Қоғам • 16 Сәуір, 2023

Көлгінов Қызылорда облысының тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді

495 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында апатты жағдайдағы ауыл мектептері мен денсаулық сақтау нысандарында болып, жастармен, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көлгінов Қызылорда облысының тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді

А. Көлгінов жастармен белсенді жұмыс жүргізу, жастарға бағытталған қолдаудың барлық тетіктері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды.

«Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мәселелерін шешудің пәрменді тетіктері енгізілді: жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу және т. б. Көбінесе жастар өздеріне берілген мұндай мүмкіндіктер туралы білмейді. Ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін қолдану қажет. Өйткені жастарды қолдауға қаражат қарастырылып, толық көлемде бөлінетін болады», деп атап өтті ол.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған. Оны Қызылорда облысында жүзеге асыруға 2023 жылы 3 млрд теңге қарастырылған. 

Премьер-министрдің орынбасары Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның шарттарына тоқталды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ауылда жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалуда: мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым салынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы», деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

.