05 Шілде, 2014

Астананың алтын алқасы: Назарбаев университет

813 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Без имени-1 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен ашылған жаңа тұрпатты жоғары оқу орны – Назарбаев Университет қазірдің өзінде жоғары білім саласының ұлттық брендіне айналып үлгерді. Өйткені, еліміздегі кез келген оқушы осы университетте білім алғанды қалайды. Балаларының болашағын күні бұрын ойлайтын ата-аналар балаларын нақ осы оқу орнына түсіру мақсатында ең алдымен оларды еліміздің әрбір аймақтарында ашылып жатқан Назарбаев интеллектуалдық мектептеріне оқуға береді. Сөйтіп, бұл университетте оқудың қамы баланың өзі мектеп бітірместен көп бұрын және алдын ала жасалынған жан-жақты әзірліктермен басталып кетеді. Без имени-3 Назарбаев Университет, міне, осындай биік талабы және ерекшелігімен қазіргі мектеп қабырғасындағы жасөспірімдерді өз болашақтарын күні бұрын ойлауға, алдына ертерек мақсат қойып, оған жетуге талпыныс жасауға тәрбиелеу үстінде. Өз болашағына ерте бастан көз тігетін жастар үшін ол адамды адастырмайтын Темірқазық жұлдызы секілді. Алыстан сәуле төгіп, өзіне шақырып тұрады. Без имени-4Назарбаев Университет өзінің ашылу сәтінен бастап, елімізге білім берудің халықаралық биік талаптарға сәйкес келе­тін бұрын-соңды болмаған жаңа жүйе­сін алып келді. Мұнда жастарға жоға­ры білім берудің әлемдік үздік ғылыми білім беру тәжірибесі мен ұлттық білім беру жүйесінің артықшылықтары қатар үйлестірілген. Университеттің басқару органы болып Атқару кеңесі, Қамқоршылық кеңесі және Жоғары қамқоршылық кеңесі табылады. Жоғары Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Университеттің негізі 2009 жылы қаланды. 2009 жылдың 17 қазанында оның басшылық құрамының бірінші мәжілісі болып өтіп, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов төрағалық етті. Осы мәжілісте университеттің 2010-2012 жылдарғы Даму стратегиясы бекітілді. 2010 жылдың күзінде университет «Foundation»дайындау бағдарламасына бірінші студенттерді қабылдады. Осы жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Назарбаев Университеттің» мәртебесі туралы Заң жобасын қабылдады. 2012 жылы Астанада жаңа халықара­лық университеті халықаралық деңгейде таныстыруға арналған екі күндік семинар болып өтті. Оның жұмысына еліміз­дің бі­лім саласының басшылығымен қа­тар Кембридж университетінің вице-канц­лері Энн Лонсдейл, Стэнфорд уни­вер­си­тетінің Қамқоршылық кеңесінің хат­шысы Джеффри Уахтел, Лондон уни­вер­­­ситеттік колледжінің вице-про­восты Майкл Уортон, сондай-ақ, Сингапур уни­вер­ситеті мен бас­қа да әлемге танымал жо­ға­ры оқу орын­дарының профессорлары қатысты. Без имени-1-6Қазіргі күні Назарбаев Университетте бір орталық пен жеті мектеп жұмыс істейді. Олар – Университет алды даярлық орталығы, Инженерлік мектебі, Ғылым мен технологиялар мектебі, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, Биз­нес­тің жоғары мектебі, Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебі, Білім берудің жоғары мектебі және Медицина мектебі. Бұл әрбір мектептің тәжірибе бөлісу мақ­сатында тығыз қарым-қатынас жасай­тын халықаралық әріптесі бар. Ол әріптестер әлемге таны­мал жоғары оқу орындар арасынан таңдап алынған. Назарбаев Университет жастарға тек білім беру ісімен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, мұнда