05 Шілде, 2014

Бас қаланың бас архитекторы

980 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

7бет-асел2

Әлемде астанасын көшірген ел көп емес. Соның бірі – Қазақстан. Астананы ауыстыру туралы әңгіме қозғалғанда бұл бастамаға күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ мойындайтын бір шындық бар – Назарбаев арманы ақиқатқа айналды. фото 004Сарыарқаның төрінде бүгінде жарқырап, жайнап, жас қала Астана өсіп келеді. 15 жылда қай ел сәулеті сән-салтанатымен жарасқан, айбыны асқан Астана салып үлгерді? Ол – Назарбаев. Қазақстан. Астана. Бұл ұғым бүгінде халықтың санасында жатталып қалған. Енді ше, өңменіңнен жел өтетін аймақта 17 жылдың шамасында ғажайып қала бой көтерді. Бұл Елбасының жасаған батыл шешімі болды. Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана – Елбасы­ның бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Ел өзгерді, сана өзгерді, кешегі «Сарыарқада шаһар салуға болмайды» дейтіндер бүгін аспанмен таласқан сәулет өнеріне сұқтана қарайды. Мұның бәрі Елбасының алысты болжаған батыл жобасы. Біз сондықтан Астананы Елбасының ерлігіне балаймыз. Шынында да, бұл – ерлік. Ерлік қана емес, Мемлекет басшысының мемлекетті нығайтуға, Қазақстанды, оның ішінде солтүстік өңірді қазақиландыруға бағытталған саяси стратегиясының бір көрінісі деп білемін. Астананы Президентсіз көзге елестету мүмкін емес. – «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені, біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, себебі, олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда», деген Президент бүгін күн санап қарқынмен өсіп келе жатқан Астананың айшықты ғажайыптарын өз қолымен жасады. Шынында да, Астана – ғажайып ғимараттары бар көздің жауын алатын көрікті қала. Мұнда әлем­ге әйгілі архитекторлар Кисе Курокава мен Нор­ман Фостердің қолтаңбасы қалған. Астана автор­­ларының қатарында жапон мен ағылшын ғана емес, қазақтың бас сәулетшісі де бар. Ол – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір Астана ұлт­тық ерек­шелігімен, батыстық үлгісімен және шығыс­тық нәзік­тігімен көз тартатын ғажайып қалаға ай­налды. Бұған қуану керек. Баратын жерің бар. Отаның­ның жүрегі бар. Ол – Астана. Расында да, Аста­намен мақтанамыз. Астана біздің – бақ қаламыз! Елбасымыздың сөзімен айтсақ, «Астана біздің Отанымыздың жүрегіне халықты біріктірген ұлттық идеяға айналды, ол халықтың өз күші мен ұлы мақсаттарына деген сенімінің символына айналды. Бүгінде, бүкіл Қазақстандағы секілді, Астанада жүзден астам ұлыстардың өкілдері тұрып жатыр. Бұл – күн сайын қоныс тойы, күн сайын мереке, үйлену тойлары болып жататын қала. Ондаған мың жаңа отбасылар мен жаңа тағдырлар қаласы». Тарихты тұлғалар жасайды. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалып­­­тас­тырған ұлы тарихи тұлғалары болады. Олар қаншама уақыт өтсе де елдің есін­де қалады. Ұлы тұлға ұмытылмас тірлік, іс-әрекет­­­терімен адамзаттың ортақ қайраткеріне айналады. Мысалы, орыстарда – Бірінші Петр, түріктерде – Ататүрік, қытайларда – Мао Цзе Дун, француздарда – Шарль де Голль, поляктарда – Лех Валенса, ағылшындарда – Уинстон Черчиль, үнділерде – Ганди, америкалықтарда Вашингтон бар. Ал қазақтың маңдайына біткен тұлға, ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Әлі де Астанада талай алып құрылыстар бой көтеретініне біз кәміл сенеміз. Елбасының беделі – Қазақстанның абыройы. Біз «Болашақтың энергиясы» деген атаумен 2017 жылы Астанада ЭКСПО өткізу құрметіне ие болдық. Енді, міне, әлемнің түкпір-түкпірінен ару Астананы және көрмені тамашалауға бірнеше миллион адам келмек. Демек, Астана ұлт келбетіне айналады. Елбасының өзі айтқандай, «Жаңа астананың қаласы да, адамдардың санасы да жаңа болады». Жақын уақыттарда Астана «ақылды қалаға» айналады. Шетелдегідей, аялдамада тұрып, жолаушылар автобусының қай жерде келе жатқанын, қанша уақыттан кейін өзің тұрған жерге жететінін қолыңдағы арнайы бағдарламадан білуге болады. Астана – тәуелсіздігіміздің тірегі. Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі, тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны, тарихымыздың жалғасы, өміршең ісіміздің арнасы ретінде бұдан былай да жаңа Астанада жақсылықтар жалғасын таба береді. Астана – қазір алып құрылыстар алаңы. Астана түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа айналып үлгерді. Мәселен, Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті ұйымдастырылып, өте жоғары деңгейдегі кездесулер өткізілді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері де тұрақты өтіп келеді. Астана алып құрылыстар ғана емес, сондай-ақ, әлемдік дінбасылары кездесетін орталық екенін екінің бірі біледі. Елі үшін елеңдеген Елбасы Астананың дамуына алаңдайды, әлем таныған орталық болса деп армандайды. Оның атын өзі қоюында да шежіре, тарих, сыр жатыр. «Бір күні түнде, дәлірек айтқанда, түнгі екіде жаңа елорданың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана – ол Астана! Қай тілде де ұғымды, ұран тәрізді», – дейді кейін өз шешімі туралы Елбасы. Астананың қаталдау табиғатына байланысты кезінде Астананы көшіруге қарсы шыққандар енді бүгінде жадыраңқы көңіл-күймен сәулетті шаһарды емін-еркін аралайды. Президент Назарбаев Астана мен оның атауын ғана емес, елордадағы көше атауларын да күрт өзгертті. Карл Маркс – Кенесары, Ленин даңғылы – Абай, Революция – С.Сейфуллин, Октябрь – М.Әуезов, Сакко-Ванцетти – Ә.Бөкейханов болып ауыстырылды. Ең алдымен, 35 көшенің атауы өзгертілді. Мінекей, елге-жерге, тарихи атауларға деген Елбасының құрметі. Қазіргі Астана – тарихи ғажайыптарға толы, сәулеті асқан, мерейі тасқан шырайлы шаһар. Мүмкін еместей, орындалмастай көрінген арман ақиқатқа айналды. Аңыз бен ақиқат қатар жүрген жылдар тізбегі ақырында шындықтың жеңуімен аяқталды. Елбасының «Қазақстан жолы» атты кітабының «Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» деп аталатын бөлімінде мынадай жолдар бар: «Әр жыл сайын Астана өзінің туған күнін тойлайды. Астана Еуропа мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Таяу болашақта Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, осы заманғы қаласы болады…». Расында да, солай. Қазіргі Астана әлем ойшылдары тізе қосып, ғаламдағы ауқымды мәселелерді сөз ететін іргелі орталыққа айналды. Жыл сайын мұнда көктемде Нобель сыйлығының ондаған өкілдері мен әлем мойындаған қайраткерлер келіп, толғақты ойларын ортаға салады. Сөйтіп, қазіргі таңда Астана дауысын әлем ести бастады. Өйткені, бүгінде Астана күн сайын өңденіп, өзгеріп, ай сайын айшықтанып, жыл сайын жігері тасып, құлпырып, қарқын алып, дамып келеді. – «Әр келгенімде, гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегендігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Астананың құрылыс жұмыстарына түрік фирмалары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білемін», – дейді Түрік Республикасының президенті Абдулла Гүл бір сөзінде. Шындығында, бұл пікірде үлкен мән бар. Расында да, Астананың өсуінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен үлесі барын ешкім жоққа шығара алмас. Бас шаһардың көркеюін ол үнемі қатаң назарында ұстап отырады. Ақиқатында қатардағы облыс орталығының бірін Астана етуге бел байлау – нағыз батырлық іс. Бұл Елбасы жүрегін шарлаған ақ қанат құс – алып самұрықтың «Бәйтерекке» келіп қонып, халықтың жиі баратын мекеніне айналуы дер едім мен. Мұндай шұғыл да батыл шешім көрегендігіне көңіл сенетін, тарихи тұлғаның даралығын көрсететін үлкен қасиет деп ойлаймын. Тағы бір тілге тиек етер ақиқатқа айналған аңыз мынау: өзінің Желмаясына мініп, желіп жүрген Асанқайғы бабамыз Ақмола өңіріне келгенде осы аймаққа көз тігіп тұрып: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер», деп айтып кеткен екен. Ал одан бері бес ғасырдан астам уақыт өтті емес пе? Міне, қазақтың алғашқы астанасы Орынбордан басталған көш 1997 жылы Сарыарқаның төріне туын тікті. Сөйтіп, Қазақстан астанасының, Назарбаев Ақордасының іргетасы Астанада қаланды. Бұған дейін Қазақстанның астанасын Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларына ­ауыстыру Мәскеудің ықпалымен жүргізілсе, жаңа Астана Назарбаевтың жүрек қалауымен жүзеге асты. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау!» деген екен. Ал сол Қараөткел – бүгінгі Астананың жері. Демек, Есілдің бойына ел толтырып, қазақтың бағына біткен қала салуды бұрынғы зиялылар да айтып кеткен. Тіпті, 1950-жылдары ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясының ғимаратын Ақмолада салу туралы бастама көтерген. Міне, Ә.Бөкейханов пен Қ.Сәтбаев айтқан сол арманды бүгін Назарбаев нақты жүзеге асырды. «Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым... Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Жезқазған, Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде, Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық», – дейді өткенді еске алған Елбасы бір сөзінде.

Сөйтіп, біз Елбасының ерен еңбегі, қайрат-жігерінің арқасында Астананы тұрғыздық. Астана – Елбасының ерлігі. Демек, біз мойындайтын бір шындық бар: Нұрсұлтан Назарбаев елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі болып қала бермек.

Қазақбай ҚАСЫМОВ, философия ғылымдарының докторы, халықаралық қауіпсіздік саласының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.