынан бастап Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты «Х-55» қанатты зымырандармен жарақтандырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бомбалаушы эскадроны бар, сондай-ақ, 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») континентаралық баллистикалық зымырандары үшін әрқайсысының тротилдік баламасының қуаты 1040 ядролық оқтұмсықты құрайтын ядролық арсеналға ие болып қалған әлемдегі төртінші мемлекеттің бірі болатын-ды.
Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің тарихи жолымыздың еңбір есте қалар тұсы тағы да мына бір жай болса керек-ті. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық шабуылдаушы қаруларға шектеу қою және қысқарту жөніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау міндеттемесін бекітті және ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тартты.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік тарихтағы адамзат баласының ядролық қарусыз дамуының жаңа кезеңін бастап берген саяси дара тұлға! Қазақстан Парламенті әлемдік тарихқа «СНВ-1» деп енген келісімді 1992 жылдың 2 шілдесінде бір ратификациялап алды да, 1993 жылдың 14 қаңтарында еліміз химиялық қаруды қолдану, жинау, өндіру, жасап шығаруға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға да қол қойған болатын. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты Қазақстан Парламенті 1993 жылдың 13 желтоқсанында ратификацияласа, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың вице-президенті Альберт Гор Қазақстанда ядролық қауіптерді бірлесе қысқарту бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашатын рамалық келісімге қол қойған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақпанында ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанның да қосылатындығы жайындағы ратификациялық құжаттарды Вашингтонда АҚШ-тың сол кездегі Президенті У.Клинтонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз еліміз ядролық қарудан бас тарту туралы және ядролық қаруды таратпау саласында әлемдегі көшбасшы мемлекет болып келе жатыр. Сол тұста, яғни 1994 жылдары Қазақстандағы ядролық оқтұмсықтар саны 1400-ге жетіп қалған. Осы арада біздің қазақ еліндегі тажал қаруының Франция, Ұлыбритания және Қытай сынды әлемнің үш бірдей қуатты мемлекеттерін қоса алғандағыдан да көп болғандығын айта кету керек.
Қазақстан Республикасы 1994 жылдың ақпанынан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мүшесі болып кірді де, қазіргі таңда еліміздің барлық ядролық нысандары МАГАТЭ-нің кең ауқымды кепілдігінде тұр. 1996 жылдың 21 сәуірінде республика аумағынан 1216 дана ядролық қару-жарақты алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жылдың 30 мамырында Семей полигонына орнатылған соңғы ядролық сынақ заряды жойылды. Сөйтіп, ядролық сынақтардан жапа шеккен қазақ жері тажалды қарудан біржолата босатылып, халқымыздың көз жасын құрғату басталды. 1999 жылдың 5 тамызында Қазақстан Женевада Қарусыздану жөніндегі конференцияның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл әлем бойынша Қазақстанның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесін, ізгі қадамын, сауапты ісін мойындау еді.
Әрине, адамзат мүддесі үшін осы бір аса қажетті тарихи шараның бастамашысы және оны батылдықпен жүзеге асырушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын! Міне, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем мемлекеттері басшыларын ядролық қауіпсіздікті нығайтуға шақырып келе жатқан және де соған толық моральдық та, адамдық та хұқы бар, бүгінгі дүние дамуы алдындағы жан мен ар тазалығы да соған сай Президент болғандықтан да Еуропаның Гаага қаласында қырмызы қызғал-дақтың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылуы да және де бұл гүл жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан тарихи зор үлесі үшін Елбасына барлық әлемнің сыйлаған алғыс гүлі деп қабылдануы да орынды болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған немесе Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігіне ие болған тұста, біздің еліміз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырған еді. Елбасының осы жойқын қарудан өз еркімен бас тартуы туралы шешім қабылдап, тұмсығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткізуі ең әуелі қазақ елінің баянды болашағын ойлағандығы еді.
Кеңес Одағы сияқты бейбітшілік үшін күрескер болған державаның сол бейбіт өмір орнықтыру кезеңінде қазақ елінің ядролық қарудың небір тажал түрлерін сынаудан дүниедегі ең көп қасірет шеккен бірде-бір ел болғандығы және де қырық жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп келген сынақтардан Семей полигонында әуе кеңістігі мен жер астында 500-ге жуық ядролық жарылыстар жасалып, қазіргі есеп бойынша сол сынақ кезеңдеріндегі радиоактивті шөгінділердің әсерінен бір жарым миллионнан астам адам зардап шеккендігін, қасиетті қазақ жерінің орасан зор аумағының уланып, зақымданғандығын жақсы білетін өз халқының Нұрсұлтан Назарбаев сынды адал перзентінің жан жүрегін сыздатпады деп кім айта алар?!
Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қару-жарақтан дүниежүзі бойынша тұңғыш болып өз еркімен бас тартуы тәуелсіз еліміздің ядролық әлем құрудағы көшбасшылығына негіз қалады. Бұл Қазақстанның және де оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігін бәрінен де биік, бәрінен де қымбат санап, сол тәуелсіз ел болуға адал ниетімен кіріскен құтты қадамы болды деп қабылданар еді. Міне, ендігі әлем ядролық қару-жарақты таратпаудың және қауіпсіздікті сейілтудің жаңа бір кезеңінде тұр. Бұл жайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Гаагада өткен жаһандық қауіпсіздік ІІІ-ші саммиті қарсаңында жарияланып, «Euractiv» және «Washington Times» сынды әлемнің жетекші интерактивті саяси алаңдарында орналастырылған мақаласында: «Біз, ядролық сынақтардан көп зардап шеккен ел ретінде, дүниежүзі ядролық апат қатерінен барынша қорғалуы үшін өзіміздің айтарлықтай үлесімізді қостық. Қырғи-қабақ соғыс текетірес кезеңі келмеске кеткенімен, бүгінде алаңдаушылықтың өзге де себептері пайда болып отыр. Ядролық қарудың экстремистердің қолына түсу ықтималдығы да жоқ емес. Бүкіл әлем үшін террорлық топтардан шығатын қатер арта түсті. Олардың саны ғана емес, қатыгездіктері мен адам өміріне жүрдім-бардым қарау деңгейі де өсіп отыр, – деп тыншымай отырған мына дүниенің алаң жайын тағы да әлем назарына жеткізе білді.
Ендігі әлемде ядролық лаңкестік басталып кетпес пе екен? Елбасы осыны ойлайды! Елбасы осыны ойлайды да, халықаралық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігін тереңінен сезіне түседі және де сол жауапкершілікті әлемнің үлкенді-кішілі өзге де мемлекеттерінің басшылары мен саясатшылары да сезіне алса екен деп мазасызданатыны бар. Адамзаттың бейбітқатар өмір сүруіне аса үлкен қатер болып табылатын ядролық лаңкестік дегеніңізге жол беріп алар болсақ, ендігі дүниенің астан-кестеңін шығарар күн туды дей беріңіз.
Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзінен алпыс шақты мемлекет басшылары қатысқан Гаагадағы жаһандық қауіпсіздік ІІІ-ші саммитінде ең әуелі айналымда жүрген ядролық материалдардың санын одан әрі қысқартуға және олардың шашау шығармау, яғни таралып кетуіне жол бермеу шараларын күшейтуге, заманымыздың тағы бір сын-қатері «ядролық клуб» елдері аясы әзірге кеңейіп емес, бұған керісінше тежеліп отырғандығына да әлем назарын аудара білді. Әлемде атом дәуірі басталған кезеңдерден бері ядролық технологиялардың дамуына кедергі жасамай, ядролық қару-жарақтың таралуын қалай болдырмау керек деген мәселенің жауабын адамзат әлі де таба алмай отырғандығы және де бар.
– Қазақстан аталған салада тамаша тәжірибеге ие, – дейді Елбасы! – Семей полигонынан «мұраға қалған» элементтердің бірі плутоний мен жоғары байытылған уран болса, оларды атом бомбасын жасау үшін пайдалану қатері де жоқ емес еді. Қазақстанның, Ресей мен АҚШ-тың сарапшылары аталған материалдарды тауып, залалсыздандыру бойынша бұрын-соңды болмаған бағдарламаны жүзеге асырды. Ол он жылға созылды. Біз осындай сезімтал салада жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздік секілді жоғары мақсаттарға қол жеткізу үшін, тіпті, ұлттық мүддемізді де құрбандыққа шалдық!
Гаагадағы саммитте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздікті күшейту үшін бірқатар нақты шаралар қабылдау ойын алға тартты. Әрине, Назарбаевтың сол ядролық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы осы шешімдерін жүзеге асыру үшін мемлекеттер мен басшылардың саяси ерік-жігері де керек. Адамзат мүддесі жолындағы сол саяси да, адами ерік пен жігерді тағы да алғаш болып Назарбаев танытты!
«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзінің бір де бір қадамымен, іс әрекетімен немесе тіпті бір де бір сөзімен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеген мемлекеттің өнегесі болып табылады!».
Мұны Елбасы айтты! Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз елімді «Мәңгілік ел» етсем екен, туған халқымды ешкімге тәуелді етпесем екен, сол туған халқым ешкімнің алдында жанарын төмен салып, сағы сынбай тұрса екен деген өзінің қашанғы адал ой ниетімен, кемел де кемеңгер саясатымен, болашақты болжай білер даналығымен, ең бастысы, барша Адамзаттың ұлы мұраттары үшін жасап келеді!
Адамзат сол үшін де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа әлем гүлін сыйлады!
Үмітіңді үзе көрме, кең дүние!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
АСТАНА.