ғылыми-зерттеу бағытына көп мән беріледі. Қазіргі күні онда үш ғылыми орталық жұмыс істейді. Олар – Назарбаев Университеттің зерттеу және инновациялық жүйесі, Өмір туралы ғылыми орталық және Білім берудің жоғары мектебі жанындағы Білім беру саясаты орталығы. Мұндағы Назарбаев Университет зерттеу және инновациялық жүйесі қай­та жаңғыртылатын энергетикадағы тех­нологиялар саласында жобалар әзір­леу­мен, энергия үнемдеу мәселе­лері­мен, қор­шаған ортаны қорғаудың маңызды мәселелерінде жаңа әдіс-тәсілдерді іздес­тіру­мен шұғылданады. Өмір туралы ғылы­ми орталық дербестендірілген ме­ди­цина және геномика, регенеративтік ме­ди­цина және ұзақ өмір сүру, жаһандық ден­саулық қорғау мәселелерімен айна­лысады. Назарбаев Университеттің ректоры – Шигео Катсу. Бұрын Дүниежүзілік банк­те вице-президент қызметін атқарған жапон елінің азаматы Шигео Катсу мыр­за жапон, ағылшын, француз, неміс, итальян тілдерін жақсы біледі. Ал Қа­ди­­ша Даирова студенттік істер және ха­лық­аралық қатынастар жөніндегі вице-президент қызметін атқаруда. Қ.Даирова бұрын дипломатиялық қызметпен шұғыл­данған. Осының алдында «Халық­ара­лық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың президенті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжам институтының (ҚМЭБИ) даму жөніндегі проректоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің дирек­торы қызметтерін атқарған. Университетке әлемнің көптеген жоғары оқу орындарынан үздік оқыту­шылар құрамы тартылған. Дәрістер ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл білім ордасы өзінің материалдық-техникалық базасы, білім берудің халықаралық талап деңгейі, оқытушылар құрамының сапасы, алдына қойған стратегиялық бағыты мен оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері және мүмкіндіктері тұрғысынан алғанда Орталық Азияның білім кеңістігінде баламасыз болып табылады. Университет, сондай-ақ, өзінің сән-сал­танатымен де ерекшеленеді. Бұл білім ордасына алғаш кіріп келген сәтте оның уни­верситет екендігін бірден аңғара ал­майсың. Өйткені, бірінші кезекте сіздің ал­дыңыздан іші жасыл әлемге толы бота­никалық бақ ашылғандай болады. Бірақ ендігі сәтте қолдарына оқулықтар мен ноутбуктар ұстаған қыз-жігіттер пай­да болған кезде барып қана сіз бұл ғи­ма­раттың жаңа тұрпатты «білім мен ғы­лым­ның храмы» екендігін аңғара бастайсыз. Университет құрылысын жобалаған мамандар Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев идеясын өмір шындығына айналу мақсатында аянбастан тер төккен­дігі бірден көрініс береді. Аркалар, күмбездер, колонадалар... Осының бар­­лы­ғы университетке ерекше бір асқақ­тықпен қатар сән-салтанат беріп тұр. Әрлеу жұмыстарына жоғары сапалы материалдардың пайдаланылғандығы байқалады. Сонымен қатар, мұнда хал­қы­мыздың ұлттық ерекшеліктері де ескерілген екен. Кейбір жерлері ою-өрнектермен безендірілген. Ал, дизайн батыстық стилдің қазіргі замандық барлық талаптарына жауап бере алады. Осының барлығы қосыла келіп, университетте білім алу үстіндегі қазақтың әрбір қыз бен жігітіне жанға жайлы жағымдылық сыйлайтындығын аңғаруға болады. Иә, сөйтіп бұл университетті бітіріп шыққан әрбір жас халықаралық талаптарға сай келетін жоғары білім алуымен бірге өз ұлтының тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін мақтаныш ететін патриот болып шығатындығы да анық. Мұндағы әрбір тамаша көрініс жас ұландарымыздың көкірегінде ұялап қалатындығы сөзсіз. Жоғары оқу орнының аумағы гүлзар­лармен, жасыл ағаштармен көмкерілген. Оларды отырғызған кезде декоративтік көріністермен қатар, Астана ауа райының ерекшеліктері де ескеріліпті. Жалпы аумағы 100 мың шаршы метр алаңға университеттің 9 корпусы ор­на­­ласқан. Олардың барлығын үлкен атриум жалғастырады. Бұл атриум жоға­ры оқу орнының ең бір көрікті де көгал­дандырылған тұсы. Жоғарыда айт­қанымыздай, алғашқы кірген адамның есінде мұндағы тропикалық бақшаның сақталып қалатындығы анық. Онда 300 жылдық зәйтүн ағаштары да өсіп тұр. Мұндағы атмосфера табиғатқа өте жақын. Назарбаев Университет кітапханасын ерекше атап өтуге тура келеді. Оның оқу залдары 250 адамға арналған. Оларда 100-ден астам компьютер орналастырылған. Бұл еліміздегі ақпараттық ресурстардың ағылшын тілдік коллекциясына ең бай кітапхана. Оның қоры кітаптардан, мерзімдік басылымдардан және электрон­дық ресурстардан тұрады. Бір есептен алғанда оны супертехнологиялық кітап­хана деп те айтуға болады. Мұнда 60-қа жуық толық тексті ғылыми базаға, ғылыми танымдық журналдардың миллионнан астам мақалаларына еркін кіруге болады. Мұның сыртында 100 мыңға тарта элек­трондық кітаптар бар. Осынау білім сақ­тау мекемесінен бүкіл Қазақстан мен ТМД елдерінде жоқ кітаптарды да табу­ға болады. Кітапхананың тағы бір ерек­шелігі мұнда келушілер кітапхана қыз­меткерінің көмегінсіз-ақ кітаптарды алып, қайта өткізе алады. Бұл қызмет кітап­тар берудің электрондық стансасы а­р­қылы жүзеге асырылады. Келушілерге көп­рельсті кітап жеткізу жүйесі қызмет көрсетеді. Интеллектуалдық инновациялық кластерді қалыптастыру мақсатында университет кампусы маңайынан 50 гектар жер бөлініп отыр. Болашақта бұл жерде ұлттық және халықаралық жоғары технологиялық компаниялардың әртүрлі орталықтары салынып, жұмыс істейтін болады. Ғылыми паркті дамыту жұмысына кәсіпкерлер де тартылмақ. Университет алды даярлық бағдар­лама­­сы және бакалавриат бағдарламасы бойын­ша оқитын студенттерге мемле­кет­тік және демеушілік гранттар таға­йын­­далған. Оның үстіне студенттер мұнда тегін тұрып тамақтанады. Бола­шақ­­та студенттер қабылдауды коммер­ция­лық негізге көшіру мәселелері де қарастырылуда. Университет қасындағы ашық паркинг 500-700 автокөлік қабылдай алады. Болашақта жерасты және жер беті автотұрақтарын салу жоспарланған. Ғимараттың барлық санитарлық тораптарында, электр беру жүйелерінде қуат үнемдеу технологиялары жұмыс істейді. Қазіргі күні мұнда 2 мыңға тарта сту­дент білім алуда. Оларға барлық жағ­дай жасалынған. Болашақта олардың қата­ры арта беретіндігі анық. Жатақхана, кітап­хана, ресурстар орталығы, лекция зал­дары, зертханалар, студенттік кафете­ри­­лер, медициналық орталық, сауда дү­кен­дері, студенттерді қолдау қызметі, спорт алаң­дары, міне, осылардың қызметі­нің бар­лығы студенттерге арналған. Сондай-ақ, мұнда жаңа спорт орталығы да салынды. 2013 жылдың 18 сәуірі күні Жоғары қам­қоршылық кеңесінің шешімімен уни­вер­ситеттің 2013-2020 жылдарға арнал­ған стратегиясы мен Университеттің жаңа жарғысы бекітілді. Жарғы мен басқа да құ­рылу құжаттарының қабылдануымен Уни­верситет өзінің жаңа даму кезеңіне – клас­сикалық академиялық басқару жүйесіне өтті. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген  Ерлан ОМАРОВ.